ҚЫЗЫҚ ҚУҒАН ЖЕТКІНШЕКТЕР

ҚЫЗЫҚ ҚУҒАН ЖЕТКІНШЕКТЕР

ҚЫЗЫҚ ҚУҒАН ЖЕТКІНШЕКТЕР
ашық дереккөзі
774
Қазақ үшін баланың орны бөлек. Шарана дүниеге келмей жатып, оның болашағын қамдайтындар жетерлік. Тіпті, кіммен құда болып, төс қағысып, құйрық-бауыр жейтіндерін белгілеп қоятындар да бар. Ата-ана ұрпағының киімін көк, тамағын тоқ, уайым-қайғысын жоқ еткісі келеді. Бірақ, «балам-балам» деуменен, ел ертеңі болар  бозымдарды шектен тыс еркелетіп жібермедік пе? Баланың болашағы болымсыз болса, оған кім кінәлі? Еркелеудің түп төркіні ‒ есіру. Қазір мектеп, кітап, оқу десе тыжырынып, ойын десе дайын тұратын жасөспірімдердің қатары тіптен көбейген сияқты. Ойын дегені тым құрығанда доп қуып, асық ату емес. Жүгіріп, жаттығып, қан айналып, дұрыс жетілуіне сеп болушы еді. Дәл осы үшін ширек ғасыр бұрын туған балалар сабақтан қашып, талай сөз еститін. Енді ол күндердің ауылы келмеске кеткендей. Есесіне жаңа ғасырдың көп жеткіншектері интернет клубтардың есігін торып жүр. Осы орайда түнделетіп дегенді айта кеткіміз келеді. Қарашаның басында барлық мектептерде алғашқы тоқсан аяқталып, мектеп оқушылары бір апталық демалысқа шықты. Демалыс кезінде Астана қаласының полиция қызметкерлері арнайы рейд жүргізді. Кешкі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген кәмелет жасқа толмаған балаларды тіркеу дерегі көп кездесіп, 70-тен астам ата-анаға әкімшілік құқық бұзғаны үшін шара қолданылды. Сағат тілі түнгі 22:00-ден асқаннан кейін бауыр еті баласын іздемейтін қандай ата-ана олар?! Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түскен жылы «кино көреміз» деген желеумен жатақхананың 4-5 баласы көшеге шықтық. Бәріміз түрлі облыстан келгенбіз. Көшеде құзырлы орган өкілдері тоқтатып, куәлік сұрайды деген қаперімізде жоқ. Тимирязев көшесін кезіп келеміз. Тоқтатты. Тексерді. Арамыздағы бір жігіттің жасы 18-ге толуына бірнеше күн қалса да, ағалағанымызға қарамай полиция бөлімшесіне алып кетті. Кейіннен ата-анасын ауылдан шақыртып, бір-ақ босатты. Сөйтсек, мұның бәрі заң шеңберінің аясындағы істер екен. Біз ғой жатақханадан шығып, қыдырғымыз келіп, бір қателік жасадық. Ал үйде отырған баласына қарайламайтын ата-аналар ше? Түнделетіп көше кезіп, түрлі қылмыстық әрекеттің себепкері, кейбірі құрбаны болып жатқан жеткіншектер жайлы ешқашан естімедік дер ме екен?! ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 422-бабы, 1-тармағында «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде  болуы –  заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген. Ал кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болса,  заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Бір сөзбен және қазақы тілмен айтқанда, балиғатқа толмаған бәлекей қыз, төлқұжат ала қоймаған ерке тотайлар көше кезіп жүрмеуі тиіс. Аталған екі әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –  заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Аталған мәселелер заң жүзінде бекітілсе де, оны белден басатындар тыйылмай тұр. Астанада болған рейд кезінде кәмелетке толмаған балаларды заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз мекемеге кіргізген 10-нан астам ойын-сауық орталығының басшылары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Коммерциялық мекемелер тиын-тебен төлеп құтылғанымен, алдағы уақытта бұл әрекетті қайталамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан әр ата-ана өз баласын қадағалау керек. Тіпті, бала қабілетін бос уақыт өлтіру үшін емес, болашағы үшін тиімді пайдаланса қандай ғажап?! Бірақ, өз туыстарым мен көрші-қолаңның балаларын әңгімеге тартып көрген мен, олардан соны өз (ел) пайдасына жаратайын деген жауап естімедім. Тек қана «мен озып кетсем екен, ешкімді жеткізбесем» деген сыңайлы  бос мақтан жарысының ізі байқалады. Үйде отырған ата-ана «балам қауіпсіз жерде» деп көп уайым шекпейді. Психологтардың айтуынша, кешкі уақытта ұйқысы бұзылған баланың келер күні ешнәрсеге зауқы болмайды. Сонымен қатар, ашушаң және эмоцияға берілгіш болатыны да ұйқысыздықтан. Ғалымдар сағат 20:00 мен 02:00 арасында ағзаға жастық пен түс гормоны саналатын ‒ мелотон бөлінетінін айтады. Сағат 23:00-ге дейін бөлініп, оның күші 02:00-ге дейін сақталады. Сондықтан ұйқыға 22:00-де жатқан жөн дейді.

«КИБЕР-БАЛАНЫҢ»  ОЙЛАЙТЫНЫ ОЙЫН ҒАНА

«Қарағайға қарап тал өсер, қатарына қарап бала өсер» деген тәмсілді қазақ тегін айтпаса керек. Балалардың компьютер ойындарына құмар болуы 1997 жылдан басталды. Ол кезде АҚШ, Оңтүстік Корея сынды алпауыт елдерде заманауи құрылғылар қолжетімді бола бастаған шақ еді. 20 жылдан астам уақыт өтті, электронды ойындар қазақстандықтардың да әрбірінің үйіне жетті. «NewZoo» сараптамалық агенттігі жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, қазір әлемде 2,3 миллиард кибер ойыншы бар. Олардың 1 миллиардқа жуығы кәмелет жасына толмаған балалар. 2017 жылы компьютер ойындарын құрастырушылар 137,9 миллиард АҚШ доллары көлемінде таза пайда тапқан. Осыдан-ақ кімнің ұтып, кімнің ұтылып жатқанын аңғаруға болатындай. 2013 жылы «League of Legends» киберспорт заңына сәйкес, ол спорт ретінде бекітілді. Ал оның қатысушылары кәдуілгі спортшы деп танылды. Осылайша, жер бетіндегі халықтың 30 пайызға жуығы жаппай шұғылданатын спорт түрі ретінде ‒ киберспорт алға шықты. Осы спорт түрінен көш бастайтын Оңтүстік Корея ойыншылары. Ел халқының 40 пайызы киберспорттың тұрақты жанкүйері. Оның тең жартысы 13 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектер. Осындай тәжірибелерді ескерген болуы керек, осы жылдың маусым айында Қазақ­­­­станда да Киберспорт федерациясы өз жұмысын бастады. Мәдениет және спорт министрлігі бұйрыққа қол қойған 2018 жылдың 25 маусым күні: «Біздің федерация ілгері дамудың бірнеше тетіктерін табады. Және бұл цифрландырудың үлкен танымалдылығын, Қазақстан киберспорт командалары арқылы әлемде ел брендін қалыптастыруға сеп болады. Біз киберспорт сайыстарын өткізу арқылы шетелдік туристерді өз елімізге тарта аламыз», ‒ деп мәлімдеме жасады жаңа федерацияның президенті Қуанышбек Есекеев. Федерация төрағасының сөзінше, киберспортты жақсы меңгерген бала болашақта Қазақстанның IT-саласына еңбек етеді. Бәлкім, сол істердің бастамасы шығар, өткен жексенбіде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында интернет ойыншылары арасында Қазақстан чемпионаты болып өтті. Жалпы жүлде қоры 5,5 миллион теңгені құраған дода елімізде алғаш рет өткенін айта кеткен жөн. Алайда Алматыға туристер ағылып, кептелістен жолдар жабылып қалғанын байқай қоймадық. Бірақ, ұйымдастырушылар, мұндай шаралар алдағы уақытта жиі өтіп тұратынын, болашақта федерацияның «теңдессіз жобалары» өз нәтижесін беретінін айтады. Біздің елімізге енді келіп жатқан бұл спорт түрі әлемде кеңінен  танымал. Кейбір отандастарымыз үшін уақыт өткізудің таптырмас тетігі болғанымен, көзін тапқандардың сарқылмас кеніне айналып отыр. Мәселен, 2017 жылдың басты турнирі ‒ Халықаралық Дота-2 кешіне 10 миллион көрермен қызығушылық танытқан. Жақында Ванкуверде Халықаралық-2018 турнирі аяқталып, нәтижесінде жүлде қоры рекордтық 25,5 миллион АҚШ долларына жетті. Бас жүлдені қанжығасына байлаған OG командасы 11,2 миллион долларды иеленген. Бір ғана 2016 жылдың басынан бастап кибер­спорт жарыстарына 600-ден астам ірі компаниялар демеушілік етіпті. Осының бәрін көріп өскен жеткіншектердің ойсыз еліктейтіні заңдылық емес пе?

ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

Осы күні қазақ тойына да біршама өзгеріс керек. Қазір қай тойға барсаңыз да өз баласын сүйреп жүрген әйтеуір бір ата-ананы байқап қаласыз. Сондағысы «жауатын күн ‒ ыстық, болатын бала ‒ пысық» дегенді дәлелдегісі келетіндей көрінгенмен, кейбірі жұрттың «өнерің өрлесін» деп берген 5-10 теңгесін көздейді екен. «Той дегенде қу бас та домалайды» дегенді, жалған туыстың атын жамылып, қаршадай баласына ән айтқызатындар аз емес. Сонымен қатар, өз еріктерімен көше кезіп,  мейрамханалардың біріне кіріп, бірінен шығып жүрген кәмелет жасқа толмаған «өнерпаздар» жетерлік. Олардың арасынан Жандәулет пен Нуни есімін ерекше атауға болады. Сол секілді колледж немесе университет қабырғасына жаңадан оқуға түскен қаракөздеріміз бен қарадомалақтарымыз биші, әнші, даяшы болып қазақ тойында қызмет етіп жүр. Баланың ерте еңбекке араласып ата-анасына қолғабыс болғаны дұрыс-ақ, дегенмен ол болашағына кесірі тимесе екен. Бір ғана компьютер клубтары мен тойханаларда ғана емес, кәмелет жасқа толмаған балалар заңды өкілдері болмаса қандай да бір мекемеде кешкі 22:00-ден кейін жүрмеуі керек. Келушінің жасын анықтау мекеме құзыретіне жатады. Сырт келбеті мен күдік тудыратын белгілері байқалса, мекеме әкімшілігі жеке құжаттарын тексеруге, егер өзін куәландырудан бас тартса, заң жүзінде мекеме келушіні ғимарат ішіне кіргізбеуге құқылы. Бірақ, біздің қазақ арды да, заңды да құрметтеуді кейінге ысыра береді ғой...

Серіктес жаңалықтары