Астана: Ядролық Қарусыз әлем құру – арман

Астана: Ядролық Қарусыз әлем құру – арман

Астана: Ядролық Қарусыз әлем құру – арман
ашық дереккөзі
402
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» төртінші отырысына қатысып, жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретін шешімдерді іздестіру және қалыптастыру үдерісіне тоқталды. Ол 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңартып, 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арналған конференция өткізуді ұсынды. «Жаңа келісім жасау үдерісі оңай болмайтынын түсінеміз. Сондықтан қорытынды келіссөздерге әзірлікті 2019 жылдың өзінде бастаған жөн. Әрине, бұл мәселеде көп нәрсе әлемдік державалардың ұстанымдарына байланысты болады. Осыған орай, ірі мемлекеттерді жаңа келісім жасау жөніндегі бірлескен жұмыстарға шақырғым келеді», – деді Елбасы. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ядролық қару-жарақты одан əрі қысқарту жəне ядролық қарудан азат аймақтар құру туралы келіссөздерді жандандыру арқылы ядролық державалар арасында сенімге негізделген диалог орнатудың маңыздылығын айтты. Қазақстан Президенті тағы да халықаралық қоғамдастықты ядролық қарудан ада əлем құруға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев əлемдік сауда саласындағы даулы мəселелерді шешу үшін мүдделі тараптарға Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында көпжақты форматта келіссөз үстеліне отыруды ұсынды. – 2020 жылы Астанада осы ұйымның министрлер деңгейіндегі кездесуі өтеді. Біз сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың бірыңғай əділетті ережесін əзірлеу жағдайдан шығудың жолы деп білеміз. Сонымен қатар сауда саласындағы текетірес түйткілінің шешімін Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалаудан іздеу қажет, – деген Елбасы Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік ұйымын құру қажет екенін айтты. – Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары кеңесі жөніндегі Қазақстанның бастамасы Азиядағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық жөніндегі келешек ұйымның негізі бола алады. Осы идеяны жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадам ретінде Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары кеңесінің консультативтік отырысын жəне Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының қауіпсіздік жөніндегі аймақтық форумын өткізуді ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен халықаралық конференциясы сияқты беделді басқосуларды ұйымдастыру кезіндегі тəжірибені ескере отырып, Астана клубының базасында Еуразиядағы қауіпсіздік жөніндегі конференция өткізіп, ақпараттық кеңістікті дамыту саласындағы өзара іс-қимылдың жаһандық стратегиясын əзірлеу қажеттігін атап өтті. – Ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтың өршуі қазіргі әлемнің тұрақсыздығын күшейтіп, оқиғаларды болжап-білу мүмкіндігін азайтуда. «Постбиполярлық» деп аталатын әлемдік тәртіп түпкілікті түрде келмеске кетіп барады. Біздің көз алдымызда Үлкен Еуразияның пішін-контуры қалыптасуда, – деді Елбасы. Ел Президентінің байламынша, геосаяси бақталастықтың ушығуы жергілікті дағдарыстың ауқымына және оларды басқару деңгейіне кері әсер етуде. Мемлекет басшысы соның салдарынан кең ауқымды қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін жағдайлардың ықтималдылық дәрежесі еселеп өскенін жеткізді. – Текетірестің күшеюі жалпы алғанда, даму мен қауіпсіздіктің жаһандық институттарының тиімділігіне қатысты күмән туғызады. Стратегиялық тұрақтылықтың ұстындарын «шайқалту» – бүгінгінің басты трендіне айналуда. Орта және жақын қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі уағдаластықтарға қатысты ахуал қатерлі шекке жақындады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сауда соғыстары кесірінен әлем экономикасы өсімінің төмендеу қаупі туғанын айтып, біржақты тәртіппен енгізіліп жатқан экономикалық санкциялар мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар, Елбасы Таяу Шығыс елдеріндегі қақтығыстардың шешілмеуіне, халықаралық террористік және экстремистік топтардың әрекетіне байланысты қауіп-қатерлерге назар аудартты. – 2018 жыл киберқауіпсіздік – жаһандық тұрақтылықтың мүлде жаңа өлшеміне айналғанын айқын көрсетті. Негізгі державалар арасындағы тайталас осы кеңістікке ауып барады. Алдағы жылдары кибертехнологиялар көмегімен істен шығарылуы мүмкін ядролық және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздік түйткілдерінің өзектілігі арта түсетін болады, – деді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан соң кезегімен сөз алған əлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттардың пікірлері бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырудың маңыздылығы тұрғысында өрбіді. «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?» атты тақырып аясында екі күн ойларын ашық айтып, пікірлерін еркін жеткізген сарапшылар осындай саяси алаң ұсынған Қазақстан тарапына ризашылықтарын жеткізді. Форумға қатысқан Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай, Мысырдың бұрынғы президенті, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Мұхаммед әл-Барадеи, Түркияның бұрынғы Үкімет басшысы Ахмет Даутоғлы, Пәкістанның экс-премьері Шаукат Азиз, Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрк және басқа да аты әлемге мәшһүр тұлғалар өз ой-пікірлерін ашық ортаға салып, идеялары мен бастамаларын жария етті.

Серіктес жаңалықтары