688
Шәкен Айманов атындағы XIV халықаралық кинофестиваль ашылды
Шәкен Айманов атындағы XIV халықаралық кинофестиваль ашылды
Алматыда кино жұлдыздары Шәкен Айманов атындағы кинофестивальдің қызыл кілемінде жүріп өтті, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Атап өткен жөн, бұған дейінгі кинофестивальдер «Шәкен жұлдыздары» атауымен өткен.
Қызыл кілемде кинофестиваль президенті Асанәлі Әшімовпен бірге қазақстандық кино жұлдыздары және шетелдік қонақтар: түркімен кинорежиссері Ходжакули Нарлиев пен танымал түркімен актрисасы Мая Аймедова, ауған режиссері Сиддик Бармак, әзербайжан режиссері Октай Миркасимов, қырғыз режиссері Болот Шамшиев және америкалық актер Питер Скарлет өтті.
Кинофестивальдің ашылу салтанатында Асанәлі Әшімов Шәкен Аймановтың 20 жыл бойы М. Әуезов театрында еңбек еткенін, сондықтан да биылғы фестивальді театрда өткізуді ұйғарғанын жеткізді.
Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ш.Айманов еңбектерін насихаттап жүрген Асанәлі Әшімовке алғыс білдірді.
«Ш.Айманов есімін ұмыттырмау үшін Асанәлі аға тер төгіп келеді. Кей жылдары қаржылық қиындықтар болғанда да, Асанәлі аға фестивальді өткізуге бар күш-жігерін арнады. Фестивальдің Шәкен Айманов шығармашылық жолын бастаған театрда өтуі де қуантады. Баршаңызды кинофестивальдің ашылуымен құттықтаймын», - деді министр.