Аймақтардың дамуы – Азат елдің дамуы

Аймақтардың дамуы – Азат елдің дамуы

Аймақтардың дамуы – Азат елдің дамуы
ашық дереккөзі
584
Өңірлерді дамыту – маңызды міндет. Өйткені өңірлер өркендесе ел дамиды. Сондықтан елімізде Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. 2020 жылға дейін бекітілген бұл бағдарлама арқылы еліміздің барлық аймақтарында маңызды шаралар атқарылды. Биыл нәтижелі бағдарлама жұмысы тағы 5 жылға ұзартылатыны белгілі болды. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бірыңғай бағдарламасы 2014 жылы қабылданғаны белгілі. Бірыңғай бағдарламаға «Аймақтарды дамыту», «Моноқалаларды дамыту», «Ақбұлақ», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту», «Қолжетімді баспана-2020», сондай-ақ, шағын қалаларды дамыту бағдарламасының жобасы енгізілді. Бағдарлама еліміздің ұтымды аумақтық ұйымын қалыптастыру жолымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау, халық капиталын экономикалық өсімі жоғары орталықтарға шоғырландыруды көздейді. Аталмыш бағдарлама аясында халықтың қай аймақта тұратынына қарамастан, инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы төрт міндетті шешуді көздейді: әр макроөңірге арналған инвестициялық басымдықтар, еліміздің аумақтық дамуын жетілдіру, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, халықты ауыз сумен және су бұру қызметтерімен тиімді және ұтымды қамтамасыз ету. 2017 жылдың қорытындысы бойынша төрт агломерация халқының жалпы саны 2015 жылмен салыстырғанда 460,1 мың адамға өсті және 6,6 млн адамды құрады. Екінші индикатор – жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша жоспарлы жұмыстар орындалуда. Олар бөлінген қаражат көлеміне байланысты жыл сайын түзетілуде. Үшінші индикатор бойынша жылумен, электрмен және газбен жабдықтау желілерінің жаңғыртылған үлесі 2015 жылы республика бойынша орташа 4 пайыз, 2016 жылы – 2,1 пайыз, 2017 жылы – 2,8 пайызды құрады. 2017 жылы жылумен, электрмен, газбен, сумен жабдықтау және су бұрудың 11 581 км желілері жаңғыртылды және салынды. Төртінші индикатор – сумен жабдықтаудың және су бұрудың орталықтандырылған желілеріне қолжетімділік. 2017 жылы қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік (90 пайыз жоспарында) 93,8 пайызды құрады, ол 2015 жылғы мәннен 6,8 пайызға жоғары. Бұл ретте ауылдарда 57,4 пайыз, ол 2015 жылғы мәннен 3,5 пайызға жоғары. Сонымен қатар, ауыл халқының орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілуі 2017 жылдың қорытындысы бойынша 80,7 пайызды құрайды. Қалаларда орталықтандырылған су бұруға қолжетімділік 88 пайызды құрап, 2015 жылғы мәннен 6 пайызға жоғары. Ауылдарда – 11,5 пайыз, ол 2015 жылғы мәннен 0,5 пайызға жоғары. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін барлық қаражат көздерінен жыл сайын кемінде 100 млрд теңге бөлуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша тапсырма берді. Еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының ережелерін негізге ала отырып, Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – басқарылатын кенттену және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту арқылы өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп анықталған. Қалаларда және ауылдарда халықты орталықтандырылған сумен жабдықтаумен одан әрі қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі жалғастырылатын болады. Осылайша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау 97 пайызды, ал ауылдарда 62 пайызды құрайтын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және Мемлекеттік бағдарлама жобасында ауылдық сумен жабдықтау жүйелерін дамыту үшін қаржы 100 млрд теңгеге дейін көбейтілген. Сондай-ақ, халықты сумен қамтамасыз етудің ұтымды және тиімді жолдарына өтуге орай сумен жабдықтау жүйелерін дамытудың тетігі күшейтілді. Айта кетейік, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 400 жоба жүзеге асырылып, 23 мың шақырым су құбыры тартылды. Қалалар мен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету шеңберінде 2015-2017 жылдары топтық сутартқыштар салу және реконструкциялау бойынша жалпы сомасы 23,5 млрд теңгеге 48 жобаны іске асыру бойынша шаралар қабылданды. 2018 жылға 15 жобаны іске асыру мақсатында 15,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 1 мың 475 ауылдық елді мекенді жерасты су қорымен қамтамасыз ету үшін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілді. Осы міндет бойынша мынадай көрсеткіштер іске асырылуда: қалалық желілердегі ақауды азайту, қалаларда су тоғандарына ағызу кезінде, нормативтік тазартылған ағынды сулардың үлесі, қалалық жүйелердегі су ысырабының деңгейі, суды есепке алу құрылғыларын орнату. Бүгінге дейін қалалардағы және ауылдардағы сумен жабдықтау және су бұру саласында 1684 жоба іске асырылды. Биыл 338 жобаны іске асыру көзделген, қалаларда – 53 жоба, ауылдарда – 285 жоба. Өңірлерді дамыту бағдарламасымен қатар сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жобалар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылады. Жалпы, 23 мың шақырымға жуық желі салынды және реконструкцияланды. 2011-2017 жылдар кезеңінде халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігі: қалаларда 82 пайыздан 93,8 пайызға дейін, ауылдарда 42,5 пайыздан 57,4 пайызға дейін өсті. Орталықтандырылған су бұруға қолжетімділік қалаларда 73 пайыздан 88 пайызға дейін, ауылдарда 8,8 пайыздан 11,5 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстанда алдағы 3-4 жыл ішінде алыстағы ауыл-аймақтың барлығын дерлік ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл үшін 103 миллиард теңге қаражат қажет. Сала басшыларының мәлімдеуінше, қазір өлкеде ауыз су құбырын тарту құрылыстары қарқын алып отыр. Дегенмен облыс орталығы Өскеменнің өзінде талай жылдан бері тіршілік нәріне зар болып отырғандар бар. Мамандардың сөзіне сенсек, алдағы жылдары аймақта таза ауыз сумен қамтылмаған елді мекен қалмайды. Жырақтағы жұртқа тіршілік нәрін жеткізуге бағытталған құрылыстар қарқынды. Көкпекті ауданындағы Теректі ауылы сапалы суға қол жеткізгелі отыр. Өңірде осы жыл соңына дейін 9 мың тұрғын орталықтандырылған су жүйесін қолдануға мүмкіндік алады. Мәселен, Аягөз ауданында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 426 млн теңге бөлініп, 27 шақырымдық су жүйесі тартылды. Бағдарлама бойынша Түркістан облысында 2020 жылға дейін қала тұрғындарының 97 пайызын, ауылдық елді мекен халқының 83 пайызын орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы бағытта, 2011-2016 жылдары 73,9 млрд теңгеге 268 нысанның құрылысы жүргізіліп, 178 елді мекендегі 469 мың адам жаңа орталықтандырылған су жүйелерімен қамтылған. Облыстың даму жоспарына сәйкес, өңір халқын сапалы ауызсумен жабдықтау бойынша үш жылда 84 елді мекенді, яғни 209,7 мың адамды орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 35 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету үшін биыл жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы қалалардың 93,4 пайызы, ал ауылдық елді мекендердің 73,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Елдің экономикалық әл-ауқаты өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей тәуелді. Сондықтан өңірлерді бюджет кірістерін ұлғайтуға ынталандыру өңірлік саясаттың басым бағдары болуы қажет. Бұл орайда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процесті және коммуналдық меншікті басқарудағы құзыретін кеңейту мақсатында ағымдағы жылдан бастап аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен ауылдық округтердің дербес бюджеті енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру жоспарланған. Бұл әкімдердің салық базасын кеңейтуге деген ынтасын арттыратыны анық. Орталықтағы және жергілікті жерлердегі атқарушы билік органдары әрбір өңірдің әлеуетін ескере отырып, бюджетті толықтыру көздерін анықтап, резервтерін іздестіруі тиіс.

Серіктес жаңалықтары