Қызылордада бесқабатты үй құлады

Қызылордада бесқабатты үй құлады

Қызылордада бесқабатты үй құлады
ашық дереккөзі
217

Қызылордада құрылысы толық аяқталмаған бесқабатты үй құлап, салдарынан бір адам қаза тапты. Бұл туралы облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына сілтеме жасай отырып Tengrinews.kz тілшісі хабарлады. «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй енді қолжетімсіз. Төтенше жағдай 24 наурызда 17.20-да Шүкіров көшесінде болды. Оқиға кезінде құрылысқа он адам жұмылдырылған екен, оның біреуі қаза тауып, екеуі жарақат алған. Біріншісі қалалық ауруханаға жеткізілсе, екіншісі ауруларды қабылдау бөлмесінде қаралғаннан кейін үйіне жіберіліпті. «Іргетасының қаланған жері ашылып кеткендіктен, бетон қабырғалар құрылыстың ішіне қарай құлай бастады. Нысанның құрылысы "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан. Үй салушы ұйымның үстінен ҚР ҚК 279-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген Қызылорда облысы әкімі аппаратының Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығының таратқан баспасөз хабарламасында. Сондай-ақ, хабарламада құлаған нысан маңында зерттеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы егжей-тегжейлі баяндалған: «Оқиға орнында ТЖ жөніндегі облыстық департаменттің кинология қызметі жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, ІІД, ТЖД, Қызылорда облысы әкімі аппаратының Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығының 150-ге жуық маманы жұмылдырылған. Жедел медициналық жәрдемнің үш дәрігерлер бригадасы жұмыс істеп жатыр. Құтқару жұмыстары жүргізілу үстінде. Үйдің құлау себебі анықталуда, тергеу жүргізіліп жатыр. Қорытынды мәлімет қосымша жарияланады». Бұл оқиға еріксіз Қарағанды орталығында құлаған «Бесоба» тұрғын үй кешенін еріксіз еске түсіреді. 2009 жылы пайдалануға беріліп, 2012 жылы қақ ортасынан опырылып түскен баспана жергілікті тұрғындарға пана боп жарытпап еді. Қызылордадағы үйдің пайдалануға берілмей тұрып құлағаны дұрыс болған шығар, бәлкім. Әйтпесе қызылордалықтар да қарағандылықтардың күйін кешпесіне кім кепіл? Құрылыс компанияларының салғырттығы тыйылмаса, сапа санның көлеңкесінде қалып қоятын сияқты.

Серіктес жаңалықтары