251
НАТО Украинаның аумақтық тұтастығын қолдады
НАТО Украинаның аумақтық тұтастығын қолдады
Брюссельде Керчь бұғазында болған оқиғаға байланысты Еуропалық Одақтың Саясат және қауіпсіздік комитетінің отырысы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұған дейін Еурокеңес төрағасы Дональд Туск Твиттердегі парақшасында Ресей билігінен Украинаның кемесі мен теңізшілерін босатуды сұраған болатын. Ал НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қолдау білдірді. Ол сондай-ақ Ресей Украина кемелерінің Азов теңізі мен Керчь бұғазында еркін жүзуін қамтамасыз етуі тиіс деді.
«НАТО-ның барлық одақтастары Украина аумағының тұтастығы мен егемендігіне қолдау білдірді. Сондықтан біз Ресейден Украинаның өз порттарына емін-еркін қатынап, Азов теңізі мен Керчь бұғазындағы қозғалысын шектемеуге шақырамыз. Тараптар қазіргі жағдайда ұстамдылық танытуы тиіс. Президент Порошенко Украинада әскери жағдай енгізу елдегі демократиялық институттардың жұмысына және президенттік сайлауға кедергі келтірмейтінін жеткізді. Бұл НАТО үшін маңызды», – дейді НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг.
«Ресей Керчь бұғазында ұстаған Украина әскерилеріне барлық дәрігерлік көмек көрсетіп, кемелер мен олардың экипажын тез арада босатады деп сенеміз. Біздің жазбаша мәлімдемемізде көрсетілгендей халықаралық құқыққа сай Ресей Керчь бұғазында кемелердің еркін жүзуін қалпына келтіріп, талапты сақтауы тиіс. Қазір жағдайды оңалту үшін тараптар бар күшін салуы керек», – дейді Еурокомиссияның баспасөз хатшысы Майя Косьянчич.