БАСПАНАСЫ БАРЛАРДЫҢ БАС АУЫРТАР МӘСЕЛЕСІ

БАСПАНАСЫ БАРЛАРДЫҢ БАС АУЫРТАР МӘСЕЛЕСІ

БАСПАНАСЫ БАРЛАРДЫҢ БАС АУЫРТАР МӘСЕЛЕСІ
ашық дереккөзі
380
«Туған үйдің түтіні жылы» деген тәмсіл өзектілігін қай кезде де жойған емес. Біреуге баспана арман болса, біреу бар баспананың бітпейтін түйткілімен бас қатырады. Әсіресе, соңғы жылдары көп қабатты үйлердің тұрғындары мен тұрғын үй кооператив иелерінің басшылары жиі керілдесіп жүр. Қырғи-қабақ болып, телеарна алдында «бет тырнасқандарын» көк жәшіктен талай көрдік. Не керек, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Аталған реформа тиімді нәтиже бере ме, әлде... Көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын жұрттың көбі пәтерінің маңайындағы құмынан бастап сұмдығына дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өкілдері (ТКШ) мен Пәтер иелері кооперативі (ПИК) жауапты деген пікірді ұстанады. Су жоқ болса, газ келмесе, аула абаттанбаса, тазаланбаса күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаса ПИК өкілдері кінәлі деп санайды. Ол да орынды. Ал қалыптасқан жағдай қалай? Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы саны – 78 мың 657 болса, соның 53 мың 89-ның жағдайы көңіл көншітерлік. Ал 20 мың 437 тұрғын үйге күрделі жөндеу жасау қажет. Тағы 2 мың 176 үй апаттық жағдайда тұр. Тұрғындар ай сайын жинап беретін азын-аулақ көлеміндегі қаржы басқа қажеттіліктерге жаратылады. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 2 мың 669 үй, қайтарылатын қаражаттарға 489 үй жөнделмек. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, бір ғана оңтүстік астанамыздағы ТКШ иелерінің үстінен жыл сайын 2 мың шағым келіп түседі екен. Бұл ғаламторда жазылған 7 мың шағымды қоспағанда. Құрылғанына 22 жылдан астам уақыт болған жүйені тұрғындардың көбі сәтсіз деп таниды. Онымен қоймай атқарушы органдарға талай мәрте мыңдаған адамдар хат жазып, ПИК өкілдерінің атына шағым айтқаны бар. Өзін Ғалия деп, толық аты-жөнін жасырып қалған тұрғын үй-шаруашылық басшысы өзін және көптеген әріптестерін түсінбеушіліктен ақтап алғысы келеді. Ғалияның қарамағындағы тұрғын-үй кешендерінен ай сайын түсетін ақша шамамен 450 мың теңге. Айтуынша, оның белгілі бөлігін салыққа, тағы бір бөлігін тазалық сақтау компанияларына, аула күзетшісі мен қызметшісіне, одан қалған бөлігін тағы қажет етіп тұрған бөліктерге жұмсайды. Ал тұрғындар салған беттен ақша төлеп жатырмыз, ауланы абаттандыру керек, күрделі жөндеу өткізу керек деп үлкен міндет жүктейді. Осылай деп мұңын шаққан Ғалия және оның бейтаныс әріптестеріне қарсы тұрғындардың да айтар уәждері дайын. «Қағаз жүзінде «қанттай» болғанмен, оның көбі есепші мамандардың «қара» есебі. Қолдағы ақшаны «анда жараттық, мұнда жараттық» деп ТКШ басшылар үнемі судан құрғақ шығады», – дейді көптеген тұрғындар. Осылайша көрсетілетін қызметке көңілі толмағандар арасында коммуналдық шығындарды кешіктіріп төлеу, 2-3 айға дейін созып жіберу, тіпті, жылдап ақы төлемеу жиілеп кеткен. Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Олжас Шимиров: «Тұрғындардың көбі ПИК өкілеттігіне не кіретінінен бейхабар. Олар қаржыны мүлтіксіз бақылап, қажет кезде дұрыс шешім шығара алмайды. Сонымен қатар ТКШ жұмысын қадағалау мен оны ілгерілетуге тұрғындардың өзі де атсалысулары керек. Оның бәрі заң жүзінде бекітілген», – дейді. «Мәселен әр тұрғын үй-шаруашылығында жергілікті тұрғындардан құралған қаржы комиссиясы болуы тиіс. Олар жыл сайынғы табыс пен шығысты бақылап отырады. Сонымен қатар, аталған деректер тұрғындардың ортақ жиналысында көрсетілуі керек. Егер, олар өз жауапкершілігін дұрыс атқармаса, жиналыс кезінде тұрғындар аталған мәселені көтере алады, тіпті, құжаттар негізінде басқа жанашырларды тағайындай алады», – дейді О.Шимиров.

«ТӘУЕКЕЛ ТҮБІ – ЖЕЛ ҚАЙЫҚ»

Осы жылдың сәуір айында Ақтөбеде тележүргізуші Айзат Әбдісамат қайғылы жағдайға тап болып, қайтыс болған-ды. Оның туыстары мен жақындары қазаға кінәлі ТКШ өкілдері дейді. 28 жастағы журналист үш жасар қызымен лифтіге кіріп бара жатқанда, есікке қысылып қалады. Соның салдарынан Айзат Әбдісамат қаза тапқан. Қазірде көпқабатты үйлердегі лифтілер ТКШ құзыретінде екендігі белгілі. Демек жауапты тұлғалар да солар болмақ. Аталған қайғылы оқиғаға байланысты айыпталушылардың бірі жүрегіне ота жасатып, сот отырысы 5 айдан кейін басталды. Оның өзінде жауапқа тартылып жатқан кооператив директоры мен лифтіні жөндеген механик тағылған айыппен келіспеген.  Екеуі бір-бірін кінәлап, жауапкершілікті мойнына жүктегісі келмейді. Ал қара жамылған отбасы екеуіне қатаң жаза кесуді талап еткен. «Лифтіні пайдалануға берген кезде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ешқандай шара қолданбаған. Ақауы бар жеделсатыны іске қосқан. Оған тағайындалған сараптама қорытындысы дәлел бола алады», – дейді мемлекеттік айыптаушы Асхат Сәрсенбаев. Ал жауапты «Жаңабеков-сервис» ЖШС директоры Кемел Жаңабеков болса: «Бұл үйдің лифтісі бұрыннан тозған. Тұрғындардың өтініші бойынша қолдан келгенше өңдеп жүрдік. Соңғы рет қайғылы оқиға болардан төрт күн бұрын ғана Ақжановқа ақша беріп, жөндеуден өткізген едік», – деп ақталды. Қоғам белсенділері тозығы жеткен жеделсатыны қолданысқа жарамды деп танып, іске қосқандар жазалануы тиіс екендігін айтады. Десек те, техниканың қай кезде, адамды қалай «орға жығатыны» белгісіз. Осы «орға жығу» теңеуін тура мағынасында да қолдануға болады. Осыдан 10 жыл бұрын Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының белгілі актрисасы Шолпан Мұқышева тұрғын үйдегі лифтінің ашық шахтасына 15-қабаттан құлап мерт болған-ды. Сондықтан мамандар жедел сатыны қолданар алдында тұрғындар өздеріне-өздері сақ болу керек екенін ескертеді. Өйткені Айзат Әбдісаматтың өлімінен кейін Ақтөбе қаласының тұрғыны Жайлаубай Медетов осындай жағдайға тап болғанын әңгімелеп берген. 63 жастағы зейнеткер 2013 жылы «Болашақ» ықшамауданындағы көпқабатты үйдегі лифтінің шахтасына құлап, ауыр жарақат алыпты. Екінші қабаттағы есігі ашылған лифтіге кірмек болған тұрғын көзді ашып-жұмғанша үңірейген шахта түбіне құлап түскен. Кейін лифтінің жұмысына жауапты ұйымның үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсіргенімен, нәтиже шықпаған. 2018 жылдың 15 ақпанында Астанадағы «Гранд Астана Элит» кешеніндегі көпқабатты үйде бес адам мінген лифт төменге қатты жылдамдықпен құлдырап, бірінші қабатқа жетпей тұрып қалады. Абырой болғанда ешкім зардап шекпей, тұрғындарды мамандар құтқарып алған, ал 28 ақпанда Ерейментау қаласындағы аудандық ауруханада зейнеткер әйел жүк көтеретін лифтінің шахтасына құлап, зардап шекті. Сол секілді, 2017 жылдың 31 желтоқсан күні Астанадағы «Тұмар» тұрғын үй кешенінде сегіз адам мінген лифт кабинасы үшінші қабаттан шахтаға құлаған. Тұрғындар әртүрлі дәрежеде жарақат алған-ды. Ал жыл басында Қостанай облысы, Лисаковск қаласындағы көпқабатты үйде тоқтап қалған лифтіде қалып қойған 16 жастағы бала өз бетімен шыға бергенде кабина жүріп кетіп, жасөспірім сол жерде мерт болды. Тіпті, осыған ұқсас жағдайды көзімізбен де көрдік. Мамыр айының басында Алматыдағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде екі әйел қолданған лифт оқыс қимыл жасап, бесінші және төртінші қабаттар арасында тоқтап қалды. Жүйе толығымен істен шығып, оның ішіндегі жарық та сөнді. Ең бастысы, мамандар 5-10 минут аралығында жетіп, есіктерді ашып, тұрғындарды құтқарып қалды. Байқасаңыз, тек ескі ғана емес, жаңа лифтілер де қауіпсіз емес. Мұндай оқиғаларға лифт жөндеушісін не ПИК басшыларын кінәлі деу тіпті қиын.

БІР ҮЙ – БІР БІРЛЕСТІК – БІР ЕСЕПШОТ

Жоғарыда еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформа күтіп тұрғандығын айттық. Министрлік «бір үй – бір мүлік меншік иелері бірлестігі – бір есепшот» қағидасы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасын ұсынды. Бұдан былай көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтер иелерінің ПИК-ке төлеген ақшасы өзі тұратын үйді күтіп-ұстауға жұмсалады. Бұл пәтер иелерінің ұзақ уақыттан бері күткені еді. Орталық коммуникациялар қызметінде жаңа заң жобасын таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев: «Аталған заң жобасын кешенді түрде қарастырудамыз, өйткені бұл салада жүйелі түрде қарастыратын мәселелер жеткілікті. Халықты жиі мазалайтын мәселе – Пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жұмысы. Пәтер иелері «біз ай сайын тиісті ақшаны төлеп жатырмыз, ПИК неге дұрыс жұмыс істемейді» деп жиі сауал қоятын. Сондықтан жаңа заң жобасын қарастырғанда ПИК жұмысына тұрғын үй құқықтық қатынастарының барлық өкілдерін қатыстырдық. Олардың қатарында «Атамекен» ҰКП, тәуелсіз қауымдастықтар, пәтерлер мен үй-жай иелері, үй-жайлар республикалық қауымдастығы және инновациялық компаниялар өкілдері болды», – деді. Әзірге заң жобасы шеңберінде еліміздің әр өңірінде пилоттық жоба іске қосылды. Пилоттық жобаға қатыстыруға көппәтерлі 190 тұрғын үй, 28 ПИК және 51 табиғи монополия субъектісі іріктеліп алынған. Министрдің айтуынша, заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға қалаға бірыңғай сәулеттік көрініс беру үшін жергілікті бюджеттен үйдің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге, су басу аймақтарындағы тұрғын үйлердің беріктігін жақсартуға, қайтарымды негiзде жергілікті бюджет есебінен лифтілерді ауыстыру және жөндеу жұмыстарына қосымша өкілеттіктер беру көзделген. Тағы бір айта кетерлігі, жаңа заң жобасы негізінде көпқабатты үйлердегі лифтілер басты назарға алынбақ. Нақты айтар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақтың «Лифтілердің қауіпсіздігі» техникалық регламенті шеңберінде лифтілерге қойылатын қауіпсіздік талаптары белгіленген. Бұл заң 2013 жылдың 18 сәуірінде күшіне енген еді. Лифтілерді жеткізуші, орнатушы және қызмет көрсетуші ұйымдарға қойылатын талаптар ұлттық заңнамамен реттелетін болады. Заң жобасында тағы басқа өзгерістер көп. Соның бірі «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» принципі бойынша жұмыс істейтін «меншік иелерінің қауымдастығы» коммерциялық емес ұйымының жаңа формасы құрылады. Бұдан былай тұрғын үйді күтіп-ұстауға байланысты барлық шығындарды төлеуге тұрғындар ғана емес, үй-жайдың иелері де қатыспақ. Сонымен қатар, ТКШ саласын цифрландыру қарастырылған. P.S: Токиода жасы 100-ден асқан 2 мыңнан астам адам бар екен. 80-90 жастағылардың қарасы тіптен көп. Ел билігі осыны ескеріп, тіпті, көшедегі демалыс орындықтарының өзін отырып-тұруға ыңғайлы етіп жасаған. Бәрі де халық үшін. Ал еліміздегі тұрғындар болса, жаңа реформа қағаздағы есеп-қисаппен шектелмей, адам үшін, оның өмірі үшін атқарылса дейді.  

Серіктес жаңалықтары