676
Алматыда – Мәуліт кеші
Алматыда – Мәуліт кеші
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласы, Республика сарайында «Тәлімгер пайғамбар тағылымы» атты мәуліт кеші өтті.
Мәуліт кеші белгілі қари Серік Ахметовтің Құран оқуымен және ақын, сазгер Жәкен Омардың Мәуліт жырын орындауымен басталды. Биылғы Мәуліт жыры тұтастай қазақша орындалуымен ерекшеленді. Мерекелік шараны салтанатты түрде ашып беру үшін сөз Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазретке берілді.
Бас мүфти өз сөзінде Пайғамбарымыздың Мәуліт айымен Алматы жұртшылығын құттықтап, Алла елшісінің дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш екенін айтты. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың ғибратты ғұмырынан сыр шертіп, мұсылмандарды Оның көркем мінезінен үлгі алуға шақырды. «Біз сені күллі ғалам үшін рахым етіп қана жібердік» деген аяттағы Пайғамбарымыздың тәлімгерлік тұлғасына тоқталды.
Көрермен көзайымына айналып, әдемі әзілдерімен ақиқатты астарлап айтып жүрген «Өнер қырандары» мен «Назар аудар» әзіл-сықақ театрлары тәрбиелік мәні үлкен қойылымдарын ел назарына ұсынды.
Алланың берген ақындық қабілетін имандылық пен ізгілікке арнап, илләһи жыр жазып жүрген Құл-Керім Елемес, Бауыржан Мырзақұл, Батырхан Сәрсенхан сынды ақындар өз өлеңдерін оқыды. Кеште Айдар Тұрғанбек «Пайғамбарға (c.ғ.с) сағыныш», Райым Уайыс «Құран үні» әндерін орындаса, Ерген Айтымбетов, Қанатбек Полатбек, Сержанәлі Әлібек сынды әншілер Пайғамбарымыздың құрметіне салауат әнін шырқады.
Шарапатты мәуліт мерекесіне келген Алматы жұршылығы ерекше әсерге бөленіп, өздерінің толқыныстарын жасыра алмай, көз жастарына ерік берді және қызу қошемет білдірген көрерменнің ықыласы шексіз болды.