Азаматтық форум: Біздің мақсат – дамыған қоғам құру

Азаматтық форум: Біздің мақсат – дамыған қоғам құру

Азаматтық форум: Біздің мақсат – дамыған қоғам құру
ашық дереккөзі
1117
Астанада Қоғамдық даму министрлігі мен «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен VIII Азаматтық форумы өтті. «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» атты тақырыпты қамтыған шараға еліміздің барлық өңірінен 850-ден аса делегат қатысты. Екі күнге созылған жиын барысында азаматтық қоғамды дамыту саласында қомақты тәжірибе жинақтаған 100-ден аса кәсіби сарапшы, Парламент депутаттары, министрлер, қоғам белсенділері баяндама жасады. Жинақталған ортақ мәселелерді талқылап, шешілу жолдарын қарастырумен қатар, ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға арналған тиімді жобалар жайында да сөз болды. Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев осы жиын азаматтық қоғам дамуының бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Форум екі жыл сайын өткенімен, бұл алаңдағы талқыланған, шешім тапқан мәселелер елімізде азаматтық қоғамның дамуына серпіліс беріп келеді. – Бізге уәкілетті орган ретінде қандай да бір нормативтік-құқықтық құжаттарды немесе қандай да бір саяси шешімдерді қабылдамас бұрын қоғамның пікірін білу маңызды, – деді Д.Кәлетаев. Ол ел Үкіметі азаматтық қоғамның дамуына үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. «Үкімет бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізуде. Біз үшін азаматтық қоғамнан келіп түсетін ұсыныстар өте маңызды. Менің ойымша, форум аясындағы екі күн тек елдің азаматтық қоғамын біріктіріп қоймай, сонымен бірге қатысушыларға біздің бәріміз бірлесіп іске асыруға тиіс ұсынымдарды түзуге де мүмкіндік бермек. Бұл, сайып келгенде, барша еліміз, сондай-ақ халқымыз күтіп отырған реформаларға бастайды», – деді Д.Кәлетаев. Өркениеттің, ашықтықтың, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» ұғымының қазақ жерінен басталғандығын меңзейтін ұтымды жақтары Елбасының жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты құнды мақаласында көрініс тапты. Ал жаңа заманда, дәлірек айтқанда 2000 жылы Мемлекет басшысының «Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға» атты Қазақ­­­стан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) құру туралы алғашқы тапсырмалар берілді. Міне, сол уақыттан бастап, өсіп-өніп, жетілген, мол тәжірибе жинақтаған ұйымдар бүгінде әбден кемелденген шаққа жетті. Бұл бағыттың маңыздылығы форумның «Мен сенемін 2.0» TEDx түріндегі әлеуметтік жобалар конференциясымен ашылуынан-ақ аңғарылды. Замандастардың тарихын жеткізу арқылы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді, қоғамдық жаңғырық тудырған оқиғаларды баяндаушылар еш іркіліссіз ашық айта білді. Мәселен, әнші Ақмаржан Көшербаева алдымен жұртшылыққа «Қыз тағдыры» атты бейнебаянын көрсетіп алып, содан соң тастанды балалар, ерте жүктілік, жастардың денсаулығын қорғау және сақтау мәселелері бойынша ой толғады. Ал Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева белгілі журналист Дана Нұржігітпен делегаттар алдындағы сұхбатында азаматтық сектордың келешегі туралы әңгіме өрбітті. Журналист Дана Нұржігіттің: «Қазіргі таңда әлемдік саясатта, қоғамдық бастамаларда әйелдердің белсенділігі туралы көп айтылады. Бұл ретте, біздің елдегі жағдай қандай деп ойлайсыз?» деген сұрағына Аида Балаева: «Жалпы, әйелдер – мемлекеттің тірегі. Бұл туралы әрдайым Мемлекет басшысы да айтып келеді. Елбасы өз сөзінде «істі әйелдерге тапсырған дұрыс, себебі олардың жауапкершілігі мол» деп айтып отырады. Сондықтан әйелдердің жауапкершілігі мен еңбекқорлығы мол екенін айта кету керек. Бүгінгі таңда барлық әйелдер қандай жұмыспен айналысуды жөн деп тапса да барлық жағдай жасалған. Ер болсын, әйел болсын еліміздегі жауапкершілігі мол кез келген азамат өз мақсатына жете алады. Мемлекеттік қызметте де, журналистикада да, үкіметтік емес ұйымдарда да барлық салада. Сондықтан әйелдер, әлбетте – мемлекеттің тірегі», – деді А.Балаева. Ал форумның екінші күні Елбасының қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Жиын барысында 13 орталық мемлекеттік органның бірінші басшыларының қатысуымен үкіметтік емес сектордың өкілдеріне арналған параллель салалық сессиялар ұйымдастырылды. Елбасы Н.Назарбаев VIII Азаматтық форумға қатысушы үкіметтік емес ұйымдардың баяндамасын тыңдады. «Мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог алаңын орнатудың қажет екенін мен әрбір өз Жолдауымда айтып келемін. Біздің басты мақсатымыз – саналы азаматтар мен мәртебесі жоғары дамыған қоғам құру. Еліміздің тұрақтылығы үшін жұмыла еңбек етсек, барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Өркендеген 30 елдің қатарына кіру мақсаты бәрімізге бірдей. Бұл форум үкіметтік емес ұйымдарға серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына үлкен жол сілтейді деп сенемін. Бүгінгі басқосуда нақты жұмыстар айтылды. Көтерілген әрбір мәселе мұқият сарапталып, Үкіметпен, Парламентпен және Үкіметтік емес ұйымдармен бірге тиісті бағдарламалар қабылдау қажет», – деді Елбасы. Президент ең алдымен қайырымдылық саласында белсенді қызмет етіп жүрген ұйымдар жұмысына тоқталды. «Соңғы уақытта көптеген кәсіпкерлер қайырымдылық жұмыстарымен айналысып жатқаны қуантады. Жетімдер үйі, қарттар үйі деген секілді мәселелер мені қатты толғандырады. Қазақстанда жетім балалар үйі болмауы тиіс. Біздің балаларымыз танымайтын мұхиттың арғы жағындағы елге барып, елге бөтен болмауы қажет. Мұсылман дінінде айтылғандай, жетімге қолыңды созсаң, жұмақтан бір-ақ шығасың деген. Өзінің 1 немесе 3 баласы бар адам тағы да бір баланы балалар үйінен асырап алса, ол адам тек қана жақсылыққа ие болады деп санаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жалпы, форум аясында осындай маңызды ойлар мен құнды пікірлер айтылатын семинарлар, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, министрліктер мен ведомство басшыларымен салалық кездесулер форматындағы тақырыптық сессиялар 35 алаңда өтті. Қатысушылар 2020-2025 жылдарға арналған Азаматтық қоғам институттарын дамыту тұжырымдамасының жобасын талқыласа, форум соңында әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарға «Таным» жүлдесі табысталды.

Серіктес жаңалықтары