281
Тіл – ұлан-байтақтың басты тірегі
Тіл – ұлан-байтақтың басты тірегі
Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, ана тілінде сөйлейтіндердің санын арттыру әлі өзекті. Осы тұрғыда қабылданған бағдарламаның да өз межесіне жететін уақыты таяу.
«Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында қандай жұмыстар атқарылды? Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік тілді дамытуға арналған бағдарламаның алдын ала қорытындысы шығарылды. Жиында жария етілген мәліметке сүйенсек, кейінгі екі жылда министрліктер мен ведомстволардағы мыңнан астам шенеунік тілдік курстарды бітіріпті. Бұл тақырып бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова біраз деректі ортаға салды. А.Райымқұлованың айтуынша, еліміздің тіл саясаты қазіргі кезде «Тіл туралы» заңына және «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бағдарлама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында толықтырылған. Атап айтқанда, оған қазақ тілін латын графикасына көшіруді түсіндіруге, орфографияны жетілдіруге, оның көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қосылған. Жалпы алғанда, бағдарлама аясында Үкімет 9 меже-индикатор мен 12 тиімді көрсеткішке қол жеткізуге міндетті. «Қазіргі уақытқа дейін бағдарлама аясында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Елімізде мемлекеттік қызметкерлерді үш тілде оқыту жұмыстары белсенді ұйымдастырылуда. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Білім және ғылым министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы келісімге сәйкес, биылғы жылы орталық атқарушы органдардың 558 өкілі тілге оқыту курсынан өтті, былтыр 610 адам қатысқан еді. Қазақстанның лингвистикалық капиталын сақтау мақсатында 2018 жылы 26 этностың ана тілін оқуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. 2017 жылы 225 топ болған», – деді Мәдениет вице-министрі. Оның мәліметінше, жалпы алғанда, қазір республика бойынша тілдерді оқытудың 1 мемлекеттік және 88 өңірлік ұлттық орталықтары жұмыс істейді. Оқыту орталықтары «Тіл туралы» заңына сәйкес, тiлдік курстар ұйымдастырады. 2018 жылдың алғашқы жартысында бұл орталықтарда 42 мыңнан астам адам оқытылды. «Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында 2018 жылдың 7 айында 52 245 адам тестілеуден өткен. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер саны – 20 057 адам.
– Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда мемлекеттік тілдегі жалпы құжат айналымының үлесі 93 пайыз болды. Оның ішінде орталық атқарушы органдарда қазақ тіліндегі құжат айналымының үлесі 91 пайызды құрайды. Жергілікті атқарушы органдарда бұл көрсеткіш жоғарылау – 95 пайыз. Ал ұлттық компанияларда тек 46 пайызға ғана тең, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында Tilalemi.kz порталы, Atau.kz ономастикалық базасы, Emle.kz орфографиялық базасы, Тermincom.kz базасы, Tilmedia.kz үштілді сайты, балаларға арналған Balatili.kz және барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген Qujat.kz сайттары жұмыс істейді. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі бүгінге дейін бекітілген терминдерге мониторинг жүргізіп, бекітілген 21 мың терминнің 40,8 пайызы – төл терминдер, ал 59,2 пайызы – кірме және аралас терминдер екенін анықтады. Яғни, өзге тілдерден кірген ұғымдарды қазақшаға аудармай, сол күйі алуға бейім тұрушылық байқалуда. Бұл ретте спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың түсіндіруінше, ана тіліміздің тазалығын сақтау және оны ғылыми тілге аудару үшін терминология принциптері мен қолданбалы терминтанудың негізгі міндеттерін анықтау бойынша жұмыстар басталған. Терминдерді бекітумен ел Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия айналысады. Ол шет тілдерінен енген бірқатар терминдердің бұған дейін айналымға жіберілген қазақша нұсқалары қайта қаралғанын және алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табатынын мәлімдеді. Мәселен, «пайыз» орнына қайтадан «процент», «әнұран» орнына «гимн» қабылдануда. Бұдан өзге, ономастика, яғни жер-су атауларын қазақыландыру бағытында да «жұмыстар қарқынды жүріп жатқаны» мәлім етілді. Рас, биылғы І жартыжылдықта орталық және жергілікті атқарушы органдардың тек 726 ұсынысы қаралып, бірқатар ұсыныстарға ғана оң қорытынды беріліпті.
Ал Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев «Мемлекеттік тілді В-1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі» атты меже-индикаторы бойынша атқарылған шараларға тоқталды. Атап айтқанда, бағдарламада мемлекеттік тілді В-1 деңгейінде меңгерген, яғни қазақ тілін «5-ке» білетін мектеп түлектерінің үлесін 2019 жылы 90 пайызға жеткізу көзделген.
Министрліктің арнайы бұйрығына сәйкес, 11-сынып оқушылары мектеп бітіру мемлекеттік емтихандарын тапсыру кезінде міндетті түрде ана тілі және әдебиетінен жазбаша түрде емтихан тапсырады. Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен тестілеу өткізіледі. Айта кету керек, «Қазақ тілі» бойынша 4 деген баға (жақсы) тілді меңгерудің – В-1 деңгейіне, ал 5 деген баға тілді меңгерудің В-2 деңгейіне сәйкес келеді. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің дерегінше, 2018 жылы 45 мыңнан астам мектеп түлегінің аттестатында олардың қазақ тілін «4» және «5» бағасына меңгергені жазылған. Бұл – 90 пайыздық көрсеткіш. Министрлік түпкі мақсат орындалғанына бек қуанышты. Сондай-ақ, Е.Сағадиев мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында болашақ қазақ тілі мамандарын оқыту барысына да тоқталды. 2018-2019 оқу жылында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына 596 мемлекеттік грант берілсе, оның ішінде бакалаврға – 405, магистратураға – 170, докторантураға – 21 орын. Министр қазіргі кезде «балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны» желісі бойынша мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу жұмыстары жалғасып жатқанын айта кетті. «Мемлекеттік тілдің жайы өңірлерде қалай?» деген сауалға жергілікті әкімдік басшылары жауап берді. Ал отырысты қорытындылаған Премьер-министр Б.Сағынтаев оқу орталықтарының саны сұранысқа байланысты болатынын жеткізді. Егер жергілікті әкімдіктер қазақ тіліне үйрету үшін әлеуметтік төлемдер бөліп, қолдау көрсетсе, онда кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық артып, оқыту орталықтарының саны көбейеді. Ал бағдарламаның келесі жылы аяқталатынын ескерген Б.Сағынтаев Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «2020-2024 жылдарға арналған Тілдерді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының» жобасын әзірлеу туралы тапсырма берді.
Тариф төмендейді
Электр энергиясы мен көмір тарифтерін төмендету бойынша Энергетика министрі Қанат Бозымбаев электр энергиясына арналған шекті тарифтердің объек-тивті деңгейін белгілеу бойынша жұмыстарды аяқтап қалғандығын мəлім етті. «Екі компоненттің қосындысы бойынша электр энергиясының құнын төмендетудің орташа өлшемді деңгейі шекті тарифтердің қолданыстағы деңгейінен 25 пайыз төмен белгіленді. Энергетика министрлігінің есептеу тəсілі тұжырымдамалық қолдау тапты», – деді Қ.Бозымбаев. Бұдан басқа, жұмыс тобының отырысында қуат тарифінің шекті мөлшерін 1 МВт үшін 700 мың теңгеден 590 мың теңгеге дейін төмендету ұсынылды. Бұл – көмір бағасын сақтау жəне делдалдық құрылымдарды алып тастап, көмірді тасымалдау құнын төмендету жəне 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап энергия беруші жəне энергиямен жабдықтаушы ұйымдарда тарифтер деңгейін төмендету. Сонымен қатар министрлік тауарлық газдың да шекті көтерме бағаларын төмендету үшін бұйрық жобасын əзірледі. Бұл бұйрық 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр стансалары үшін 12-22 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Жиын соңында Премьер-министр Б.Сағынтаев өңір əкімдеріне облыстың коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеуді жəне оларды төмендету бойынша тиісті жұмыстарды тиянақты жүргізуді тапсырды.