263
Алименттің ар жағында баланың тағдыры тұр
Алименттің ар жағында баланың тағдыры тұр
Жеке сот орындаушылар өздеріне келген атқару құжаттарын орындауға құлық танытып, сот беделінің артуына атсалысады деу қиын. Алматы қаласы Алатау аудандық сотында өткен дөңгелек үстелден осыны аңғардық. Аталмыш соттың судьялары, бас мамандары мен сот отырысы хатшылары, жеке сот орындаушысы Изместьев Олег, бөлім прокуроры Абдикаримова Әсел қатысқан шара тізгінін Алатау аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Руслан Майрихов ұстады.
Қозғалған негізгі мәселе – сот шешімдерінің орындалу жағдайына қатысты. Кеңсе меңгерушісі Руслан Майрихов жыл басынан бері Алатау аудандық соты тарапынан сот орындаушыларға барлығы 4171 атқару парағы жіберілгенін жеткізді. Олардың 1457сі орындалса, 1297сі қаралу үстінде және 144і түрлі себептермен орындаусыз қайтарылған. Ал 1273 атқару парағы бойынша өндірістік іс қозғаудан бас тартқан. Аудандық сот ұжымын алаңдатып отырғаны да осы. Айта кетерлік бір жәйт, жеке сот орындаушылар іс қозғаудан бас тартқан аталмыш 1273 атқару парағының 80 пайызы алимент өндіруге байланысты екен. Алименттің ар жағында баланың тағдыры тұрғанымен, жеке сот орындаушылар оларды өндіруге асықпайды. Дөңгелек үстелде мұның бір себебін одан жеке сот орындаушыға тиетін пайыздық үлестің төмендігімен түсіндірді. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 38 бабына сәйкес, жеке сот орындаушы атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы үш күннің ішінде қаулы шығаруы керек. Бұл мерзімді айлап кешіктіретіндері де өз алдына бір мәселе. Аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Руслан Өнербайұлы аталмыш мәселені жеке сот орындаушыларының өздерімен бірге талқылау үшін Алматы қаласының Аймақтық палатасына хат жолданып, жеке сот орындаушылардың да шақырылғанын, алайда келмегенін айта келе, дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныс дайындап, оны Әділет департаментіне және прокуратураға жіберуді ұйғарды.