Екі тағдыр – бүтін ел

Екі тағдыр – бүтін ел

Екі тағдыр – бүтін ел
ашық дереккөзі
874
«Өткен өмір – көрген түс. Жоқ, көрген түс емес ол. Адамның тағдыры. Уақыттың тынысы жатыр онда. Жори алмайсың, құмалақ шашып сәуегейлік жасауға келмейді. Құлағыңда тұр. Көргендерден сұра. Әнін тыңда! Күйін ұқ! Сонда ғана тіршіліктің мәнін ұғасың. Тоқ көңілің күпірліктен арылады. Ақ жаулықты ана көрсең сәлемдес, балдағы тықылдап жаныңнан өткен мүгедек қартқа қарызың бар екенін ойла».

Жәнібек Кәрменов

Адамның ең бір әсем, ең бір тамаша кезі – балалық шағы. Ойы бос, арамдықтан ада, таза балалық таным, балалық түсінік. Балалықты еске алғанда ылғи күн шуақты жылы сәттермен оралады еске. Көз алдыңда – дала, құлағыңда – анаңның сөзі, әңгімесі, күлкісі. Себебі Ана мен баланың махаббаты шексіз және ес жиғанша әрдайым жаныңнан табылатын – Ана. Құлағанда бірінші болып жараңды үрлеп, сүйетін де – Ана. Денең әлсіреп, ауырып жатып қалғанда да айналшықтап қолыңды ұстап, маңдайыңды сүйіп кететін де – Ана. Балалық шақта әке көз алдыңа онша-мұнша елестей қоймаса да, тыныштық пен сенімнің нақ жарқын бейнесі – Әке. Біздің балалық шақ бейбіт заманның құшағында өтті. Бұған дейінгі сұмдықтың бір де бірін көрмедік, тіпті бала күнімізде естімедік те ол туралы. Екінші Дүниежүзілік соғыс біздің ата-әжелеріміздің тағдырына жазылыпты. Қазір олардың азы ғана қалды. Бізден кейінгі ұрпақ соғыс ардагерлерін көрмеуі де мүмкін. Десе де, біз соғысқа кеткен батыр ата-әжелерден қалған ұрпақтың күнкөрісі, өмір-ғұмыры туралы оқып өстік. Бұл туралы шығармалар көптеп жазылды себебі. Қазақ әйелдері шаңырағының отын өшірмей, керісінше балаға да, кемпір-шалға да пана болып қалған мықтылығын, қайсарлығын, күйеуіне деген адалдығын, балаларына берген тәрбиесін, өздерінің бек шыдамдылығы жайында оқыдық. Соғыс кезінде туған балалар қазір ел ағалары, сыйлы ата-әже, қамқор әке, адал жар. Осы ретте дауылды жылдардың табанына тапталып өнген екі шыбық, қазақ әдебиетінің нар тұлғалары Бердібек Соқпақбаев пен Дулат Исабековтің балалық шақтарынан естелік келтіруді жөн көрдік. Абайша айтқанда, «ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған бел байладым». Себебі бұл естеліктерде адамды тәубеге келтіретін, ұлттың ұлылығын әспеттейтін мысалдар жетерлік. «Қазақ бойында қандай ұлы қасиеттер бар еді және олар қазір бар ма?» деген сұраққа жауап табуға болады. Бердібек Соқпақбаев. «Балалық шаққа саяхат» кітабынан үзінді:  width= «...Бүкіл жан-тәнім ойынға бейімделіп келе жатқандықтан, мен әнеугүні оқимын деп, тізімге құлшынып жазылғаныма тап осы арада қатты өкіндім. Қазір маған оқудан ойын мың есе қымбат еді. Оқудың бүйтіп міндет болып келетінін мен қайдан білейін. Мойынға бұғалық болып түсерін қайдан білейін. Нұрғазы еркімізге қоймады, алдына салып айдап алды. Басымыз ауған жаққа қаңғып жөнелетін қайран еркіншілік өмір енді біткен екенсің деген қайғылы ойға келдім. Үйден жоспарлап шыққан неше алуан қызық ойындардың бәрі қалғалы отыр… Бірінші күнгі сабақты ол түгелдей әңгімемен өткізген еді. Өзімен-өзі боп, мен дәл осындай әңгімешіл адамды көрген емеспін. Дүниеде білмейтін нәрсесі жоқ: ғылым жайлы, қазақ халқының өткені мен болашағы жайлы, патшаның құлауы жайлы, Ленин жайлы… көп-көп әсерлі әңгімелер айтып берді. Біз аузымызды ашып, ұйып тыңдағанды ғана білдік. ...Мен қу тілді, тықылдаған пысық бала болдым. Сабақты тәуір оқимын. Тыз етпе жеңілтек әрі шатаққұмар едім. Біреумен дос болуым да, араз болуым да теп-тез. Кекшілмін. Біреуден таяқ жесем, ызадан өле жаздаймын. Күндіз-түні өш алудың жолын ойлаймын. Дене шынықтыру сабағын өте сүйетін едім. Жүгіру, секіру, суға малту секілді өнерден ешкімге есе жібермеймін. Сұмдық намысқой едім. Жұрттан кем болуды дүниенің қорлығы санаймын. Үйдегі елден ерек кедей тұрмысқа қорланам да, әкем мен ағаларымның жұрт қатарлы бола алмағаны үшін ызаланам. Үстімдегі киімдерім нашар-ақ. Жанбосынша қатып киініп жүруді арман етем. Ауылдағы бірден-бір сылқым киінетін бала Жанбосын. Батырқанның баласы болып тумағаныма өкінетін едім. Біз жаз бойына аяғымыз күс-күс боп, жалаң аяқ жүргенде, Жанбосын бәтеңке киіп жүреді. Бәтеңке болғанда қандай! Өкшесі мен табанында сәнді бедері бар. Дымқыл жерге мөр басқандай боп сайрап ізі түсіп қалады. Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан бәтеңкеге мен қатты қызығамын. Шіркін, осындай бәтеңкем болса деп арман етем. Үнемі жалаң аяқ жүргендіктен, табан сүйел боп қатып қалады. Оны-мұны тікен кірмейді. Кейде тоғайдың арасымен елікше орғып келе жатқанда, қарағаштың сояудай мықты шөңгесі май өкшеге кірш етіп кіріп кететіні бар. Қара тікеннің уыты жаман болады, миыңнан солқ етіп бір-ақ шығады. Ойбай деп, мықшиып отыра қалып, садақтың оғындай боп қадалып тұрған тікенді күшпен суырып аласың. Бәлекеттің орны енді одан жаман ашиды. Бірақ оған қарап жатуға мұрша жоқ. Озып кеткен балалардың соңынан ақсаңдай жүгіресің. Біраздан соң ақсау басылады, табанға тікен кіргені естен шығады. Жаз бойы жалаң аяқ жүрген аяқ крокодилдің терісіндей қара бұжыр болады, үсті шыт-шыт жарылады. Ол жарық тереңдеп, қан шығады. Су тисе, ашып, жаның көзіңе көрінетін болады. Шешем байғұс емдейді. ...Менің көзіме есігі айқара ашық тұрған, сатушы жоқ дүкен елестейді. Жұрт шұбап кіріп жатыр, керек деген нәрселерін құшақ-құшақ алып жатыр. Жоқшылықтан көз ашпай келе жатқан мен байғұсқа коммунизм өте-мөте ұнайды. Орнаса, тезірек орнаса екен деп арман етем. Коммунизм орнаған күні дүкенге бірінші боп барар едім. Бастан-аяқ түгел жаңа киімдер алмақшымын. Қалта-қалтамды толтыра кәмпит сатып алам. Еркімше тойып жеймін. Ешкім алма, жеме деп айтпайды. Өйткені коммунизм. Өзім қатты қызығатын Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан қара бәтіңке бар емес пе? Бәлем, түстің бе қолға деймін де, біреуін таңдап киіп алам. Және бірнеше парын үйге әкеп, әбдіраға салып қоямын. Бұрын қолыма түспей, ыза қылғаны үшін енді күн сайын жаңасын киіп шығатын болам. Коммунизмнің рақатын осылай көрмекшімін... Шешелі балада бәрі бар. Менде қазір бәрі бар. Үйде түк болмай қалған күнде де шешем мені аштан өлтірмейді, әйтеуір бірдеңе тауып, өз аузына салмастан, менің аузыма тосады. Мен оқуға ынталы болдым. Шешем оған қуанатын. Шұқшиып сабақ жазып отырсам: – Менің жаным үлкейгенде өкіметші болады, – деп көтермелеп қоятын. Оқыған, ел басқару қызметінде жүрген адамдарды ауыл қазағы «өкіметші» дейтін. Ал менде арман көп. Бір арманым – Сағатбайға ұқсап мұғалім болу; екінші арманым – дүкенші болу. Мен дүкеншіні дүниедегі ең бақытты адам деп есептеймін. Ертеден кешке дейін ол аузы босамай кәмпит жеп тұрмайтынына таңырқаймын. Мен болсам, еркімше жер едім. Дүниеде кәмпит жегеннен басқа да қызық бар деп мен ойламаймын... Дүкенші болуды армандауыма және бір себеп – бүтін, жақсы киіну үшін. Шешеме де бастан-аяқ жаңа киімдер алып бермекпін: жаңа мәсі-калош, жаңа орамал. Батырқанның әйелінің кемзалындай жаңа барқыт кемзал, т.т. Беркенім әперді деп, жарқылдап киіп жүрсін. Сүмбеден Бөпке апам келгенде мақтанып айтып отырсын. О, Бөпке апам қандай! «Дүкеншімін деші, жаман неме. Жүр дүкеніңе, не бар, көрсет? Көйлегім тозып кетті, көйлек алып бер. Басыма кимешек алып бер. Әсбеттің мәсі-калошындай мәсі-калош алып бер. Сен дүкенші болғанда кимеген киімді қашан кимекпін?». Немене, аяймын ба? Бөпке апамды да бастан-аяқ су жаңа киіндірем. Басқа кемпірлер оған қызғанышпен қарайтын болады. Несі бар, кисін менің арқамда. Мен үйлеріне барғанда оның жаны қала ма? Қалмайды. ...Жиын-терін қарға араласып, әрең бітті. Астық, астық деп қарбаласқан айқай-шу басылды. Мектептің тарс бекітілген есігі қайта ашылды. Кішкентай жез қоңыраудың шыңғыр-шыңғыр еткен сүйкімді дауысы бізді талайдан бері бос қаңырап қалған класымызға қайтадан шақырды. Аузын ашса, ғылым мен білім, неше алуан қызғылықты әңгімелер фонтанша атқылайтын Сағатбай мұғалім өзінің құтты орнына қайтадан келіп отырды. Бұл күнді менің қалай сағынып күткенімді сіз білсеңіз етті. Мен сабақтан қалмауға тырысушы едім. Әлдебір себеппен қалып қойсам, ол күн мен үшін ең бір қайғылы күн. Сағатбай неше алуан қызғылықты жаңа әңгімелер айтты, мен оны ести алмай қалдым-ау деп өкініп, қасірет жұтам. Жақсы оқыған баланы мұғалім де жақсы көреді. Жаман оқысаң, жаман көреді. Батырқанұлы Жанбосын нашар оқушы еді. Көбейту кестесін айта алмай, түйедей боп шатып-бұтып тұрады. – Бердібек, сен айтып жібер, – дейді мұғалім. Мен орнымнан тұрар-тұрмастан Құран оқығандай заулатам: Екі жерде екі – төрт, Екі жерде үш – алты, Екі жерде төрт – сегіз, Екі жерде бес – он. Кідіріп-мүдірместен, «тоғыз жерде он – тоқсан» деп бір-ақ тоқтаймын. – Жарайсың! – деп мұғалім мені риза болып мақтайды. Қатарымдағы Жанбосын әлі отырмай, түрегеп тұр. Сағатбай оны көзге шұқып: – Мынаны қара, сенен жасы да, бойы да кіші. Ал сен оның қасында өгіздейсің, ұялмайсың ба? – дейтін. Мен мақтағанға мәз болып, Жанбосынға «Сенен асып кеттім бе» дегендей қутың-қутың қараймын. Жай кез болса, ол мені иығымен қағып, аяғымен тапап кетер еді ғой. Ал қазір өйте алмайды. Маған деген қыжылы ішінде болады... Ол мені, өле алмай жүріп, одан асқан білгіштігім үшін, тілімнің кейде оны шағып алатын қыршаңқылығы үшін жек көреді. Жанбосынның алып келетіні аппақ ақ нан. Үзіліс кезінде анадай көрнекі оқшау жерде тұрып, әдейі біздің көзімізді қызықтырып, баппен шайнап жей бастайды. Біз оған көңіл аудармаған боламыз. Қарамауға тырысамыз. Бірақ қарамау қайда. Көзі құрғыр еріксіз бұрылшақтап, түсіп кете береді. Ауызға бір кездерде жеген ақ нандардың дәмі келіп, сілекейіміз шұбырады. Біздің бұл хәлімізді қаскөй Жанбосын өте жақсы біледі. Осыдан соң онымен қалай жау болмассың? Мен Батырқанның баласы болып тумағаныма өкінетін едім. Батырқанның баласы болып тусам ғой – әдемі киім киіп, ақ нан жеймін. Әлгінде Жанбосын жеген ақ нан сабақта отырғанда да көзіме елестеумен болады. Тапа-тапа ақ нандар менің түсіме де кіреді. Апам есік алдында көң жағып, көмбеге нан пісіріп жатады. Маған жей қой деп, үлкен етіп үзіп береді. Мен қаужаңдап жеп жатам. Ояна кетсем, түсім. Ішім удай боп ашып кетеді. Көзімді тез қайта жұмып, әлгіндегі ақ нандарды қайтадан іздеймін. Бірақ амал қанша, ақ нандар сол жоғалғаннан ғайып боп жоғалады. Аузымда дәмі, ойымда сырқыраған өкініші ғана қалады». Дулат Исабеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:  width= «Өзім аурушаң болғам. Бесінші баламын. Онша қажетім жоқ, штаттан тыс адам сияқтымын. Бір күні кешке қарай демалмай қалыппын. Бір жарым жасар кезім. Өлдіге санаған. Шешем көзіне жас алып, «қазір кеш боп қалды, таңертең жерлейміз» деп, киізге орап, дәлізге шығарып тастаған екен. Естуімше, сол кез шелекке мұз қатып жатқан мезгіл болуы керек. Таңертең кетпен, күрегін алып адамдар кетпей ме, маған қайбір мола керек дейсің, ұзындығы 1 метр, ені 60 сантиметр жетіп жатыр. Молашылар жерді тез-тез қазып, мені қоятын адамдардың келуін күтеді. Адамдар әлі жоқ, әлі жоқ. Сосын олар кісі жіберіпті. Сол кезде көрші кемпір «ал енді баланы алып шығыңдар, апарайық, көрді ұзақ күткізуге болмайды» деп, маған жақындай түсіпті. Ораудан бетім ашық жатқан көрінеді, кемпірді көре сала ыржиыппын. Байғұс кемпір «ойбай, Күмісгүл, мына балаң тірі ғой» деп шалқасынан түсіпті. Шешем жетіп келіп, сол кезде ғана еңіреп жылаған екен. Кейіннен ортаншы ағам екеуміз бір мектепте, бір класта оқыдық. Ол менен үш жас үлкен болды. Ол кезде солай оқи беретін. Екеуміз таласып қала береміз. Допқа, асыққа, ләңгіге таласамыз. Ол күшті болатын. Біз төртінші класта болсақ та, жетінші сыныптың балалары менің ағамнан қорқатын. Мен ғана қорықпаймын. Тапал, шәлтік деймін. «Не дедің, қайтала?!» дейді, саспаймын, қайталап беремін. Бас сала кеп ұрады. «Сөзіңді қайтып ал» дейді, «алмаймын» деймін астында таяқ жеп жатып. Ұрады, ұрады, бір кезде шаршайды да жібере салады. Ентігіп отырып: «Вот, сені сол кезде көміп тастай салу керек еді» дейді ызаланып... Әкем соғысқа аттанып кеткен. Шешемнің айтуына қарағанда, байдың қызы болған. Тәркілеуге түскен көрінеді. Молданың оқуына оқыған, жатарда ылғи Құранды айтып отыратын. Тіліңді кәлимаға келтіріп, ұйықтарда өзіңнің жаназаңды шығарып жат, әйтпесе арам өлесің дейтін. Әпкелерім соған таңғалады, біз білмейміз, осының барлығын сен қайдан білесің деп. Енді, кішісі болғаннан кейін көбіне шешемнің қасында ұйықтайтынмын. Кейіннен, 1956 жылы шешем қайтыс болды. Біз Қараспан жаққа көшіп келдік. Бұл жақтағы өмір ерекше, сәл ес білген өмір болды. Бүкіл шығармашылыққа өшпестей із салып кеткен кезең. Ал анау балғын балалық шақ болып қалды енді. Екі әпкем тұрмысқа шығып кеткен, үш бауыр қалдық. Үлкен ағам керемет математик болатын. Қорқынышты заманның әлі үрейі кетпеген кезең. Әпкелерім «интернатқа кетіп қала ма, таппай қаламыз ба» деп, бізге (соңғы екі ұлға) алаңдап, жер сабалап отырып үлкен ағамды үйлендіреді. Әлі есімде, ағам: «Менің махаббатым қайда сонда?» – десе, әпкелерім: «махаббатыңды қоя тұр, мына екі бала есейгеннен кейін іздейсің», – дейді. «Екінші рет үйленем бе?» – деп ағам шығады. «Сен үшінші рет үйленсең де ештеңе жоқ, алдымен осы екі баланы аяғынан тік тұрғызу керек» деп жатып, ақыры үйлендірді. Ауыл молдасының 17 жастағы Зүлфия деген қызын әперді. Сонда екі әпкем кетіп бара жатып, ағам мен жеңгемді отырғызып қойып: – Ал айналайын, Зүлфия, сен Нәбиалдың әйелі емессің. Сен мына екі баланың анасысың. Анасы боламын деп уәде бересің бе? – Беремін, әпке. – Екеуің қол ұстасып, вечерге кеткенде, мына екі бала үйде құлыпталып, тамды жағалап қалмайтынына уәде бересің бе? – Беремін, әпке. – Мына Дулатжан жыласа, әлі апа деп жылайды. Апа деп жылатқызбайсың ба? – Әпке, айта бермеңізші, мен қайда келгенімді біліп келдім – Олай болатын болса, екі дүниеде де біз саған риза боламыз. Саған сеніп осы екі баланы тастап кеттік, – деді әпкем. Сол антын бұлжытпай орындады жеңешем. Тентекпіз, бұзықпыз, тамақтың тұзы неге аз, неге көп дейміз, сәл қою не сұйық болып қалса да жақтырмаймыз. Сонда жеңгем 17-18 жасар жас қыз ғой. Ол жылайтын, неге ішпейді деп. Қырсығып кетіп қаламыз. Олар бізді іздейді. Екеуі екі жақтан іздеп, тауып, жылап тұрып үйге әкелетін. Сол кезде бауырмалдық деген қандай еді?! Ол заманның ерекшелігі – сенің басыңдағы қайғы-мұң барлық халыққа ортақ болатын. Сол ғана адамды жұбататын. Бәріміз көкемізді күтеміз. Бәріміз таң атса болды, бір жолаушы көрінсе, біздің әкеміз, көкеміз, ағамыз деп күтеміз. Соншалықты қиын бола тұрса да, ертеңгі ішетін тамақтың жоқтығына онша мән бермейміз. Сөйтіп жүріп жыр оқимыз, сөйтіп жүріп жыр тыңдаймыз. Махаббат жолында қаңғып жүрген Қозыға жанымыз ашиды, батырлық жолында қолға түсіп қалған Қобыландыға да жанымыз ашып, тезірек зынданнан шығуын тілейміз. Қиял, қиял, тағы да қиял. «Суреткерді жоқшылық қалыптастырады» дейді Максим Горький. Егер де менің әкем сол кезде бастық болса, мен жазушы болар ма едім, болмас па едім?! Жоқшылық адамды тізгіндеп ұстап отырады. Тырысасың. Бұдан құтылудың жолын іздеп, нөпір-нөпір қиялдың астында қаласың. Жазу жазғанда осының барлығы саған үлкен қор болады. Шетінен кертіп алып жаза бересің. Қазіргі жас ұрпаққа: «Сендер терезенің алдында өскен гүл сияқтысыңдар. Ал біз – даланың жантағымыз, шеңгеліміз», – деймін. Кейінгі кезде байқағаным, көп адам балалық шағын айтып бере алмайды. Екі-үш сөзбенен қайыра салады. Демек, балалық шағын байқай алмай қалған болуы керек ойлаймын. Менің замандастарым алпысқа келсе де соғыстан әкесін күткен әумесер ұрпақ болып қалдық. «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесінде бұзау қасқырға жем болған кезде, апасы мен баласының мынадай диалогы бар: – Әкеміз болғанда бұзауды көтеріп алып келер еді ғой, иә, апа? – УҺ, байғұс-ай, қарға құзғынға жем болып жатыр ма екен? – Қарға құзғын деген не, апа? – Ә, ол деген сондай жаман құс. Өлексені жей береді. – Сонда көкемді де қарға құзғын жей ме? – Иә. – Қарға құзғын менің көкемнің етін тамақ деп қабылдап шоқи ма? – Иә, жатшы жаным, ұйықташы, айта бермеші! Бұл – ішкі трагедия. Осы повесті оқып шыққаннан кейін менің әдебиеттегі ұстазым – Тахауи Ахтанов: «Әй, Дулат! Мен осы уақытқа дейін соғысқа бардық, қан төктік, қырылдық, Отанды қорғадық деп, міндет қылып жүруші едім. Мынадан кейін міндет қылмайтын болдым. Өйткені біздің жарым-жартымыз болсақ та, соғыстан аман-есен оралдық. Ал сендердің балалық шықтарың түгел қырылып қалыпты ғой», – деп сәл толқып еді. Сол сияқты «Майдан даласында ысқырып ұшқан оқ жол жөнекей қалалар мен өзендердің, таулар мен ормандардың үстінен зулап ұшып, дәл біздің Қараспан совхозына жетіп, дәл біздің ауылға кіріп, көк желкемізге тиіп, балалық шағымызды қырып жатты. Бізде балалық болды, бірақ балалық шақ болған жоқ». Бердібек Соқпақбаев әңгімелерінен аңқылдаған балалықтың, аузын ашса жүрегі көрінетін ашықтықты, ал Дулат Исабеков естеліктерінде бала болса да, ойы кемелденген, баршылық пен жоқшылықты түсінетін, әр нәрсенің қадірін білетін ересек кейіпті көруге болады. Екеуін тұтастыратын бір нәрсе – Анаға деген сыйластық, махаббат. Ұқсастық – қазақ даласының басынан өткен ауыртпашылық заман, соғыс кезі. Соны тереңінен түсіне алған бала ақылы. Екі баланың кеудесіндегі білімге деген ұмтылыс, тәндері аш болса да, жандары әдебиетке тоқ болған кейіптері жүрекке ерекше бір жылулық, ұлтқа деген бөлек бір мақтаныш сыйлайды. Түптеп келгенде, қазақ – ойы терең, шыдамды, аштан емес, намыстан өлетін қайсар, «таспен атқанды аспен ататын» ақылы биік, кең болып, кем болмайтын кеңпейіл, жетімі мен жесірін жылатпайтын жанашыр халық. Бұған қазақ даласында туған хандар мен билер, батырлар мен жыраулар, ақындар мен жазушылар және «суға салса батпаған, отқа салса жанбаған» халықтың өміршеңдігі дәлел. Ал халықтың өміршеңдігіне осындай жазушылардың естеліктері мен жазбалары дәйек болып қалды. Себебі бұл жазбаларда жалғыз екі жазушының отбасы ғана емес, барша қазақтың басына төнген қиын-қыстау кезең көрініс береді.  

Серіктес жаңалықтары