Баркөл ауылы құрылды
Баркөл ауылы құрылды
Жаңа ауылдың іргесін шетелден ата-жұртқа көшіп келген қандастарымыз қалаған. Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағынан бой көтерген Баркөл ауылының қоныс тойына қоғам қайтарткерлері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері, өнер жұлдыздары қатысты.
Баркөлге ата-жұртын аңсап келген ағайын қоныстаныпты. Қоныс тойы Тәуелсіз елдің, бейбіт өмірдің берекесін тағы бір паш етті. «Байтақ даланы қорғап қалған Қазақстандағы қандастарымызға мың мәрте рахмет айтқым келеді. Сіздерге борыштармыз. Сіздер болмасаңыздар, Сіздердің төккен қандарыңыз, қажырлы еңбектеріңіз болмағанда қазақ даласы сақталып қалмас еді. Ата-жұртты сақтау үшін қаншама қазақтың ұлылары, ұлықтары, ұлдары мен қыздары жанын қиды. Ерлік пен өрліктің арақасында ұлан байтақ дала қалды. Бақыт деген осы», – дейді Жапонияда ұзақ жыл ұстаздық еткен ғылым докторы, профессор Уатқан Сәйпілұлы құттықтау сөзінде.
Жаңа ауылдың іргесін қалауға 8 жыл уақыт кеткен. Бастама көтерген кәсіпкерлер 12,5 гектар жерді жеке тұлғалардың қолынан сатып алыпты. «Біз бұл бастаманы 2007 жылы қолға алдық. Алғашында түрлі қиындықтар мен кедергілердің болғаны жасырын емес. Құжаттарды рәсімдеу кезінде де көп кедергілер болды. Бірақ, біз атажұртқа не алам деп емес, не берем деп келгендігімізді дәлелдегіміз келді. Жергілікті және аудандық әкімшілік тарапынан құжаттарды рәсімдеу, электр жарығын тарту, су құбырларын реттеу секілді коммуналдық жұмыстарға қолдаулар көрсетілді», – дейді «Баркөл» ауылдық тұтыну корпоративінің төрағасы Мақсұтқан Дәлейұлы. Ауыл тұрғындары өндірісті әртараптандыру, мал бордақылау, үй құстарын ұстау, жеміс-жидек өсіру, қолөнер сынды бірнеше түрлі кәсіппен айналыспақ.
Бүгінде ауылда 56 отбасы қоныстанған. Елді мекен тағыда 200 отбасын қоныстандыра алады. «Жол мәселесіне келер болсақ, қазір біздің бюджетіміз шектеулі. Егер ауыл тұрғындары өздері бас болып, шағыл тасын сатып алатын болса, ауылдық әкімшілік техникалық жағынан көмектесетін болады. Бүгінде балалар аудандық білім бөлімінен арнайы автобусымен Тұрар ауылындағы орта мектепте оқып жүр», – дейді Жаңашамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы. Сондай-ақ, алдағы уақытта кәсіпкерлердің қолдауымен Баркөл ауылынан мешіт салынады.
Жәнібек ҒАЛЫМ