ЕАЭО: тауарлар бірыңғай таңбаланады

ЕАЭО: тауарлар бірыңғай таңбаланады

ЕАЭО: тауарлар бірыңғай таңбаланады
ашық дереккөзі
270
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған келісімге Алматы қаласында 2018 жылдың 2 ақпанында қол қойылғаны белгілі. «Келісімнің негізгі мақсаттары тауарлар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқығын қорғау, көлеңкелі экономиканы азайту, бюджетке салықтардың түсімін арттыру, одақ ауқымында бизнесті жүргізудегі бәсекелестік шарттарын теңестіру болып табылады. Келісімнің ережесі таңбалау енгізудің тәртібі мен мерзімін белгілеуді, тауарға сәйкестендіру құралдарының және оларды тауарларға желімдеу бірыңғай талаптарын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер арасында таңбаланған тауарлар туралы берілетін мәліметтердің құрылымы мен құрамын реттейді», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов. Келісім бойынша Кедендік одақ аумағына әкелінген және одақ аумағында өндірілген тауарлар таңбалануға жатады. Бұл ретте, тауарларды Кедендік одақ аумағынан тысқары жерлерде де таңбалауға рұқсат етіледі. «Таңбаланатын тауарлардың тізбесі одаққа кіретін елдердің ұсынысы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесімен бірауыздан бекітіледі. Ол үшін таңбалау енгізудің мақсатқа сай екендігі туралы толық талдау ұсыну қажет. ЕАЭО аумағында жеке тауарлар топтамасына таңбалау енгізу туралы ортақ шешім қабылданған жағдайда, бастамашы мемлекет өзінің заңнамасына сүйене отырып, таңбалау енгізуге құқығы бар. Бұл ретте, басқа мүше-мемлекеттер өздерінің ниеттері пайда болған кезде осындай таңбалауға қосыла алады», – деді министр. Оның сөзіне қарағанда, кейбір жағдайларда тауарлар таңбалауға жатпайды. Мысалы, өндірілген тауарларды Одақтың кедендік аумағынан сыртқа шығарған жағдайда және жеке тұлғалардың өз қажеттілігі үшін әкелген тауарларды таңбалаудың қажеті жоқ. Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда таңбалау институты әлемнің көптеген дамыған елдерінде қалыпты жағдайда қолданылуда. «Тауарлардың әрбір бірлігін таңбалау және оны импорттаушыдан және өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейін қадағалау экономиканы цифрландырудың тиімді құралдарының бірі болады деп есептеймін. Келісімді іске асыру республикалық бюджеттен қаржы шығаруын қажет етпейді», – деді Әлихан Смайылов.  

Серіктес жаңалықтары