Қазақ әнін қайта құлпыртқан «Қоңыр» тобы (сұхбат)

Қазақ әнін қайта құлпыртқан «Қоңыр» тобы (сұхбат)

Қазақ әнін қайта құлпыртқан «Қоңыр» тобы (сұхбат)
ашық дереккөзі
3125

«Қоңыр» тобы қазақ өнерінде 8 жылдай уақыт бұрын пайда болды. Сол уақыттан бері бұл топ өзінің ән орындау, киім таңдау мәнерінен, қарапайымдылық пен қазақылықтан еш айныған жоқ. «Қоңыр» – жай ғана екі жігіт, бір қыздан құралған үштік емес. Ол – арзан әнге құмартқан қазақ жастарына қазақылықты қайта үйреткен жаңашыл топ. Қазақ өнеріне этно-эстрадалық топ деген ұғымды енгізген де осы «Қоңыр». Қазақ әнінің өлгенін тірілтіп, өшкенін жаңғыртуға үлес қосқан да осы екі жігіт пен бір қыз десек қате болмас.

Мархабат Мықтыбеков, Бауыржан Асанбаев, Жазира Қоша­но­вадай үш өнер иесінен құралған «Қоңыр» тобымен сұхбаттасу үшін хабарласқанымызда өзде­рін «Ардагерлер үйінен» табаты­ны­мызды айтқан. Белгіленген уақытта «Ардагерлер үйіне» бардық. Сөйтіп, көңілі жабырқау қарт­тардың жарасын жеңілдетуге тырысқан «Қоңыр» тобын «Ардагерлер үйінің» сахнасынан таптық. Сахна төрінде қарттармен етене байланыс орнатқан топ мүшелерінің қарапайымдылығы мен қазақылығына тағы бір көзіміз жеткендей болды. Осы қайырымдылық кешінен кейін «Қоңырдың» қоңыр үнді үштігімен әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік алған едік.

– «Қоңыр» тобы 2007 жылы құрылды. Содан бері 8 жыл уақыт өтті. Бұл өнер ұжы­мы үшін аз уақыт емес. Кешегі «Қоңыр» мен бүгінгі «Қоңыр» туралы айтыңыздаршы. Нені үйрендіңіздер? Неден жирен­діңіз­дер?

Мархабат: – Үйренгеніміз көп, үйренеріміз одан да көп. Ең алдымен, біз өзіміз бұрын есті­ме­ген қазақтың әндерін тыңдап, соларды жарыққа шығардық. Үлкен концерттерде өнер көрсетуге мүмкіндік алдық. Өнер жолы үнемі ізденісті талап етеді. Сондықтан, біз өз ізденісімізді тоқтатпадық. Әлі де ізденіп, білмегенімізді үйреніп келеміз. Жалпы, біздің репертуарымыздағы әндерді музыка зерттеушілері алып қарайтын болса, олардың өңдеуі бір-біріне еш ұқсамайтынын бірден байқайды. Бұл да – біздің ізденісіміздің, еңбегіміздің бір жемісі.

Біз өнер тобы болып құрылғанда алға қойған әуелгі мақсатымыздан әлі де айнымадық. «Қоңырдың» басты мақсаты – шаң басып мұрағатта жатқан әндерімізді қайтадан жарыққа шығарып, өмірге алып келу, тыңдармандарға ұсыну. Осы үдеден шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Қазақтың әдемі әндерін жас та, жасамыс та сүйіп тыңдаса екен деген тілегіміз бар. Әуелде біздің әндерімізді 50 жастан асқан азаматтар ғана тыңдайтын, оны жасырмаймыз. Ал соңғы жылдары ән кештерімізге жастар да көптеп жиналатын болды. Бұл – қазақ әнінің абыройының, дәрежесінің өскені деп ауыз толтырып айта аламыз.

«Қоңыр» тобына келгенге дейін мен біраз уақыт дәстүрлі әнші ретінде сахнада жүрдім ғой. Ал Бауыржан мен Жазира 19 жаста ғана еді. Ол кезде екеуі де студент. Енді ғана өнер жолындағы ізденістерін бастап жатқан жас өнерпаздар. Екеуінің өнер жолы осы «Қоңырдан» басталды деп айтсақ қателеспеспіз. Бауыржан мен Жазира 60-70 адамның арасынан іріктеуден өтіп, топтың құрамына қабылданды. Содан бері іргеміз ажыраған емес.

– Дәстүрлі әндерді жаңаша бағытта өңдеу пайда болғалы бері қоғам пікірі екіге жарылды. Біреулер мұны құптаса, екінші топ «әннің табиғаты бұзылғанын» алға тартады. Жасыратыны жоқ, кейбір әншілер халық әндерін бүлдіріп орындап та жүр. Мұны түзеудің жолы қандай?

Бауыржан: – Біз «Қоңыр» тобы үшін ғана жауап берейік. Жалпы, заманауи бағытта өңдеп, жарыққа шығарғаннан әннің табиғаты бұзылды деп айтудың қажеті шамалы. Әнді өңдеу арқылы табиғатын сақтап қалуға болатындығын мен 100 пайыз сеніммен айта аламын. Дәстүрлі әндерге жаны ашитын, халық музыкасының шын жанашыры, музыка зерттеуші мамандардың өзі біздің репертуарымыздағы әндерді жоғары бағалауда. Бір мысал айта кетейін, Семейде Төкен Ибрагимов есімді 80 жасқа келген абайтанушы ақсақал: «Сендер тек ән айтып жүрген жоқсыңдар. Сендер қазақ әнінің, дәстүрлі әнінің емдеушісісіңдер. Қазақтың әнін қайта тірілткен топсыңдар», – деген болатын. Мақтанғанымыз емес, бізге осы тектес оң пікірлер жиі жолданып жатады. Осындай жылы лебіздерден кейін өз өнеріміздің, еңбегіміздің текке кетпегенінін ұғынып, қуанып қаламыз.

Жазира: – Тағы айта кетейік, біз дәстүрлі әннің табиғатын ешқашан бұзған емеспіз. Біз қолымызға түскен әнді әуелі әбден зерттеп-зерделейміз. Әннің тарихына көз жүгіртеміз. Бұл әнді ең алғаш кім орындады, қалай орындалды? Осының бәріне назар аударамыз. Ал әнді өңдеген кезде түпнұсқасынан ауытқымауға тырысамыз, жастардың құлағына сіңімді болатындай жасаймыз. Әннің бір шумағы мен қайырмасын міндетті түрде түпнұсқа бойынша орындаймыз.

Мархабат: – Біз үшеуміз де ұстаз көрген адамбыз. Ұстаздан тәлім-тәрбие алдық. Солардың үйреткенін өз тәжірибемізде жүзеге асырып жатқан жайымыз бар. Сонымен қатар, дәстүрлі әннің табиғатын сақтау үшін орындаушыда халық әуеніне, әніне деген жанашырлық болуы тиіс. Қазақтың халық әні бізге бабалардан жеткен аманат. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Әнді түсіну, оның мәнін ұғыну, түпнұсқасымен танысу өте маңызды. Өнер адамында «әнді алып, оны өңдеп, жарыққа шығара саламын» деген жаңсақ пікір ешқашан болмауы керек. Біз әндерімізді жарыққа шығармас бұрын, үлкен ақылшы ағаларымызға тыңдатып, солардың кеңестеріне жүгінеміз. Әбден сараланған, сүзгіден өткен әндерді ғана жарыққа шығарамыз.

Әрбір әннің өзіне тән табиғаты болады. Ал әнші әннің сол табиғатын сақтауға міндетті. Сондай-ақ, қазақтың халық әндерінен қазақы иіс шығып тұруы қажет. Біздің репертуарымызда да кейбір табиғаты бұзылған әндер болды. Бірақ біз оны халыққа ұсынған жоқпыз. Кей жағдайда өңдеушілердің қателігінен де осындай жайттар орын алып жататыны жасырын емес.

Мен «Қоңыр» тобы құрылғанға дейін де ән айтып жүрдім. Әуелде дәстүрлі әнді домбырамен ғана орындау керек деген қағидамен өмір сүргендердің қатарынан едім. Кейін мұның қате пікір екеніне көзім жетті. Бір білетінім, дәстүрлі әндер ешқашан өлмейді. Өйткені қазір оқу орындарында түрлі бағыттағы дәстүрлі ән мектептері бар. Ол мектептерде тәлім алып жатқан қаншама жас талант бар. Сондықтан, қазақтың дәстүрлі әндері мәңгі жасайтыны хақ.

– Сіздер орындаған әндер еш­қашан халықтың сынына іліккен емес. «Қоңыр» тобының орын­дауындағы «Туған жер», «Нақ-нақ», «Молдабай», бәрі-бәрі тыңдарманның сүйікті әніне айналды. Бұл әндерді жас та, кәрі де сүйіп тыңдайды. Топтың репертуарына кім жауапты?

Мархабат: – Репертуарға жауапты жандар өте көп. Ең бірінші, топтың продюсері – Сержан Молдасанұлы. Одан кейін қазақ өнерінің, қазақ әндерінің жанашырлары – Тұрсынжан Шапай, Ғалым Доскен, Гүлнар Салықбай, ән өңдеушіміз – Бейбіт Апош. Осы аты аталған азаматтардың барлығы біздің репертуарымыздағы әндерді бірге талқылап, таразылайды. Шүкір, әннің мәнін ұғынатын жандардың елегінен өткен әндер тыңдармандарымыздың көңілінен шығып жатыр. Қазіргі уақытта Тұрсынжан Шапай, Жәудір Артықбаевамен жұмыс жасаудамыз. Көбінесе репертуарымызға халық әндерін таңдаймыз.

Әлбетте, топтың мүшесі, әндерді орындаушы ретінде ән таңдауға үшеуміз де қатысамыз. Мысалы, Жазира репертуарымызға «Секіртпе» әнін алып келді. Кішкентай кезінен өзі орындаған осы әнмен талай байқауларда жүлдегер атанған екен. Бүгінде бұл әнді Жазираның ұсынысы бойынша репертуарымызға қосып алдық. Халық жылы қабылдайтын әндердің біріне айналды. Ал мен «Нақ-нақ» әнін ұзақ жылдар домбырада орындап жүрдім. Бұл ән де «Қоңырдың» репертуарынан ойып тұрып орын алды. Мұхиттың «Көк айдай» әнін де өзіміз таңдағанбыз. Сол секілді өзіміздің ұсынысымызбен орындап жүрген әндеріміз де баршылық.

– «Қоңыр» тобының құрылуына мұрындық болған Тұрсынжан Шапай, Ғалым Доскен ағаларымыз екенін білеміз. Осындай атпал азаматтардың сенімін қаншалықты ақтай алдыңыздар?

Бауыржан: – Бұл кісілер «Қоңыр» тобының құрылуына тікелей ықпал еткен жандар. Олардың үмітін, сенімін ақтау – біздің бір міндетіміз. Қазір ағаларымыздың сенімін шамамыздың келгенінше ақтап жатырмыз деп айтсақ болатын шығар. Өйткені олар әлі де біздің жанымызда, ешқайда алыстап кеткен жоқ. Өнерімізді бақылап, ақыл-кеңестерін айтып отыр. Біздің жарыққа шығып жатқан әндеріміздің барлығы сол кісілердің қолынан өтеді. Орындауымыздағы әндерді тыңдайды, кейде концерттерге шақырып тұрады. Сондықтан, бізге артқан сенімдерін ақтауға тырысып бағудамыз.

– «Қоңыр» тобының бүгін­гі тыныс-тіршілігімен таныс болайықшы. Топтың шығар­ма­шы­лығында қандай жаңалықтар бар?

Жазира: – Кез келген өнер адамы секілді біз де ән жазып, шығар­ма­шылығымызбен айналысудамыз. Көп ән жазып жатырмыз деп айтпай-ақ қояйық. Өткен жылы ғана жеке ән кешімізді өткіздік. Сол концерттердегі орындалған әндердің 70-80 пайызы жаңа әндер. Сол әндерді қайтадан жарыққа шығару керек. Жыл сайын 5-6 ән жазып, кеш өткізе беруге болмайды. Бір ән жазғаннан кейін, оны халыққа кеңірек таратып, тыңдарманға сіңіру керек.

Облыстарды аралап концерттер бердік. Қазақ хандығының 550 жыл­дық мерейтойына орай Тараз қаласында өткен үлкен тойда екі күн жеке ән кешін бердік. Түрлі қайырымдылық концерттер, мерекелік кештер, түсірілімдер бар. Шақырған жерден қалмауға тырысамыз.

Той-томалақтарда да ән саламыз. Мұны жасырудың еш қажеті жоқ. Бұл бізге дейін де болған дәстүр, бізден кейін де жалғасатыны анық. Ертеде сал-серілеріміздің де тапқан нәпақасы сол тойдан болған. Біздің де сол дәстүрді жалғастырғанымыз айып емес шығар.

– «Қоңыр» тобы туралы сөз қозғағанда Сержан Молдасан­ұлы­ның атын атамай кетуге болмас. Продюсердің талабы қаншалықты қатал?

Бауыржан: – «Қоңыр» тобының бүгінгі дәрежесі – продюсердің еңбегі. Топтың құрамы қандай болуы керектігін, қандай әндер орындау қажеттігін, тіпті, қандай сахналық киімдер кию керектігін де ойластыратын продюсер. Әлбетте, «Қоңыр» тобының өнердегі жұмы­сында жоғарыда атын атап өткен азаматтардың өз үлестері бар. Бірақ продюсеріміз топтың жұмысына бар ниетін, күш-жігерін жұмсап жатқанын айта кеткеніміз жөн.

Егер продюсердің бізге қойған талабы тым қатал болса, мұнша уақыт бірге жұмыс істемес пе едік, бәлкім. Ондай жағдай болса, бүгінде топ тарап кетуі де ғажап емес еді. Бірақ біздің продюсеріміз бар жағдайымызды жасап, қажет жерде сөзімізді сөйлейді. Біз алғашында продюсермен 5 жылға келісімшартқа отырғанбыз. Келісімшартты алғаш қол қойған кезде ғана көрдік. Одан кейін сол келісімшарт туралы сөз болған емес. Қазір топ құрылғалы 8 жыл болды. Келісімшарттың біткеніне де 3 жыл уақыт өтіп кетіпті. Алайда біз продюсерімізбен жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Бұл продюсерімізбен арамызда өзара сыйластықтың, достықтың, ауызбіршіліктің, түсіністіктің қалыптасқандығынан шығар.

Мархабат: – Сержан Молдасанұлы «Қоңыр» тобының жұмыстарын өз қолына алғаннан кейін топта өнер көрсететін әншілерді іріктеп, бір оқу орнында, яғни, Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжінде бірге оқитын Бауыржан мен Жазираны 60-70 үміткердің ішінен таңдап алды. Сөйтіп, үшеуміздің басымызды біріктірген продюсермен бірге бүгінгі күні сыйластықта еңбек етіп жатқан жайымыз бар.

– «Қоңыр» тобы осыған дейін екі рет жеке ән кешін берді. Ендігі ән кешін қашан тамашалай аламыз?

Мархабат: – Жеке ән кешін был­тыр ғана бердік. Енді екі жылдан кейін «Қоңыр» тобының 10 жылдық мерейтойы болғалы тұр. Сол кезде ұйымдас­тыратын шығармыз. Ал үлкен сахнада жеке есеп беру кешін жиі беретін ойымыз жоқ. Жалпы, Республика сарайында жарты жыл сайын, бір жыл сайын ән кешін ұйымдастыру ақша табудың жолы деп түсінемін. Жеке ән кеші, есеп беру концерті болған соң, оны 2-3 жылда беру керек. Осы уақыт аралығында қандай жұмыс жасадың, нендей әндеріңмен халықты қуанта алдың? Жазған әндерің қазақ өнеріне қажет пе, ол ән тыңдарманға не береді? Жастарға, болашақ ұрпаққа жол сілтей алатын ән бе? Осы сауалдарға жауап тапқаннан кейін ғана жаңалықтарыңды, жаңа туындыларыңды жинақтап, халық алдында есеп беруге болады.

– Бүгінгі күні қазақ эстрадасы жиі сынға ілігеді. Себеп неде? Сіздердің ойларыңызша, қазақ эстрадасы неден сүрініп жүр?

Бауыржан: – Жасыратыны жоқ, бүгінгі қазақ сахнасында кім көрінген жүр. Мәселен, ауылда, ауданда, облыста мәдениет үйі бар. Сол мәдениет үйлерінде жұмыс істейтін өз деңгейіне лайықты әншілер болады. Ауыл-аудан әншілері ары кетсе облыс орталығына келіп, есеп беру кешін өткізуі мүмкін. Ал еңбегі, күш-жігер, таланты болса, ол әнші әрі қарай өнердің биігіне шығады. Сол секілді көше әншілері, қалалық деңгейдегі және республикалық деңгейде өнер көрсететін әншілер де бар. Үлкен сахнада өнер көрсететін әнші жоғары деңгейге сай болуы тиіс. Оның көше әншісінен ерекшелігі болуы заңды. Олар әннің табиғатын, мазмұнын, музыканың сырын, сөздің төркінін түсінуі керек.

Мархабат: – Соңғы уақытта МС Сайлаубек деген азаматты ауыздан тастамайтын болды жұрт. Тіпті, оны телеарналардың, қазақ сахнасының төріне шығарып алдық. «Бұл – қазақ өнерінің өлгені» деген пікірлерді естідім. Мен осы сөзге қосыламын. Сонда біздің қазіргі жастарымыз не тыңдап жүр? Олардың ойлау қабілеті жоқ болғаны ма? Біздің ән таңдай алмайтын деңгейге жеткеніміз бе? Осыны ойлап қынжыламын. Кез келген өнер адамы халықтың айнасы ғой. Оны миллиондаған халық көреді, жастар тамашалайды. Тіпті, сол әншілерге еліктейтіндер де табылады. Сонда жастарымызз Сайлаубектей болғысы келе ме? Бүгінгі сахнадан көріп жүргені сол болса, ол да мүмкін. Ішіп алып, сахнаға шығып, аузына келгенді оттап, түсінбейтін тілде ән шырқап тұрса, қазақ өнерінің ертеңі қандай болмақ? Бізге сахна мәдениеті, сахна тілі, сахна қозғалысы дегеннің бәрін үйретті. Содан сабақ алдық. Енді бүгінгі сахнада не болып жатқанын қараңыз. Қазір шетелдің әндерін қазақшаға аударып орындау кең етек ала бастады. Өзге ұлттың музыкасы жастардың құлағына сіңіп, сол әуендерді кішкентай балаларымыздың құлағына құйып жатырмыз. Осы әуендерді тыңдаған жастардың арасынан ертең сазгер, ақын шығатыны анық. Ал кішкентайынан өзге ұлттың әуені құлағына сіңген ақын мен сазгер ертеңгі қазақ әніне сол иірімдерді енгізбесіне кім кепіл. Содан кейін қазақтың әні былғанып, лайланбағанда қайтеді?! Мен, тіпті сол Сайлаубек секілді әртістерді жарнамалайтындардың әрекетін де түсіне алмаймын. Бұған қандай шара қолдану қажеттігін де білмеймін. Жалпы, қазақ өнеріне, әніне, қазақ сахнасындағы мұндай жағдайға сырт көз күле қарайды.

Жазира: – Қазір біздің өнерде жүрген замандастар, аға-әпкелерге сын айтуға да қорқасың. Өйткені оны әр түрлі қабылдайтындар бар. Айтқан ойыңды теріс түсінетіндер де кездеседі. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Өнерімен де, әдебімен де халықты сүйсіндіріп жатқан өнер азаматтары жетерлік. Бірақ әлгінде айтылғандай «бір қарын майды шірітетін құмалақтар» да жоқ емес. Бізді қынжылтатыны да – осы.

Әр ұлттың өз тілі, мәдениеті, тәрбиесі, санасы бар. Біздің міндетіміз ата-бабадан қалған сол дәстүрді әрі қарай жалғастырып, дәріптеу болуы тиіс. Ал енді Сайлаубек секілді түсініксіз тілде ән шырқап, қазақ сахнасында аты шығып, елге танылып жатса, оның да тыңдарманы бар деген сөз. Өйткені өнерде жүрген жандарды жарқырататын да, мәртебесін арттыратын та, керісінше, биіктен құлататын да тыңдармандар. Егер тыңдармандар назар аудармаса, ондай жандар өздері-ақ сыртта қалып қояды.

– Бірнеше шет мемлекеттерде жеке ән кештерін өткізген екенсіздер. Біздің әншілердің біразы шет елге шыққанын, концертке қатысқандарын жиі мақтанышпен айтады. Айтуларына қарағанда, өзге елдің адамдары қоғадай жапырылған болып шығады. Бірақ дәл солай болғанын тексеру мүмкін емес...

Мархабат: – «Шақырған жерден қалма» деген сөз бар емес пе? Дания еліне қазақтардың кіші құрылтайына шақырту алғанбыз. Германиядағы еліміздің Конституциясы күніне арналған мерекеге шақырды. Біз Германия астанасы Берлиндегі концертте сол елдегі қандастарымыз болатын шығар деп күткен едік. Бірақ 7-8 ғана қазақ болды, қалғанының барлығы немістер. Бір сағат бойы өзге ұлт өкілдері алдында өнер көрсету оңай емес. Олар біздің тілімізді түсінбейді. Қалай болар екен деп қобалжығанымыз, қорыққанымыз рас. Бірақ концертімізді тура өз еліміздегідей қошеметпен қабылдады. Концертке келгендердің басым бөлігі – музыка зерттеушілері екен. Бір-біріне ұқсамайтын әндер, домбыра, сазсырнай, шаңқобызымызға қызығушылық танытқандар көп болды. Ол түсінікті жайт. Ұлттық аспаптарымызға қайда барсақ та, қызығушылық танытады. Жергілікті телеарналар, газет-журналдардың журналистері келіп, сұхбат алып жатты. Қазақ әндерінің түрлі иірімдері шетелдік көрермендердің қызығушылығын туғызғаны біз үшін де үлкен мәртебе, мақтаныш болды. Қазақ халқының әндері осындай екен, аспаптары осындай болады екен деп жатты. Біз тек қазақ өнері арқылы халқымызды дәріптеп қайттық десек артық етпес.

Бауыржан: – Англияға да шақырту алған болатынбыз. Бірақ алдын ала жоспарлар құрып қойғандықтан, ол шақыртудан бас тартуға тура келді. Сонымен қатар, Қытай елінде жиі қонақ боламыз. Онда қандастырымыз орналасқан ауылдарға барып, өнерімізді көрсетіп қайтамыз. Ал қазір шет мемлекеттерге ұсыныстар, шақыртулар түсіп жатқан жоқ. Егер шақырып жатса, барып, әндерімізді орындап, тыңдармандарды қуантып қайтудан қашпаймыз. Қазір өзіміздің ел ішінде кештер ұйымдастырудамыз. Батыс өңірлерін көктемде түгел дерлік аралап қайттық.

Жазира: – Әрине, қазақтан шыққан өнер ұжымы шет мемлекеттерде ән шырқап жатса, қандай тамаша! Ал сол сахнаға өзің қазақ өнерінің жүгін арқалап шықсаң, бұл екі есе жауапкершілік, екі есе мәртебе. Германиядағы концертте еңбегіміздің еленгеніне разы болдық. Мүмкіндік болса, мұндай кештерде өнер көрсетуден қашпас едік. Қазақтың халық әндерінің мәртебесі қайда да жоғары. Мәселен, таяуда «Славян базары» байқауынан жеңіспен оралған Димаш Құдайбергенов Беларусь елінде халық әнін тамылжыта орындап, еліміздің көк туын биікке желбіретті. Бұл – қазақ өнері үшін, Қазақстанның мәдениеті үшін үлкен мәртебе. Халық әнін үлкен сахнада қалай орындады? Ал қазіргі халықаралық байқауларда эстрадалық әндермен таң қалдыру әзірге біздің қолымыздан келе қоймас. Өйткені эстрада шет мемлекеттерде әлдеқашан дамып кеткен.

– Бүгінгі қазақ эстрадасында топтардың құрылғанынан тара­ғаны жылдам. Оның үстіне, құрамын жиі өзгертетін топ­тар көп. «Қоңырдың» тұрақ­тылығының сыры неде?

Жазира: – Жалпы көп нәр­се адамның санасына, қара­пайым­дылығына, сыйластығына байланысты ғой. Біз бір-бірімізді аға-қарындас, дос-бауыр ретінде қабылдаймыз. Бір-бірімізге құлақ асамыз, бір-бірімізбен санасамыз. Біздің басты сырымыз сол қарапайымдылығымызда шығар.

Бауыржан: – Мархабат ағаны ақылшы, жол бастаушы ағамыз ретінде сыйлаймыз. Ал біз Жазира екеуміз бір колледжде, бір топта білім алдық. «Қоңырдың» құрамына да бірге қабылдандық. Сондықтан, бір-бірімізді жақын танимыз. Үшеуміздің арамызда ұрыс-керіс туындайтындай себептер де жоқ. Кез келген жағдайда арада сыйластық болса, ешқандай талас-тартыс та болмайды деп ойлаймын.

 – Әңгімелеріңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары