Әр қазаққа – алтын тайтұяқ

Әр қазаққа – алтын тайтұяқ

Әр қазаққа – алтын тайтұяқ
ашық дереккөзі
1115
Төрт тоғыз «9999» үлгісіндегі алтын құймалардың 4 түрлі номиналы нарыққа 2017 жылдың мамыр айынан бастап шығарыла бастаған еді. Қазақстанның валюта нарығындағы жаңа инвестициялық құрал екінші деңгейлі банктер арқылы сатылып келген. Енді алтын құймаларды кез келген ақша айырбастау орындарынан сатып алуға болады. Валюта нарығындағы кәсіпкерлерге құймаларды тікелей Ұлттық банктен сатып алуға жағдай жасалынып отыр. Мамандар: «Екінші деңгейлі банктерде сатылатын алтын құймалардың бағасы айырбас пункттерінде әлдеқайда арзан болады», ‒ дейді. ҚР Ұлттық банкі 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық құймалар халыққа қолжетімді болуы үшін арнайы бағдарлама қабылдады. ҚР ҰБ төлем балансы және валюталық реттеу департаментінің директоры Әнуар Қуандықовтың айтуынша, бағдарламаның артықшылықтары жетерлік. «Құймаларды сатумен айналысуға құзыретті ұйымдар үшін қызмет көрсету аясы кеңіді. Ал халық үшін инвестициялық жаңа құрал қолжетімді болып отыр. Ақша айырбастау пункттері арқылы кез келген қазақстандық қалаған көлемде алтын құймаларын сатып ала алады», ‒ дейді Ә.Қуандықов. Бағдарлама жұмысын бастағалы бері Ұлттық банк 5 мың 274 дана алтын құймасын сатып үлгерген. Ол шамамен 195,5 келіні құрайды. Олардың ішінде 10 грамдық алтын кесектеріне сұраныс жоғары екен. Ұлттық банктің алтын құймаларын сату бағдарламасына 50 ақша айырбастау пункті қатысуда. Мамандар алтын бағасы қаншалықты құбылса да, алаңдамау керектігін айтады. Себебі болашақта алтын тайтұяқтар иесіне айтарлықтай табыс әкелуі мүмкін. Қазақстан қаржы айырбастау орындары қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев: «Еліміздің Ұлттық банкінің ақша айырбастау пунктеріне алтын кесектерді сату жөніндегі бағдарламаға қатысу туралы ұсынысын қауымдастық оң қабылдады. Өйткені ақша айырбастау пункттері үшін қосымша шығынды талап етпейді. Техникалық тұрғыда барлық пункттер арнайы дабыл жүйесімен және қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Онымен қатар күзет қызметі бар.  Сондықтан біз бірден келістік», ‒ дейді. Не де болса қоржынында қомақты қаржысы бар кәсіпкерлер ақшасын енді түрлі валюталарда емес, ежелгінің байлары іспетті таза алтынмен сақтайтын шығар...  

Серіктес жаңалықтары