365
Далада дорба жата ма?
Далада дорба жата ма?
Әзірбайжан 2019 жылдан бастап пластик дорбаларды қолдануды қысқарту бойынша арнайы жобаны іске қосады. Жоба мерзімі екі жылға жалғасады деп жоспарланып отыр.
Жоба авторлары осындай бастама арқылы ұзақ жылдар бойы шіритін пластик қалдықтарының қоршаған ортаға тигізетін кесірін азайтуды мақсат етуде. Әзірбайжанның мұндай жоспарды қолға алуына әлемдік тәжірибе түрткі болды. Аталған тыйымды заңды түрде енгізген елдерде бір реттік дорбашалардың қолданылуы 90 пайызға азайыпты.
Әзірбайжанның статистика комитетінің мәліметінше, әр адам жылына 24 келі пластик қоқыс өндіреді екен. Сондықтан аталған жоба түйткілдің түйінін тарқату мақсатында қолға алынбақ. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, пластик дорбалар небәрі 15 минуттық кәдеге жарайды екен. Қоқысқа тасталғаннан кейін топырақта 500 жыл бойы шіриді. Отқа түссе, ауаға зиянды заттар бөледі. Бұл өз кезегінде адам денсаулығына зор кесірін тигізеді. Мамандардың айтуынша, обыр дертін туғызуы да мүмкін.
Әлбетте, пластик пакеттерден бірден бас тарту қиынға соғады. Алайда экология мәселесі жеке мамандардың түйткілі емес. Ол – тұтас қоғамның бас ауыртар мәселесі. Сондықтан мемлекеттік бағдарламадан бөлек адамдар саналы түрде мұндай дорбашаларды қолданудан бас тартса, жағдай біршама жақсарар еді. Ал бір реттік дорбалардың орнына матадан тігілген дорбаларды пайдалануға болады.
Бір реттік дорбаларды қолданудан бас тарту мәселесі Қазақстан үшін де тосын тақырып емес. Бұл мәселе біздің елде де талай уақыттан бері көтеріліп келеді. Қазақстандықтар да жылына миллиондаған дана полиэтилен дорбасын қолданып, соңынан қоқысқа лақтырады. Полиэтилен дорбалардың экологияға зиян екені әлдеқашан дәлелденіп қойған. Орнына биоқалталарды қолдану керектігі де айтылып жүр. Тіпті, елордада биодорба шығаратын арнайы компания да жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмейді.
Экологияға зиянсыз биопакеттерді әзірге Астана мен Алматының ірі сауда орындарынан ғана табуға болады. Компания басшылығы енді нарықты кеңейтпек ниетте. Десе де, экологтар жуық арада полиэтилен қалталардан қоғамның бас тартуы екіталай деп отыр. Себебі биодорбаның құны қымбат. Екіншіден, қағаз қалтаға көшу де табиғат үшін қауіпті. Сарапшылардың пікірінше, жаппай биодорбаға көшу үшін ағаштарды жаппай кесуге тура келеді. Ал еліміздің тек 3 пайызы ғана орман. Дегенмен еліміз үшін экологияны ластамау маңызды.
Бүгінгі таңда әлемнің 40-тан астам елі пластик пакеттерді өндіру мен қолдануға тыйым салып отыр. Олар полиэтилен пакеттің орнына экологиялық тепе-теңдікті бұзбайтын, тірі ағзалардың тіршілігіне залал келтірмейтін қағаз пакеттер ұсынуда. Мәселен, өткен жылы АҚШ-тың Калифорния штатының губернаторы пластик сөмкелерді қағаз дорбалармен алмастыруға міндеттейтін заң шығарды. Сондай-ақ, полиэтилен пакеттерді қолдануға түбегейлі тыйым салған елдердің қатарында Аустралия да бар. Ресейлік заң шығарушылар да бір реттік дорбаларды пайдалану мәселесін шешуді қолға алған. Мемлекеттік Дума депутаттарының пікірінше, Ресей секілді орман қорына бай мемлекеттің пластик қалбырлардан бас тартатын уақыты баяғыда жеткен. Италияда 2011 жылы сауда орындарында бір реттік полиэтилен пакеттерді қолдануға тыйым салынды. Бүгінде италиялықтар көп реттік қолдануға арналған қалың дорбалар мен биопакеттер пайдаланады. Ал Қытайда 2008 жылдан бері қалыңдығы 0.025 миллиметрден аспайтын полиэтилен қаптамалар мен пакеттерді өндіруге және қолдануға рұқсат етілмейді.
Экологиялық ахуалға алаңдаған кейбір мемлекеттер полиэтилен пакеттердің өндірісі мен қолданысына тыйым салмаса да, белгілі бір шектеу қойып, экологияға зиянын тигізбейтін балама дорбаларды ойлап табуға барынша тырысып бағуда. Мәселен, Ұлыбритания – нан өнімдеріне арналған биопакеттер шығаруды қолға алған әлемдегі ең алғашқы мемлекет. Мұндай биопакеттер төрт жыл ішінде өзінен-өзі ыдырап кетеді.
Бүгінгі таңда еліміздің Энергетика министрлігі бір рет пайдалануға арналған пакеттерді жоюды кезең-кезеңмен қолға алудың жолын қарастыруда. Ел экологиясын жақсартуға ниетті қазақстандықтардың бұл бастаманы қолдайтыны анық. Тек бұл сөз жүзінде қалмай, бастаған іс толығымен орындалсын дейік.