459
Жәмила Мұхамеджанова: Әкемнің шығармашылығы әлі де бағаланбай жүр
Жәмила Мұхамеджанова: Әкемнің шығармашылығы әлі де бағаланбай жүр
Әр адамның пікірін құрметтейтін
– Әкем өте ақкөңіл адам болды. Қатал мінезі жоқ еді. Керісінше, анамыз өте талапшыл болды. Анам бізге ұрса бастағанда әкем араша түсетін. «Фарида, олар бала емес пе?! Өседі, өздері-ақ бәрін түсінеді. Оған бола неге шыр-пыр боласың?!» дейтін. Содан анамның да ашуы сап басылатын. Ол бізге үлгілі әке бола білді. «Сендер былай істеңдер, олай болмайды...» деген сияқты жаттанды сөздер айтпайтын. «Кез келген адаммен жақсы қарым-қатынас жасасаң, олар да саған сондай құрметпен қарайды» деген ақыл-кеңесі әркез жадымда тұрады. Өзі де сол қасиетті өмірлік ұстаным еткен жан ғой. Тіпті, әкем біздің сабақты қалай оқып жүргенімізді де білмейтін. Себебі бізге үлкен сеніммен қарады. Бірде анамның қолы тимей, мектептегі ата-аналар жиналысына әкем барды. Жиналыс біткенше үндемей тыңдап отырады. Содан кейін: «Менің қызым – Жәмила Мұхамеджанова туралы неге айтпайсыз?» деп сұрайды ғой. Мұғалім: «Сіздің қызыңыз басқа сыныпта оқиды ғой» дегенде ғана адасып, басқа сыныптың жиналысына кіріп кеткенін біледі. Көрдіңіз бе, ол қызының қай сыныпта, қай кабинетте оқитынын да білмеген. Тағы бірде әкем сынып жетекшісімен сөзге келіп қалғаны бар. Сыныпта «Соғыс және бейбітшілік» романы туралы шығарма жаздық. Онда мен Наташа Ростова жайлы жағымсыз пікір жазсам керек. Сондай-ақ, оның роман кейіпкері болуы мүмкін еместігін де тілге тиек еттім. Содан не керек, шығармама мұғалім «2» деген баға қойып, ата-анама жолығу үшін үйге келді. Біздің үй мектепке жақын еді. Үйде әкем бар екен. Шығармамды әкемнің қолына ұстатып: «Қызыңыздың жазғанын қараңызшы... Балаңызға қандай тәрбие беріп жатырсыз?» деп әдеттегі мұғалімнің сөздерін айтып жатыр. Әкем үнсіз отырды да, шығармамды оқып шықты. «Несі бар, өте жақсы жазылған шығарма. Егер баланың өзіндік пікірі, көзқарасы болса, сынып жетекшісі әрі әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде қолдауыңыз керек. Ал дұрыс жазбаған десеңіз, қай жеріне қарсылығыңыз бар, дәлелдеп беріңізші. Демек, өз ойы, пікірі бар балаға «2» қою да дұрыс емес. Бұл қылық мұғалім ретінде сізге жараспайды» дегенде, сынып жетекшім ашуланып шығып кетті. Меніңше, мұғалім: «Иә, кешіріңіз, бұл жөнінде қызыммен сөйлесемін» деген сарындағы жауапты күткен шығар. Ал әкем әр адамның, соның ішінде әр баланың өзіндік көзқарасы болғанын құптайтын. Егер бір нәрсеге келіспей қалсаң, «дәлелде!» дейтін. Мектепті бітіріп, Мәскеуге оқуға түсем дегенде анам: «Алматыда-ақ оқи берсеңші. Жасың болса 16-да ғана», – деп ойымды өзгертуге тырысты. Бірақ анама: «Әкем бәрібір маған көмектеспейді. Сондықтан өз күшіме сенгім келеді», – деп Мәскеудегі Театр өнері мемлекеттік институтына түстім. Әкем де сол факультетті тәмамдаған. Оқуға түскенде әкемнің қуанғанын көрсеңіз ғой. Ол ешқашан пікір таластырмайтын еді. Себебі білімді адам қашанда өз деңгейінен түспейді. Бізді де солай тәрбиеледі. Әкем бізге жақсы білім беруге тырысты. Үйде кітапханасындағы кітап қоры мол болды. Өмір бойы кітап жинады. Өмірінің соңында айтқан бір тілегі – кітаптарын туған жеріне тарту ету болатын. Біз бұл құнды дүниені, басқа да жеке заттарын Қызылорда облысында ашылған әкемнің музейіне табыс еттік.Қаймана қазаққа да қолұшын созатын
– Әкем туралы деректі фильм түсіру үшін туған жеріне бардық. Сонда біз кіммен кездессек те, әкемнің атын естіген жұрттың жүзінде ерекше мейірім пайда болғанын көрдік. Әкем туралы естеліктерін тыңдап, марқайып қалдым. Олардың сөзінше, әкем қашанда бұлт арасынан жарқырап шыққан күн сияқты. Қызылорда облысы, Арал ауданының тұрғыны: «Қалтай аға туралы өз ойымды айтсам бола ма?!» деп бәйек болды. Айтыңыз дедік. Әкем Қызылорда облысына мерейтойлық сапармен барғанда, көпбалалы ананың отбасына қуаныш сыйлаған екен. «8 баланың анасымын. Асыраушы күйеуім өмірден өтті. Қазіргі тұрып жатқан жеріміз сын көтермейді» деп айтып едім, сол сәтте барлық мәліметті жазып алды. Құжаттардың көшірмесін сұрады. Бердім. Содан тура екі айдан кейін баспана алдым. Оған дейін баспана мәселесімен кімге бармадым десеңізші?! Ал сол кезде Қалтай Мұхамеджанов мені танымаса да, үй алып беруге тікелей қолұшын созды. Қалтай ағаның осы жақсылығын ешқашан ұмытпаймын», – деп ағынан жарылды. Әкем өте ашық адам. Қазір өз-өзіне іштей «ескерткіш» орнатып алатын талай басшыны көріп жүрміз ғой. Қолында билік болса да, кеуде кермеген әкем кез келген адаммен тең дәрежеде сөйлесуші еді. Өзін ешқашан жоғары санамады. Сол үшін де оны адамдардың бәрі жақсы көрді. Тіпті, базарға бірге барғанда саудагерлердің де атын жаттап алғанына таңқалатын едім. Олар да әкемді көріп, елпілдеп құрақ ұшатын. Кездескен адамның бет-жүзін де, аты-жөнін де жаттап алатын. Оған қызмет те, ақша да, жан-жақты байланыстары бар адам да қызық болмады. Адамға тек жақсы және жаман адам деп қарады. Сол үшін де жұрт жақсы көрді. Ол ешкімнің ала жібін аттамады, біреудің үстінен арыз жазбады. Бірдеңе ұнамай тұрса, бетке айта салатын. Ол қызметке де дарыны мен таланты арқылы жетті. Шын мәнінде, билікке жағынған жоқ. Әкемнің тағы бір ерекше қасиеті – адамгершілігі биік болды. Ол моральдық принципке бай адам. Сөйте тұра, өте жұмсақ. Біреуге қарсы сөз айтуға ұялса да, бірақ реті келсе есесін жібермейтін. Десем де, әкем өте ақкөңіл, ақжарқын және қолындағы барын аямайтын жан. Ол Жазушылар одағының хатшысы, Кинематографистер одағының бірінші хатшысы, газеттің бас редакторы қызметін атқарса да, үйімізде көлік болған жоқ. Артық пәтер, саяжай да болған емес. Оның біреуден бір нәрсе сұрауға ары бармайтын. «Елдер мен туралы не ойлайды?» дейтін. Алайда айналасындағы басқа адамдарға, жас буын ақын-жазушыларға, қарамағындағы қызметкерлеріне баспана, демалыс орындарына жолдама алып беруге көмектесті.Әкемнің пьесалары сахналанбай жүр
– Қазан айында Қызылорда қаласындағы Қалтай Мұхамеджанов атындағы мектеп-лицейдің 100 жылдығы және әкемнің 90 жылдығы қарсаңында ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Студенттер әкемнің пьесасына тамаша дайындалып, сахнаға шығарды. Сол кезде пьесаның өте өзекті екеніне көзім жетті. Көрерменге ой салады. Бір өкініштісі, қазір Қалтай Мұхамеджановтың пьесалары театрларда қойылмай келеді. Тек мерейтойына арнап Қызылорда қаласының театры пьесасын қойды. Оның пьесалары бүгінгі заман түйткілдерін дөп басады. Егер бұрын ұрлық-қарлық жасау, өтірік айту, біреудің ала жібін аттау ұят саналса, қазір керісінше, ақымақ көрінесің. Бүгін біздің кеме қайда бағыт алып барады? Осы сауалға жауап іздеу үшін де әкемнің пьесаларын сахналау керек деп санаймын. Меніңше, әкемнің шығармашылығы әлі де бағаланбай отыр. Оған себеп – әкемнің авторлығымен қойылған пьесаның режиссері, көркемдік жетекшісі, суретшісі, актерлері Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алғанда, әкем ескерусіз қалды. Бұл сол кездегі биліктің берген жауабы емес пе?! Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанның Халық жазушысы атағына ие болды. Ол энциклопедиялық білімге бай адам. Философия, тарих, әдебиетті жақсы білді. Сондықтан әдеби мұрасын жаңғыртып, мектеп, жоғары оқу орындары филология факультетінің оқу бағдарламасына енгізсе орынды болар еді. Драматургиясы бір төбе десек, публицистикасы да бір төбе. Кіммен сөз жарыстырса да, өз аргументі бар зиялы тұлға. Қазақстанның мәдени, рухани саласына еңбегін сіңірді. Ол ол ма, әкем Құранды да, Інжілді де жатқа білетін. Елбасымен бірге мұсылман елдеріне жиі сапарға шықты. Себебі ол дін жағынан кез келген сауалға мүдірмей жауап беретін. Қоғамдағы дінсіздерді де тілімен түйреп өтетін.Әкем шығармаларымен тәрбиеледі
– Әкемнің шығармаларын оқып өстім. Қай шығармасын алсаңыз да, жаныңызға рухани азық аласыз. Әсіресе, әкемнің «Көктөбедегі кездесу», «Жат елде» пьесасын қайталап, түсініп оқыдым. Қазір немерелері де атасының шығармасымен танысуда. Басымыз қосыла қалса, жиналып, басына барып, құран бағыштаймыз. Әкем негізінен түнде жазатын еді. Үйде балалар көп жүрсе де, жұмыс істей беретін. Анам: «Шуламаңдар! Әкелерің жұмыс істеп отыр» десе, әкем: «Керісінше, маған шулап жүргені жақсы. Тиіспеші оларға...» дейтін еді. Себебі балаларын, немерелерін өте жақсы көрді. Жұмыстан келген соң, бір-екі сағат демалып алатын. Таңғы 4-ке дейін жұмыс істеп, содан кейін ғана жататын. Бірақ қанша кеш жатса да, таңғы 8-де тұрып, жұмысқа кететін. Сонда небәрі 4 сағат ұйықтайды екен. Осы әдетке дағдыланған. Үнемі ой үстінде жүреді. Ойдағы идеяны пісіре ме екен, әйтеуір ойсыз жүрген күні жоқ. Осы қасиет балалары – бізде де бар. Ортаншы ағам – заңгер. Үлкен ағам – техника саласының маманы. Соған қарамастан, әкемнен шешен сөйлеу өнері дарыған. Өзім шығармашылыққа жақынмын. Киноларға сценарий жазамын. Ағылшын тілінде жазылған кейбір сценарийімді Голливуд сатып алды. Бетбұрыс заманы болғанда қаржы мамандығын оқып алдым. Көптеген компанияда, соның ішінде «Қазмұнайгаз» компаниясында жұмыс істедім. Қалтай Мұхамеджановтың қызы ретінде әкемнің атын пайдаланған кезім болған жоқ. Әкемді еске алу шараларынан қалмауға тырысамын. Таныса келе, Қалтайдың қызы екенімді білгенде, сыйлап, құрмет көрсетіп жатады. Ал әдейі «Қалтай Мұхамеджановтың қызымын» деп, көмек сұрап, талап еткен жерім жоқ. Себебі әкеміз солай болды, бізді де сондай болуға үйретті. Биыл әкемнің 90 жылдығы. Қызылорда, Түркістан қаласында рухани кеш өтті. Алдағы уақытта әкемді еске алып, үлкен ас береміз деп отырмыз.