1290
Көгілдір отын кіргізу қиын ба?
Көгілдір отын кіргізу қиын ба?
Ауылдық аймақтарды газдандыру мәселесі көтеріліп, мемлекет елді мекендерге газ тартуға кіріскенде ауылдағы жұрт айрықша қуанған еді. Көгілдір отынға қол жеткізуге асыққан тұрғындар таласып-тармасып кезекке тұрды. Алайда үйге газ кіргізу құнының қымбаттығы ауылдағы ағайынның қуанышын су сепкендей басқан. Тіпті, кей өңірлерде үйге газ жүргізу үшін аса қомақты қаржы сұрайтыны талай рет дауға айналған.
Естеріңізде болса, «Түркістан» газетінде (№45, 8 қараша, 2018 жыл) Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылының тұрғыны Мәкен Уақтегінің «Қалың жұртты қашанғы алдай бермек?!» атты хаты жарияланған болатын. Сол хатта өңірде газ кіргізу бағасының ретсіз өскені жайында айтылған еді. Жасыратыны жоқ, бұл тек Шу өңірінде ғана орын алып отырған жағдай емес. Мұндай мәселе газ жүргізіліп жатқан өңірлердің бәріне ортақ.
Мәселен, газды үйге кіргізу құнының қымбат болуына байланысты Жамбыл облысында 88 мың адам бұл қызметті пайдалана алмай отыр. Тіпті, газы бар елді мекендердің өзінде де көшеден үйге көгілдір отын кіргізу айтарлықтай мәселеге айналып отырған көрінеді. Осындай түйткілдерді ескерген Жамбыл облысының басшылығы газ кіргізу жұмыстарының құнын 82 мың 756 теңгеге дейін төмендетті. Бұған дейін өңірде үйге газ кіргізу құны 150 мың теңге деп бекітілген болатын. Бірақ мердігер компаниялардың көбі бекітілген бағаны ысырып қойып, өз қалталарының қамын ойлап жүргенге ұқсайды.
Қазіргі уақытта өңір тұрғындары Өзбекстан мемлекетінің Бұхара облысынан және жергілікті «Амангелді» газ кешені арқылы өндіріліп жатқан табиғи газды тұтынып келеді. Бүгінде облыста 377 елді мекен бар болса, оның 181-і газбен қамтылған, аталған ауылдардың 133-іне көгілдір отын соңғы 10 жылда кіргізілген. Жеке және коммуналдық пәтерлерден 185 мыңнан астам абонент тауарлық газбен қамтамасыз етіледі, 319 өнеркәсіптік, 5 мың коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын қамтылған. Облыс бойынша газ бөлу құбырының жалпы ұзындығы 4600 шақырым.
Былтырдың өзінде облыстық бюджеттен 525 млн теңге бөлініп, 8 жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Оның ішінде Байзақ, Жамбыл, Шу, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарының 84 елді мекенін газдандыру жоспарланған. Жобалар құрылысы іске асырылғанда газдандырылған елді мекен саны 265-ті құрап, 70 пайыз деңгейге жетпек. 2018-2025 жылдары газдандырылатын 173 елді мекенді қосқанда, газ тартылған елді мекеннің саны – 354-ті құрамақ.
Қазір Қордай ауданының 12 елді мекенін газдандыру құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал газ тартылған елді мекендердегі орталықтандырылған газ торабына қосылмаған тұрғындардың мәселесін шешу мақсатында жоспарлы жұмыстардың бірінші кезеңі басталып кетті. Аталмыш жұмыстарды атқаруға «Жамбыл-Жылу», «ТаразТрансЭнерго», «Теміржол-Жылу» мекемелері жұмылдырылды.
Өңірде газ кіргізу құнының қымбаттығы бойынша тұрғындардан шағым түсіп жатқанынан хабардар болған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірден тауарлық газды қосумен айналысатын барлық үлестес компанияларды тексеру туралы тапсырма берген. Ал кәсіпкерлер бұл жағдайды өздерінше түсіндіруге тырысады. Олардың айтуынша, нарық бағасынан бірнеше есе артық бағаны белгілеген жобалаушылардың кесірінен қосылу құны қымбаттаған. Мердігер компаниялар қажетті материалдардың бағасын тым жоғары есептеген. Мәселен, кейбір компаниялар 20 метрлік құбырды 206 мың теңгеге бағалаған, алайда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы оған 120 мың теңге ғана жұмсалатынын анықтаған.
Жамбыл облысының елді мекендеріндегі тұрғындар бұған дейін көшеден үйге газ тарту үшін 25 метрге 150 мың теңгеге жуық ақы төлеп келген. Ал қазір оның құны – 82 мың 756 теңге болып төмендетілді. Бірақ мердігер компаниялар облыс басшылығының бұл сөзін әлі де бұрмалап жүрген тәрізді. Өйткені өңірдегі елді мекендерде көгілдір отынды көшеден үйге тарту үшін 100 мың теңгеден жоғары ақы сұрап жатқан көрінеді. Мәселен, Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Ойық ауылдық округінде тұрғындар өткен қараша айында көшеден үйге газ тарту үшін 106 мың теңге төлеген.
Дәл осындай мәселе Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылы тұрғындарын да мазалап жүргеніне біраз уақыт болған. Бұл ауылға газ құбыры былтыр тартылған еді. Қазан айындағы деректерге сүйенсек, 1500-ге жуық түтіні бар Ақшиде әзірге 50-ден астам үйге көгілдір отын кірген. Ауыл ішіне жалпы ұзындығы 81 шақырым газ құбыры тартылуы тиіс. Жергілікті тұрғындар Ақшиге газ құбыры тартылғанына дән риза. Дегенмен ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көруге асығар емес. Өйткені әр үйге газ кіргізу құны – 350 мың теңге. Оны көбінің қалтасы көтере бермейді.
Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы жағдай да осыған ұқсас. Талдықорғанда тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алайда жұрт газ желісі есігінің алдына жетсе де, оны үйге енгізуге еш асықпайды. Мәселе тағы да газды үйге тарту ақысында. Осы орайда, еске сала кететін тағы бір мәселе – үйге газ енгізу құны жүргізілген құбырдың алыс-жақындығына қарай есептеледі. Мәселен, үй мен газ қорабының ара қашықтығы 18 метрден асса, оның бағасы 95 мың теңге айналасында болады. Одан алыс болса, әр метр жерге 2 мың теңгеден қосымша ақы алынады. Бұл жер үйлер үшін. Көпқабатты үйлерге баға біршама арзан. Тұрғындардың сөзінше, қымбат бағаны газ таратушылар қояды. Олар газды үйге кіргізу үшін қолданатын жіңішке құбырды 4 мың теңгеге бағалайды екен. Ал мұндай құбырдың базардағы бағасы – 500-700 теңге көлемінде. Егер тұрғындар құбырды мамандарға өздері сатып әперетін болса, газ таратушылардың сұраған ақысынан 2 есе аз қаржы кетеді. Мұны тұрғындар өздері есептеп, анықтап алғанға ұқсайды. Газ тартушылар мен базарда сатылатын жабдықтардың арасында жер мен көктей баға айырмашылығы бар. Әкімдік тарапынан мұндай келеңсіздіктерді жойып, бағаны ретке келтіретін бір амал болуы керек емес пе? Қарап отырсақ, барлық өңірдегі жағдай ұқсас. Демек, газды үйге кіргізу құнының қымбаттығы газ тартушы компаниялардың қолымен жасалып отырған құбылыс.
Айта кетейік, 2017 жылдың сәуір айына дейін «Алматы –Талдықорған» бағытындағы 265 шақырым жерге газ құбыры тартылып, қала аумағынан арнайы газ тарататын станса салынған болатын. Осылайша, аймақтағы атқамінерлер алдағы бірнеше жылда өңірдегі 473 елді мекенді көгілдір отынмен қамтуды жоспарлаған. Соның ішінде, облыс орталығы Талдықорғандағы газ құбыры тартылатын аумақ 1200 шақырымды құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл жоба 4 кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Жоба құны – 22,5 млрд теңге.
Еліміздің бас қаласы – Астанаға келетін газдың бағасына да байланысты айтылып жүрген әңгіме көп. Кейбір дереккөздеріне сүйенсек, Астанадағы газ бағасы Ақтөбе, Атырау қалаларымен салыстырғанда 4-5 есе қымбат болуы әбден мүмкін. Келер қыста Астанадағы жылу электр станцияларының қазандықтары газға көшеді. Ал Көктал-1, 2 ауданының тұрғындары да ендігі қыста отын жақпайды. Елордаға «Сарыарқа» магистральді газ құбыры тартылған соң көгілдір отын бағасы 47-50 теңгені құрайды. Мәселен, 100 текше метрді құрайтын жеке тұрғын үй ай сайын газға 15-20 мың теңге жұмсайды. Ал үйге газ тарту құны шамамен 150-500 мың теңге аралығында болмақ. Бүгінде жекеменшік үйлер жылына 400 мың тонна көмір жағады. Елордаға газ тартылған соң Жылу электр станцияларының көмір тұтыну көлемі 650 мың тоннаға азаяды. Жекеменшік сектордан ауаға келетін зиянды қалдық 35 мың тоннаға кемиді.
Осындай игіліктерді ескерсек, елорданың да, шалғай елді мекендердің де толықтай газдандырылуы құптарлық іс. Бірақ көшеден үй ішіне газ тарту құны қазіргідей қымбат болса, қарапайым жұрт от жағып, үйді жылытудан жуық арада қол үзбеуі де мүмкін. Сондықтан, бұл істі үкімет нақты шешіп, қарапайым халық үшін қолжетімді тұрақты баға бекіткені абзал.