3659
Әлем назарында – қазақ брендтері
Әлем назарында – қазақ брендтері
Жақында ғана Тәуелсіздіктің 27 жылдығы тойланды. Осы уақыт ішінде Қазақстан жаһанға қай қырынан көп танылды? Әдебиет, мәдениет, өнер, спорт саласында саңлақтарымыз талай бәсекеде көк туымызды желбіретіп, көз қуанышы болғаны рас. Ал шаруашылық, ғылым, білім саласында жеткен жетістіктеріміз қай деңгейде? Ширек ғасыр ішінде қандай бренд қалыптастырып үлгердік?
Қазақстандағы уран өнеркәсібі саласы ‒ ел брендінің алтын діңгегі. Өйткені Қазақстан уран қоры жағынан дүниежүзі бойынша екінші, оны өндіруші елдер арасынан алғашқы орынды иеленеді. «Қазатомөнеркәсіп» уран мен оның қоспаларының, АЭС-қа арналған ядролық отынның, арнайы жабдық пен технологиялардың экспорты мен импорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы мәртебесіне ие. 2017 жылы «Қазатомөнеркәсіп» бірлесе бақыланатын және қауымдастырылған кәсіпорындарды қоса есептегенде өндірген уран әлемдік бастапқы уран өндірісінің шамамен 20 пайызын құрады. Компанияның 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы түсімі 145 млрд теңгені құраса, пайда 115 млрд теңге. Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниялар тобындағы 46 кәсіпорында 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Активтер геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын өндіруден бастап, ғылым, әлеуметтік қамтамасыз ету және оқытуға дейінгі түпкі өнімдердің өндірістік тізбегіне қатысатын кәсіпорындардың бүкіл кешенін қамтиды.
Қазақстанды әлемге танытқан тағы бір байлығымыз ‒ алтын астық. Академик Мехлис Сүлейменовтің зерттеулеріне сүйенсек, өлкеміздегі жаздық бидайды өсіру біздің заманымыздан бұрынғы екі мыңыншы жылдықта қолға алынған. Жаһан елдерінің біршама бөлігін ұн-нан өнімдерімен қазақ диқандары қамтамасыз етіп келеді. Еліміз жылына шамамен 7-8 млн тонна астықты сыртқы нарыққа шығарса, ұн экспорттаудан әлемде 2-орында. Өнімнің басым бөлігі Орталық Азия елдері ‒ Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ауғанстанға, одан ары Иран, Қытай, Ресей мен алыс шет елдерге экспортталады. Соңғы жылдары көршілес ҚХР мен Иран тарапынан қазақстандық астыққа сұраныс жоғары. Қазақстанның ел ішінде де, шетелде де бірнеше астық терминалы бар. Мәселен, Каспий теңізіндегі Ақтау портында орналасқан «Ақ-Бидай терминал» АҚ-ы. Оның әзірбайжандық кәсіпорынмен бірлескен «Баку астық терминалы» компаниясы Баку портында орналасқан. Дәл осы компанияның ирандық кәсіпорынмен бірлескен «Амирабад Грейн Терминал Киш» компаниясы Каспий теңізінің оң жағалауындағы Иранның Амирабад портында жұмыс істеуде. Мұнан бөлек, қазақстандық астық компаниясының Балтық теңізінде (Латвия) «Ventspils Grain Terminal AS JAS» АҚ-ында, Ресейдің Азов теңізіндегі «Азов порттық элеваторы» компаниясында қатысу үлесі бар екендігі белгілі.
Табиғи қазба байлықтар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінен бөлек, елімізде тәтті өндіру ісі жолға қойылған. 80 жылға жуық тарихы бар «Рахат» компаниясын жаһан елдерінің біразы дерлік біледі. Тіпті, өнімдерінің кей түрлеріне сұраныс жоғары. Ресей, Германия, Ауғанстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан сынды тағы басқа елдерге өз өнімдерін жеткізеді. Оның бір себебі ерекше дәмі, табиғилығымен түсіндіріліп жүр. Шоколад өнімдерін экспорттаудан көш басында жүретін Германияның өзі «Рахат» өндіретін шоколадтарды сатып алатыны көп жайдан хабар берсе керек. Аталған компания кондитерлік өнімнің 250-ден аса атауын шығарады. Кәсіпорында ҚР ИСО 9001-2001 СТ стандартына сәйкес сертификатталған сапа менеджменті жүйесі енгізілген және іске қосылған.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи Отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы ‒ Сиверс алмасының Отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма ‒ біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі ‒ Алматы деп аталды», ‒ деген еді. Табиғаттың осындай тартуы біздің тағы бір брендіміздің орнын толықтырып қана қоймай, экономиканың ілгері дамуына серпін берері сөзсіз. Еліміз әзірге алма экспорты бойынша 76-орында.
Франция астанасы Париждің ұлттық бренді ‒ Эйфель мұнарасы екені сөзсіз. Оны бір көруге құмартып, жер-жаһаннан жыл сайын миллиондап турист ағылады. Елге келген әр турист өзімен бірге мұнараның кішірейтілген кәдесый нұсқасын сатып алып қайтады екен. Ұмытылмас естелік сыйлау деген осы болса керек. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға да қанша миллион турист келді. Олардың бағына 2000 жылы «Әдемі-Ай» ұлттық кәдесыйлар компаниясы құрылып, талай қонақты қазақтың ұлттық, төл туындыларымен қуантты. Бұл күнде «Әдемі-Айдың» өнімдері елімізді шетелге танытуда айрықша орынға ие. 18 жылдық тарихы бар өнер ұжымы Қазақ тарихынан сыр шертетін мыңнан астам кәдесыйларды жасап шығарды.
P.S: Жиырма жеті жыл... Ұлы мақсат жолына бет бұрған, тындырған ісінен гөрі әлі тындырары көп арманшыл жанның жасы іспетті. Осы жылдар ішінде Қазақстан әлемнің 123 еліне 800-ден астам тауар түрін жеткізді. Сондай-ақ, баршасымен де тығыз қарым-қатынаста. Халықтың әлеуметтік тұрмысымен қоса елдің экономикалық қуаты біршама артты. Жыл сайынғы экспорт көлемі де ұлғайып келеді. Ағымдағы жылдың 9 айдағы қорытындысы бойынша экспорт көлемі 44 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл қазақстандық өнімдердің тұрақты тұтынушысы бар дегенді білдіреді. Қазақстан жаһан елдері арасында өз брендін қарқынды қалыптастыру жолында.