2018: Қазақ спортшыларының бір жылы

2018: Қазақ спортшыларының бір жылы

2018: Қазақ спортшыларының бір жылы
ашық дереккөзі
1341
2018 жыл Қазақ спортшылары түрлі додаларда бақ сынады. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін спорт ‒ біздің батырларды да несібесіз қалдырған жоқ. Талай тарлан спортшылар жарқырап танылса, біршама мықтыларымыз өз карерасын аяқтап елді таң тамаша етті. Қазақ спортында бір жыл ішінде қандай өзгеріс болды? Даму үдерісі қай деңгейде?

ҚЫСҚЫ СПОРТТЫҢ ХАЛІ

 width= Халықаралық дәрежедегі сайыстар көшін Оңтүстік Кореяда өткен XXIII қысқы Олимпияда ойындары бастады. Пхенчхан қаласындағы байрақты бәсеке тартысқа толы болды. 46 спортшымыз ел намысын қорғады, солардың арасынан фристайлдың могул түрінен бақ сынаған Юлия Галышеваға ғана жүлделі орын бұйырды. 77,40 ұпай жинаған отандасымыз үздік үштіктен көрінді. Өкінішке орай мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева қарсыластарына жол берді. Шорт-трекші жігіттеріміз де жарыс жолынан шығып қалды. Бірақ Канадада өткен әлем кубогында Абзал Әжіғалиев, Finland Throphy-2018 турнирінде Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль иеленді. Қысқы спорт тарихында аңызға бергісіз өнер көрсеткен Денис Тен қазасын айтпай кетуге болмайды. Спортшыны 19 шілдеде бұзақылар пышаққа жығып, қайтыс болды.

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ ХАҚЫНДА

 width= Жакартада өткен жазғы Азия ойындары талай таланттарды танытты. Сары құрлықтың 45 елінен ең үздік деген 9 мыңнан астам спортшы спорттың 42 түрінен сынға түсті. Қазақстан құрамасынан 440 спортшы қатысты. Спортшыларымыз  15 алтын, 17 күміс және 44 қола, жалпы 76 медаль иеленді. Елімізге алғашқы алтынды семсерлесуден Дмитрий Алексанин сыйға тартса, екінші және үшінді алтынды велоспорттан 150 шақырым қашықтықта және 40 шақырымдық жекелей сында сайысқа түскен Алексей Луценко тарту етті. Джиу-джитсу спортшылары Дархан Нортаев пен Руслан Исраилов та ел қоржынын алтынмен толықтырды. Каратэші Гузалия Гафурова, көркем гимнастикадан Адиля Тлекенова, Даяна Абдирбекова және Алина Адилханова сынды қыздарымыз командалық сайыста жеңімпаз атанды. Алина Адилханова жекелей сында да топ жарып, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атағына қол жеткізді. Үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Жакартадағы Азия ойындарында да әлемнің ең үздік спортшысы екенін дәлелдеп, төртінші рет Азия ойындарын жеңді. Дзюдошы Дидар Хамза, самбошылар Ділшәт Құрышбаева мен Бағлан Ибрагим, ескек есуші Инна Клинова және су добынан Қазақстан ерлер құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, қазақстандықтар үміт артқан күресшілер мен боксшылар бірде бір алтынсыз қайтты. Осылайша, жалпыкомандалық есепте Қазақстан тоғызыншы орынға жайғасты.

ӘУЕСҚОЙ БОКС ӘЛЕМІ

 width= 2018 жыл әуесқой бокста түрлі естеліктермен есте қалмақ. Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) үш дүркін чемпионы «Astana Arlans» командасы таратылды. Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) президенті лауазымына Өзбекстан өкілі Гафур Рахимов сайланды. Бұл екі жайттың біріне-бірі әсер еткені белгісіз, бірақ осыдан кейін кей боксшылар қолғабын шешіп тастады. Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов солардың қатарында. Халықаралық Олимпиада комитеті AIBA президентін сайлау қарсаңында Рахимовтың кандидатурасы ұнамайтынын және Өзбекстан өкілі сайланған жағдайда бокс олимпиадалық бағдарламадан шығарылуы мүмкін екенін айтқан. Токио өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің отырысында боксты Олимпиада ойындары бағдарламасынан уақытша алып тастауға байланысты шешім шықты.

КӘСІПҚОЙ БОКСТАҒЫ ЖЕҢІС ПЕН ЖЕҢІЛІС

 width= 2018 жыл шаршы алаңда ешкімге дес бермеген отандасымыз Геннадий Головкин үшін, оның барлық жанкүйерлері үшін спорттағы сәтсіз жыл болғандай. Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында мексикалық «Канело» Сауль Алвареспен екінші рет жұдырық түйістірген «GGG» төрешілер шешімімен жеңіліске ұшырап, WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Бір жыл ішінде екі рет шаршы алаңғы шыққан Головкин мамыр айында америкалық боксшы Ванес Мартиросянды 2 раундта сұлатып салғаны да ел есінде. Бұл Мартиросянның 4 жеңілісі, ал Головкиннің үздіксіз 38 жеңісі еді. Айдар Шәрібаев, Сағадат Рахманқұл алғаш рет қарсыластарына есе жіберді. Есесіне кәсіпқой ринг қазақтың жаңа батырларымен толығып келеді. Атап айтсақ, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Садриддин Ахметов, Батыр Жүкембаев, Әли Ахметов, Мейірім Нұрсұлтанов есімдері әлемдік аренада өз орынын табуда. Аталған боксшыларымыз бірде-бір рет қарсыласынан жеңілген жоқ. Жәнібек Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған тұңғыш әрі жалғыз қазақ атанды. Данияр Елеусінов те әлемдегі ең мықты промоутерлік компания Matchroom Boxing-пен келісімшартқа отырды. Елеусінов кәсіпқой бокстың жарқын жұлдыздары Дэниел Джейкобс, Энтони Джошуа сынды былғары қолғап шеберлерінің промоутері Эдди Хирнмен бірге жұмыс істеуде. Ол кәсіпқой бокста өткізген бес жекпе-жекте де жеңіске жетіп, үш кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. Небәрі 20 жастағы Садриддин Ахметов те болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған оғландар қатарында. «Қазақ сарбазы» лақап атымен танылған боксшы бес кездесу өткізіп, барлығын нокаутпен аяқтады.

КҮРЕСШІЛЕР ЕРЛЕДІ

 width= Қазақ күресі дегенде ел есіне «Қазақстан барысы», «Халық барысы», «Еуразия барысы», «Әскер барысы» және «Әлем барысы» сайыстары түсетіні белгілі. Шоу түрінде өтетін бұл бәсекелер бірнеше жыл ішінде өзінің тұрақты көрермендерін жинап, шет мемлекеттердегі спортшылар арасында да қызығушылық туғызды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Әлем Барысы» байқауы биыл да тартысқа толы болды. Әлемнің 33 елінен 39 спортшы бақ сынап, қазақ күресінің абыройын асқақтатты. Айбек Нұғымаров жеңіске жетті. Бірақ, көп ішінен көзге түскен Ерсұлтан Мұзаффаров есімді жас барыс. Жеребе бойынша кіл мықтылармен сайысқа түсіп, барлығының жауырынын жер иіскетті. Және қазақ күресіндегі айлалы әдіс тәсілдерді әдемі қолдана білді. Жартылай финалдағы өзінен салмағы жоғары, қарсыласты қиналмай сайыстан шығарып келе жатқан Роман Бобиковты уақытынан бұрын жеңгенде, бір әдіске бірнеше рет түсіргенде талай қазақ жанкүйері бөркін аспанға атты. Бішкекте өткен Азия чемпионатында грек-рим күресінен Алмат Кебісбаев пен Асхат Ділмұхамедов топ жарды. Еркін күрестен Дәулет Ниязбеков үшінші рет Азияның ең үздік балуаны екенін дәлелдеді. 65 келіде белдескен Ниязбеков финалда жапондық балуаннан басым түссе, 57 келідегі Нұрислам Сана да ешкімге дес бермеді. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы төртінші орынға жайғасты. Дзюшыларымыз да барын салды. Дидар Хамза Жакартадағы Азия ойындарында топ жарып алтын жүлде иеленгенін жоғарыда айттық. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те Екатеринбургтегі Grand Slam және Хух-Хотодағы Гран При турнирінде топ жарып, әлемнің үздік балуандарының бірі екенін дәлелдеп берді.

Серіктес жаңалықтары