320
«Кездесеміз, талқылаймыз, шешеміз»
«Кездесеміз, талқылаймыз, шешеміз»
«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының «Кездесеміз, талқылаймыз, шешеміз» партиялық акциясы аясында Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Әлібек Баймағамбетов пен Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Арғын Аузаров Көкшетау іргесіндегі Станционный ауылының тұрғындарымен кездесіп, жеке қоғамдық қабылдау өткізді.
Бұл елді мекеннің тұрғындарын негізі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері мазалайтындықтан, сұрақтардың дені де осы салаға байланысты болды. Көкшетау қаласына тиіп тұрған ауылдың абаттандырылмай, ескерусіз қалып қоятыны халықтың жанына батқан.
Мәселен, ауыл тұрғындары Людмила Бирюкова мен Людмила Махина кенттің шыға беріс жолын абаттандыру, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріхананың жоқтығын және жедел-жәрдемнің сапалы медициналық көмек көрсетпейтіндігін айтып шағымданса, екі жарым мың тұрғыны бар Станционный кентіндегі медициналық пункттің жағдайын да баяндап, мәселе көтерді.
Сонымен қатар, ауыл көшелерінің қардан тазаланбауы, көшедегі түнгі жарықтың болмауы және балаларға арналған жаңа жылдық шыршаның құрылмайтындығы айтылды. Қыста орталық көшедегі футбол алаңына мұз айдынын жасап беру өтініштерін жеткізді.
«Халыққа биліктен не керек? Тұрғындардың мәселесін тыңдап, оны талқылап, шешу керек. Егер билік пен халық арасында диалог болмаса, онда халықтың да билікке сенімі жоғалады. Сондықтан партияның акциясы арқасында халықпен кездесу – біздің міндетіміз», – деді облыстық мәслихат депутаты Әлібек Баймағамбетов.
Айта кетейік, «Кездесеміз, талқылаймыз, шешеміз» партиялық акциясы бірнеше жыл қатарынан өтіп, игі дәстүрге айналған. Бұл өз кезегінде облыстық әрі қалалық мәслихат депутаттарының тұрғындардың ортасында болып, өзекті мәселелерді анықтауға өз септігін тигізуде. Бүгінгі қоғамдық қабылдау барысындағы мәселелердің барлығы бақылауға алынып, әрқайсысына жеке түсініктеме берілді.