2215
«Коворкинг» орталығы ауылға да келді
«Коворкинг» орталығы ауылға да келді
«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары» жобасы аясында Жамбыл облысының Сарысу аудандық орталық кітапханасында «Коворкинг» орталығы ашылды.
Тұрғындардың бос уақыттарын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған орталық заманауи үлгіде жабдықталған. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев: «Бұл рухани азықтан алыстап бара жатқан өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудың таптырмас жолы», – деп атап өтті.
Айта кету керек, жаңа жоба жыл басынан бері отандық кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құруды қолға алған. Яғни, бірыңғай онлайн кітапхана жүйесін қалыптастырып, еліміздегі барлық кітап қорын электронды форматқа көшіруді көздейді.
Енді мұнда ата-аналарымен келген балалар үшін қызықты логикалық ойындар, шеберлік сыныптары ұйымдастырылса, зейнеткерлер бос уақыттарын осы жерге келіп шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап тиімді өткізеді. Айта кетейік, тұсауы кесілген орталық жаңа бастамалардың ордасына айналуы тиіс.