Аспан астындағы мұражай

Аспан астындағы мұражай

Аспан астындағы мұражай
ашық дереккөзі
1432
Бүгінге дейін Ақмола облысындағы ашық аспан астында орналасқан «Ботай – Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайына осы маусымның өзінде 5 мыңнан астам турист келген. «Ботай – Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайы осы жылдың шілде айында Бурабай курорты аймағында ашылған болатын. Бурабай баурайындағы Ботай қонысының көне бейнесін баяндайтын мұражай жеті тұрғынжайдан тұрады. Жалпы аумағы 15 гектар жерді алып жатқан ежелгі адамдар қонысынан 150-ден астам үйдің орны табылған еді. Ғалымдар ежелгі тұрғынжайларды қазып, қайта тұрғызуға мүмкіндік алған. Ежелгі тұрғынжайлардың қабырғасының ені бір метр шамасында, ал биіктігі 70-90 сантиметр мөлшерінде. Қабырға периметрлері бойынша бөренеден өрілген, түтін шығатын шаңырақ пішіндес тесік жасалған. Кәдімгі қазақтың киіз үйлері кейпінде. Осы жерден ежелгі адамдардың құрал-жабдықтары, ыдыс-аяқтары, тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ тәрізді аңшылық қарулары табылды. Жалпы, Ақмола облысында киелі орындарды зерттеп, қалпына келтіру жəне насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы шеңберінде өңірдегі киелі жерлердің мәдени-географиялық белдеуі жасалған. Оған облыстағы 200-ден астам киелі нысан еніп отыр. Тізімге енген нысандар қатарында «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені, Олжабай батыр зираты, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Оқжетпес тауы, «Беспақыр» мазары, Баубек батыр кесенесі, Науан хазірет мешіті бар. Сондай-ақ, Астра­хань ауданындағы «Тоғыз әулие» моласына да тарихшы ғалымдар тарапынан қызығушылық артуда. Ал Қорғалжын ауданы аумағында Жәнібек ханның кесенесі зерттелуде.

Серіктес жаңалықтары