950
Стокгольмде – қазақтың ұлттық киімі
Стокгольмде – қазақтың ұлттық киімі
Швеция астанасы – Стокгольмде қазақтың ұлттық киімдері мен зергерлік бұйымдарының көрмесі өтті. Қазақстан елшілігі мен қазақстандық жастар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған көрме «Көшпенділерде қонақта» деп аталды.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетін паш еткен көрме барысында Стокгольм тұрғындары ою-өрнекпен, асыл тастармен көмкерілген шапандар мен бүрме көйлектер, бас киім түрлерімен танысты. Мұндай киім үлгілерінің жиынтығы сол елдегі қазақ диаспорасы мен студенттердің арқасында жиналды.
Шара аясында күн сайын келушілерге көшпенділер мен олардың өмір салты жайында швед және ағылшын тілдерінде мәліметтер айтылып, түрлі тақырыпта баяндамалар жасалды. Негізгі мақсат – Швеция халқына Қазақстанның бай мәдениетін таныстыру. «Көрмеге келушілер біздің елімізге аса қызығушылық танытуда. Әрине, біз оған қуандық. Тіпті, олар Қазақстанға келіп, көзбен көріп, туристік орындарды аралауға дайын екендіктерін де айтып жатыр. Біз көшпенділердің өмірін шынайы көрсетуге барынша жағдай жасадық», – дейді Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының төрайымы Айдана Бекбергенова.
Көрмеге келген қонақтар, әсіресе киіз үйге ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар, швед халқын күміс зергерлік бұйымдардың жасалуы да таң қалдырған. Дәмі тіл үйіретін бауырсақ та таңдайларына татыды. Қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті болған швециялықтар енді Ұлы дала еліне баруға ниет білдіріп отыр. Ал көрмені ұйымдастырушылар бұл шараның Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға да үлес қосарына сенімді.