2018: Қазақ өнері кең өріске бет алды

2018: Қазақ өнері кең өріске бет алды

2018: Қазақ өнері кең өріске бет алды
ашық дереккөзі
442
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, 2018 жыл елдің мәдениет саласына айтарлықтай үлкен жаңалықтар әкелді. Себебі әлем үшін Қазақстан жаңа есімдерді танытты. Бұл тұста ең алдымен үлкен жетістіктерді бағындырған Димаш Құдайбергенді атап өту керек. 2017 жылы Қытайдың «Мен әншімін» жобасында Димаш Құдайберген 2-орынға ие болған еді. Сол сәтте күллі әлемді дара талантымен таңғалдырған Димаштың аты қытай жұртына ғана емес, бүкіл жаһанға тарап кетті. Қытайдағы жеңіс Димашты әлемге мойындатты. 2018 жылды әнші жанды дауыста әлемдік турне ұйымдастырудан бастады. Алғашқы ән кеші Фуджоу қаласында 5 қаңтар күні өткізілді. Одан кейін ол Қытайда өткен «WEIBO AWARDS – 2017» жобасының «Музыкадағы жаңа күш» номинациясын иеленді. Концерттері арасында аспан асты елінің ең ауқымды ток-шоуларына қатысып, қазақтың домбырасын да әлемге әйгілеп жүрді. Сондай-ақ, 2018 жылдың қаңтарында Димаш Құдайберген «Global Golden chart Awards» марапатында «Үздік әртіс» аталымы бойынша жеңіске жетті. Қытаймен қоса, Димаш бауырлас түрік елінде де танымалдылыққа ие болып, Түркияның «Bayan Yani» журналында «Димаш Құдайберген – феномен» атты мақала жарыққа шықты. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, мықтыны мықты мойындап, Димаш әлемнің қазіргі замандағы ең мықты пианистері – хорватиялық Максим Мрвика және қытайлық Му-Ие Шудың сүйемелдеуімен ән шырқады. Сонымен қатар Қытайдың CCTV арнасы өткізетін «The Global Chinese» атты марапаттау кешінде «Жылдың ең танымал әншісі» номинациясын екінші жыл қатарынан жеңіп алды. Айта кететін басты оқиға – Димаш Құдайбергеннің «Spring Festival Gala» байқауында өнер көрсетуі. Бұл фестиваль 1983 жылдан бастап ССТV телеарнасынан тікелей эфир арқылы бүкіл дүниежүзінде көрсетіліп келеді. 2012 жылы фестиваль Еуропадағы танымал «Eurovision» ән байқауынан асып түсіп, ең көп телекөрермен жинаған бағдарлама ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ал Димаш өнер көрсеткен 2018 жылғы концертті әлемде 1,5 миллиардтан астам адам тамашалаған. Әртүрлі жылдары бұл концертте есімі аңызға айналған Софи Марсо, Селин Дион, Джеки Чан сияқты әйгілі жұлдыздар қатысқан. Сондай-ақ, Димаш Франциядағы Канн фестивалінің құрметті қонағы болды. 2018 жылдың негізгі жаңалықтарының бірі – Димаштың ағылшын тіліндегі «Screaming» әні мен бейнебаянының шығуы. Әннің композиторы әлемдік танымал әншілер – Rihanna, Usher, Cherul Fermandes-Versini, Shakira, Ne-Yo, Avisi сынды танымал жұлдыздарға ән жазған – Muhgal. Сонымен бірге Димаш Тайландтың да бірқатар бағдарламаларында да өнер көрсетті. Игорь Крутойдың арнайы шақыртуымен Сочидегі «Новая волна» ән байқауының жабылу салтанатында қонақ ретінде ән шырқады. Кезінде өзі қатысушы ретінде өнер көрсеткен «Славян базары» байқауында бұл жылы Димаш әділқазылық етті. Ал қазақ тіліндегі «Ұмытылмас күн» әнін Қытайдың танымал әншісі қытай тіліне аударып, аса тебіреніспен орындап шықты. «Felicita» әнімен әлемді аузына қаратқан атақты француз әншісі Al Bano Димашты қолдап, оған өз батасын берді. 2018 жылдың 10 қарашасында Игорь Крутой Димаш Құдайбергенді Ресейге қайта шақырды. НТВ арнасының «Орталық телевизия» бағдарламасынан әншінің Кремльде Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен ән шырқағанын тікелей эфирден миллиондаған адам көрді. Ресейге келген сәтін пайдаланып, «Россия 1» арнасы «Субботний вечер», «Что? Где? Когда?» бағдарламаларына шақырып, ән шырқатты. 19 қарашада Димаш Англияда жеке ән кешін өткізіп, одан түскен қаражатты қайырымдылық қорына аударды. Осы кештен кейін Димаштың тыңдарманы америкалық Сильвия Сандовал әншіге 1994 жылы 24 мамырда, дәл Димаш дүниеге келген күні әлемдік поп музыка майталманы Майкл Джексоннан алған қолтаңбаны сыйға тартты. Лондоннан қайтып келген әншіні жолай ұстаған ресейліктер Димашты Ресейдің жаңа жылдық түсірілімі мен «Песня года» концертіне де шақырып үлгерді. Бәрін айт та, бірін айт, Димаштың «Әлем аруы – 2018» байқауын қазақша әнмен ашуы ерекше жағдай болды. Димаш тағы миллиардтан асқан көрерменнің алдында қазақша ән салды. «Hainan International Film Festival»-ға қатысып, Джеки Чан бастаған қызыл кілеммен жүріп өтіп, әлем таныған актерға екінші рет шапан жапты. Ал 2018 жылдың 15-16 желтоқсан күндері Димаш Шанхайда өткен «The Silk Road Cohesion Awards» халықаралық кинофестивалінде «Жыл әншісі» атағын және «Ұлы Жібек жолы» елдерінің шешімімен Жібек жолының мәдени елшісі марапатын алды. Қуанышы қойнына сыймаған Димаш: «Мереке қарсаңында сыйға бөлендім. Қуаныштымын. Әр жеңісім Отаным үшін, барлық тыңдармандарым үшін. Мереке құтты болсын!» – деп жазды. Отанын сүйген, ұлттық мерекесін ұмытпаған, қайда жүрсе де тілі мен мәдениетіне, салтына адал Димаш Қазақстан атын әлемге жайды. Бұнымен ел ішіндегі мәдениет жаңалықтары бітпейді. Ағасының ізін жалғаған жас әрі дарынды әнші Дәнелия Төлешова 2017 жылы Украинаның «Голос діти – 4» байқауының жеңімпазы атанғаны белгілі. Барша украиналықтар кіп-кішкентай Дәнелияның зор талантына таңғалып, жаппай жанкүйер болды. Қазақтың туы украин жерінде де желбіреді. Ал биыл Дәнелия Қазақ-стан атынан тұңғыш рет «Балалар Еуровидениесіне» қатысып, құрметті 6-орынға орынға ие болды. Аталған байқауда әлемнің 20 елінен келген бүлдіршіндер бақ сынаған болатын. Бұл да егемен еліміздің өнерін жаһанға паш еткен жақсы жаңалықтың бірі. Тағы бір мақтанарлық жайт – Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлікова әлемнің ең үздік 20 шахматшыларының қатарына енді. Сонымен бірге, Канн фестивалінде «Ең үздік актриса» атанған Самал Еслямова да көпті мойындатты. Тіпті, Канн кинофестивалінің іріктеу кезеңіне «Айка» фильмінің тек жартылай дайын ғана материалы ұсынылған. Фестиваль тарихында мұндай оқиға бірінші рет болып, соның өзінде Самалдың әртістік өнері әділқазылар алқасын таңғалдырған. Оның шеберлігіне тәнті болған әділ қазылар алқасының жетекшісі Кейт Бланшет Самалды құшағына қысып, әділқазылар алқасы бірауыздан Самалды үздік актриса ретінде мойындағанын айтқан. Сондай-ақ, бұл фильм «Оскар» сыйлығына үміткер алғашқы тоғыз фильмнің қатарына енді. Енді «Айка» фильмі» «Шет тіліндегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша жарысқа түсетін болады. Ал дәл қазіргі күні көпшілік «Айка» фильмінің көрсетілімін асыға күтіп жүр. Десек те, Қазақстандық прокаттың уақыты әлі белгісіз, ал әлемдік прокат 2019 жылдың күзінде басталмақ. Жалпы, 2018 жыл қазақ киноиндустриясы үшін де жемісті жыл болды. Биыл әлемдік кинофестивальдарға белсене қатысқан қазақстандық кинолар халықаралық 11 жүлдені жеңіп алды. Оның ішінде, «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорктегі WeLink халықаралық кино байқауында «Үздік көркем фильм» жүлдесін, ал «Әміре» фильмі «Silver screen film» марапатына ие болды. Театр өнерінде де көп күткен заманауи туынды 2017 жылы алғаш сахналанып, 2018 жылы жаңартылған күйде «Ұлым, саған айтам» интеллектуалды драмасы көрерменнің назарына ұсынылды. Тың, ерек, жүректегі мың сауалды қопаратын бұл қойылымның сахналануы да ерекше. Жылына бір, көп болса екі рет қана қойылатын қойылымның мағынасы терең, мәні ауыр. Спектакльді «Шымылдықсыз шындық» депті авторы Бақыт Беделхан. Бас актері сахнаның саңлағы, шынайы өмірде өте парасатты тұлға – Бекжан Тұрыс және жастайынан сахнаның шаңын жұтып өскен баласы – Мағжан. 2018 жыл Қазақстан атын өнер арқылы әлемге біраз әйгіледі. Ел ішінде де рухани, тарихи, мәдени жаңалықтар көп болды. Байқасаңыз, қорқақтықтың тұманы сейіліп, нағыз қазақтықтың беті ақырындап ашылып келеді. Шын мықтылар әлемге ұлтты танытуда. Бірді-екілі ғана болса да, ел үшін осының барлығы үлкен жетістік, зор мақтаныш. Ата-бабамыздың көксеген арманы да осы шығар, сірә?! Ақырын, анық қадаммен болашаққа қадам басып келеміз. Келер жылдан да үмітіміз көп...  

Серіктес жаңалықтары