287
Келер жылы дәріханалардағы бағалар теңеседі
Келер жылы дәріханалардағы бағалар теңеседі
Келер жылы еліміздің дәріханаларындағы дәрі-дәрмектер бағасы теңеседі. Тиісті заң жобасы наурыз айынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Заңға сәйкес, нарыққа қатысушылар Денсаулық сақтау министрлігі бекітіп берген бағаны ұстануға міндеттеледі. Қазір бір препараттың бағасы әр дәріханада әртүрлі екені жасырын емес. Тіпті кейбір алыпсатарлар дәрі құнын бірнеше есе қымбаттатып сататыны бар. 2019 жылдан бастап олар заң жүзінде жазаға тартылатын болады. Қазір жауапты министрлік бағаны реттеу механизмін жан-жақты жетілдіріп жатыр.
«Заң шыққан соң бағаны реттеуге арналған норма үш айдан кейін күшіне енеді. Яғни бізге жаңа ережелерді бекіту керек. Соның негізінде баға қалыптасады. Олар денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітіледі. Көтерме және бөлшектеп сатуға арналған баға белгіленген соң алыпсатарлардың оны көтеруіне тыйым салынады. Осылайша бұл механизмнің көмегімен республика бойынша бағаны теңестіреміз», − дейді ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.