317
ТАЛАЙДЫ ТАМСАНТҚАН СПОРТШЫЛАР
ТАЛАЙДЫ ТАМСАНТҚАН СПОРТШЫЛАР
Жанкүйерлер саны жағынан футболдан кейінгі орында жекпе-жек өнері тұрса керек. Әйтеуір ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен ирландиялық Конар Макгрегор арасындағы сегізбұрыштағы кездесу осы жылдың үздік жобасы атанды.
200 АҚШ долларынан басталған билет бағасы 2000 долларға дейін жетті. Өткен жылдың басынан бастап жарнамасы «жер жарған» аралас жекпе-жек 6 қазан күні Лас-Вегаста өткені ел есінде.
Жеңіл салмақтағы (70 кг дейін) чемпиондық атаққа таласқан қос спортшы кездесуге дейін БАҚ өкілдері арқылы бірін-бірі сынға алып, «мен мықтымын» деп талай кеуде қаққан. Осыдан болар, T-Mobile аренасындағы 20 мың билетті сатылымға шыққан сәттен кейін жанкүйерлер үш минут ішінде талап әкетті. Үлгермей қалғандар билет сұрап, ұйымдастырушылардың мазасын әбден алса керек, бұқаралық ақпарат құралдары отыруы тиіс орындардың тең жартысы амалсыз сатылды.
«Мұндай оқиға UFC тарихында алғаш тіркелді. Бұл біз ұйымдастырған кездесулер ішіндегі ең үлкені», ‒ деп UFC президенті Дэйна Уайт миығынан күліп тұрып, сұхбат берді.
Шоуды көздегендер онымен шектелмей соңы үлкен шуға ұласты. Макгрегор уақытынан бұрын жеңілді. Нурмагомедов октагоннан секіріп шығып Конор жақтастарының басына секірді. Спорттың ішкі ережесі мен мәдениетін аяққа таптады деп Хабибке біраз айып пен сын тағылды.
Коммерциялық жоба болған соң еңбекақысыз ештеңе өтпейтіні белгілі. Нурмагомедов шамамен 10 млн, Макгрегор 20-25 млн АҚШ доллары көлемінде сыйақыға ие болды.
Алдын-ала белгілі болғандай 3 миллионға жуық тікелей трансляциялау құқығы 100 АҚШ долларынан сатылды. Конор мен Хабиб әр сатылымнан 2-3 доллар көлемінде бонус, демеушілерден келісімшарт бойынша бөлек қаржы алады. Мамандардың айтуынша ұйымдастырушылар таза 200 млн АҚШ доллары көлемінде пайда тауыпты. Ал, Хабибтің инстаграм желісіндегі оқырмандар саны кездесуге дейін 3 миллионға жетер жетпес болса, кездесу өткеннен кейін, 1 ай ішінде 13 миллионнан асты. Осыдан ақ кездесу миллиондарға қызық болғанын аңқаруға болады.
Жанкүйерлер күткен талай дода, тартыс биыл орын алуы мүмкін. Солардың көшін бастайтын, жоғарыда айтып өткен Конор мен Хабиб жекпе жегінің 2 кездесуі. Коммерциялық жоба үлкен табысқа кенелткеннен кейін ұйымдастырушылар тағы бір шоуды көздейтіні сөзсіз. Жанкүйерлер де күтеді. Бірақ, Конор мен Хабиб қана бұл жел сөзге нүкте қоя алады.
Сарапшылар «Нурмагамедов пен Макгрегор тараптары жыл бойы сөзге айналдырып, жанкүйерлер ықыласы мен аудиториясын көбейтуді көздеуі мүмкін. Егер күткен нәтиже орындалса осы жылы, болмаса, келер жылы кездесуді көріп қалармыз», ‒ деп болжам айтуда.
Онан бөлек биыл Хабиб пен Мейвезер арасында кездесу өтеді деген сыбыс бар. Әзірге кездесуге екі спортшы да келісіп тұрғанмен, оның 4 не 8 бұрышта өтетіні белгілі болмаған. Не де болса екі кездесудің жайы әзірге жұмбақ. Әйтеуір Хабиб аты дүркіреп тұрғасын, оның төңірегінде тарап жатқан әңгіменің түрі көп.
Өтуі мүмкін деген тағы бір бәсеке отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы үшінші кездесу. Алғашқыда тең нәтиже тіркеліп, реваншта ұпай есебімен жеңіске жеткен «Канело» бұл жолы өз талаптарын қоюы мүмкін. Онан бөлек қаржы мәселесі тағы бар. Бірақ, реванштан кейін тараптар кезекті кездесуден бас тартпайтынын мәлімдеген. Егер ұйымдастырушылардың жолы болса, биыл жанкүйерлер «таңғажайып» трилогияны тамашалайды.
26 қаңтар күні ресейлік Федор Емельяненко мен америкалық аралас жекпе жек шебері Райан Бейдер арасында кездесу өтеді. Жанкүйерлер сарыла күткен кездесуге бірнеше апта ғана қалды. «Bellator 21» турнирі аясында өткелі отырған финалдық бәсекеде нағыз мықты анықталады.