557
Жемқорлықты жеңгіңіз келсе...
Жемқорлықты жеңгіңіз келсе...
Айт-айтпа, Қазақстанда жемқорлық өршіп тұр. Мемлекеттегі Заңның әлсіздігі осы тұстан байқалады. Ал заң қашан құрметтеледі? Адамдардың санасы, ойы өзгергенде. Өзін емес, елдің болашағын ойлаған кезде. Халық қай уақытта мемлекеттің болашағына алаңдайды? Мемлекет адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызғанда ғана. «Аш баланың тоқ баламен ойнамайтыны» іспетті, өзінің бір айлық өмірінен ары ойлай алмайтын, ойлағысы келсе де, тауып жатқан табысы ойлантуға мүмкіндік бермейтін адамның мемлекетпен де, оның ішкі-сыртқы саясатымен де ісі болмайды. Себебі ауру қайда болса, жан сонда.
Айт-айтпа, Қазақстанда жемқорлық өршіп тұр. Мемлекеттегі Заңның әлсіздігі осы тұстан байқалады. Ал заң қашан құрметтеледі? Адамдардың санасы, ойы өзгергенде. Өзін емес, елдің болашағын ойлаған кезде. Халық қай уақытта мемлекеттің болашағына алаңдайды? Мемлекет адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызғанда ғана. «Аш баланың тоқ баламен ойнамайтыны» іспетті, өзінің бір айлық өмірінен ары ойлай алмайтын, ойлағысы келсе де, тауып жатқан табысы ойлантуға мүмкіндік бермейтін адамның мемлекетпен де, оның ішкі-сыртқы саясатымен де ісі болмайды. Себебі ауру қайда болса, жан сонда.
Қазір Қазақстанда адамдардың бес тобы қалыптасты десек те болады. Біріншілері – еуропалық менталитеттегі білімді, ақылды, сөзбен емес іспен жүретін, өз қызметінің фанатиктері. Олардың жаны жаңашылдыққа құмар. Өз ісін қалай дамытамын, елде не жоқ, не жетіспейді, басқа елдерде бұл сала қалай дамып жатыр деген сауалдарға жауап іздейді әрдайым. Екіншілері – тамыр-таныстықты әспеттейтін, арам байлығына мас болып, төгіп-шашып, жүретіндер. Үшіншілері – «қазір бәрі ақшамен шешіледі» деген түсініктегі, таныс іздеп, әркімге ақша тықпалап, ұл-қыздарын жұмысқа орналастырып жүрген байғұс ата-аналар. Төртіншілері – саясаттан да, басқасынан да нақты хабары жоқ, бірақ сол тақырыпта әңгіме қозғауды, әркімнің әр ісін дұрыс я бұрыс деп талқылағанды жаны сүйетін, болашаққа сенбейтін, өмірден көңілі қалған жандар. Келесілері – өз-өздеріне сенбейтін, белгілі бір саланы игермеген, жұмыс таппай сандалып, қатарластарынан қалып, ақша табудың артынан көзсіз еріп, әртүрлі алаяқтыққа, тіпті, қылмысқа дейін барып жүрген жастар. Бастысы, әр топтың өз шындығы бар. Қалыптасқан жүйе бас-аяғы жоқ айналмалы механизм іспеттес. Бәрінің түбінде ақша мен оған деген көзқарастың әртүрлілігі жатыр.
Қарапайым өмірден мысал келтірейік, жұмысқа тұрғызу үшін ақша сұрайды, мектепке қабылдау үшін ақша сұрайды, дәрігерлер дұрыс қарау үшін ақша тілейді, жол ережесін бұзған адам полицейге ақша ұсынады, ол қуана-қуана алады, сотты болмау үшін, қылмысын ашпау үшін ақша тықпалайды. Бұл тізім – қарапайым адамдардың өмірінде күнде кездесіп жүрген жемқорлық түрлері. Ал миллиондаған, миллиардтаған ақшаны жейтін үлкен ойыншылардың жөні тіптен бөлек. Олар жеке кәсіпкерлер, я мемлекеттік лауазымын асыра пайдаланып жүрген шенеуніктер.
Жалпы, Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрес заңын посткеңестік мемлекеттер арасында алғаш болып қабылдаған елдер қатарында. 2018 жылдың жазында бұл заңға 20 жыл толды. Десе де, парақорлықпен күрес соңғы 2-3 жыл көлемінде ғана қатаң түрде бақыланатын болды. Жемқорларды анықтау барысында түрлі іс-шаралар қолданылып, пара алғыштар бірден оқиға орнында қолға түсуде. 2017-2018 жылдардан бастап әкімдер мен министрлердің орынбасарларына дейін ұсталып, қамалуда және бұл заңдылық. Сингапурдың алғашқы премьер-министрі болған Ли Куан Ю: «Жемқорлықты жеңгіңіз келсе, достарыңыз бен отбасыңызды түрмеге қамауға дайын болыңыз», – деген екен. Айта кеткен жөн, Ли Куан Юдің арқасында кезіндегі ең кедей әрі ең жемқор Сингапур бизнес құруға ең ыңғайлы қалалардың біріне айналды. Қазір бұл ел жемқорлықты тамырымен жұлып тастады. Ли Куан Ю тағы бір сөзінде «Егер билік басындағы жемқорлықты құртпаса, онымен күресу еш нәтиже бермейді» деген. Тіпті, Сингапурдың жемқорлыққа қарсы күрес орталығы Ли Куан Ю премьер-министр тағында отырғандығына қарамастан, оның отбасын жыл сайынғы тексерістен өткізіп тұрған. Осы тексеріс барысында Ли Куан Юдің қол астында жұмыс істейтін, сенімді деген қызметшілері жемқорлығы үшін қамауға алыныпты.
Сингапурдың жемқорлықпен күрес тәжірибесін үйрену мақсатында жан-жақтан, оның ішінде Қазақстаннан да мамандар барып жүр. Әлем елдерінің сыбайлас жемқорлық деңгейіне сараптама жүргізетін халықаралық үкіметтік емес ұйым Transparency International агенттігінің 2017 жылы жүргізген «Жемқорлықты қабылдамау индексіне» сәйкес Сингапур әлем халықтарының арасында 5-орында тұр. Бірінші орында Жаңа Зеландия, екінші орында Дания, үшінші орында Норвегия, Финляндия және Швеция тұр. Қазақстан бұл рейтингте 180 елдің арасынан 122-орынға түскен, бұған дейін ол 136-орында тұрған еді.
2018 жылы елдегі сыбайлас жемқорлық көрсеткіші 6 пайызға төмендеген. Бұған себеп – мемлекеттің жемқорларды биік лауазымдар арасынан іздей бастауы. Осының арқасында былтыр Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюросы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың және ұйымдардың 2053 заңсыз ісін әшкереледі. Жемқорлық әрекеттері үшін 1200-ден астам лауазымды тұлға ұсталды. Олардың жартысынан көбі, яғни 862 лауазымды тұлға ішкі істер органдарының, 584-і әкімдіктердің, 99-ы мемлекеттік кірістер құрылымының қызметкерлері.
«Тексеру нәтижелері бойынша 1211 лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 135 адам мемлекеттік қызметтен босатылды, 76-сы лауазымынан босатылды, 190 қызметкерге лауазымдық міндеттерін толық орындамағаны туралы ескертілді, 281-іне қатаң сөгіс берілді», – деді бюро басшысы Бауыржан Балғабеков.
2018 жылы жемқорлық бойынша сотты болған шенеуніктер тізімі де ұзын. Наурыз айында ҚР Энергетика министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ғани Садыбеков ұсталды. Ол 2017 жылы Щучинск-Бурабай демалыс аймағының көлін тазартуға бөлінген 3,6 миллиард теңгенің 1 миллиардтан астам теңгесін жымқыру дерегі бойынша қолға түсті. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрескерлердің мәлімдеуінше, экс-вице-министр көлді тазалауға бөлінген 2018 жылғы қаражаттың да 1,5 миллиард теңгесі қолды болған. Сот үкімімен вице-министр екі ай мерзімге қамауға алынып, кейіннен үйқамаққа босатылды.
Сондай-ақ, Ғани Садыбековтің орнына келген Бақытжан Жақсалиев те жаңа қызметінде ұзақ отыра алмады. 2018 жылдың маусым айында вице-министр үй қамауына алынды. Ұлттық бюро хабарлағандай, тергеу фактісі бойынша ол 2015 жылы Щучинск-Бурабай көлінің түбінен 109 мың текше метр шөгінді шығару туралы актіге қол қойған. Жұмыстың құны 863 миллион теңгеге есептелген. Жақсалиев орындалған жұмыстың көлемі 30 есе артық бағаланғанын біле отырып, аталған соманы мердігерге аударған.
Бұл екеуінен басқа Қанат Бозымбаевтың қазан айында ғана тағайындалған үшінші вице-министрі Анатолий Шкарупа да сыбайлас жемқорлық қылмыс дерегі бойынша жаңа қызметке тағайындалғанына бір ай өтпестен қамауға алынды. Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың айтуы бойынша Анатолий Шкарупа 2015 жылы Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының әкімі болып тұрған кезде, жылу жүйесіне бөлінген 215 миллион теңгені жымқырған. Сот вице-министр 2019 жылдың 16 қаңтарына дейін қамауда отыратынын хабарлады.
3 қараша күні Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев Ақтау халықаралық әуежайында ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро қызметкерлері әкімнің қалтасынан 115 мың еуро тәркіледі. 57 жастағы шенеунік бизнесменнен алған 115 мың еуроны екіге бөліп, сырт киімінің ішкі қалтасына тығып үлгерген видеосы елдің барлық жаңалықтарынан көрсетілген еді. Әуелі, бұл параның тек жартысы ғана болып шықты. Іс жүзінде бұрынғы әкім құрылыс компаниясының басшысынан 400 мың еуро алуға келіскен екен.
2018 жылы 1 қарашада Астанада 4,3 миллион теңге пара алған деген күдікпен «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ұлттық компаниясының басшысы Қуандық Құлмұрзин ұсталды. Ақшаны «ҚМГ Өнімдері» ЖШС-нің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры міндетін атқарушы қызмет бабында қорғап, қолдап жүруі үшін беріп жіберді деген шын-өтірігі аралас дәйек келтірілді. Кінәсін мойындағандықтан, күдіктілердің екеуі де кепілдікке босатылды.
12 қыркүйек күні Астанада ҚР ІІМ полковнигі ұсталды. Оның есімі ашық түрде айтылмады. Ұлттық бюро дерегі бойынша, полиция полковнигі лауазымды қызметкерді қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін 50 мың доллар талап еткен. Полковник сұраған сомасының 11,5 миллион теңгесін алып жатқан жерінен қолға түсті. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның қызметкерлеріне қарсылық білдіріп, оқиға орнынан қашып кетпекші де болды. Алайда полковниктің бұл ойы іске аспай, қамауға алынды.
Сондай-ақ, өткен жазда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро өкілдері Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашевтің аса ірі көлемде алған парасын әшкереледі. Мемлекеттік жауапты қызметте бола отырып, ол министрліктің ведомство ұйымдарының жетекшілері Сәкенованың, Нұрекеновтің және Жұмасанованың заңға қайшы әрекеттерін жасырған. Осы үшін Қарашев жүйелі түрде 10 миллион теңгеден аса заңсыз сыйақы алып отырған. Нәтижесінде, алтауы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот санкциясы бойынша, Қарашев пен Нұрекенов қамауға, ал Сәкенова үй қамауына алынды.
2018 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басқа қызметкері, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаевтың ірі көлемде мемлекет қаражатын ұрлағаны белгілі болды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюросының мәліметіне сәйкес, ол Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің әкімшілік ғимаратына құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша жасалған жалған актілерге қол қойған. Бұл заңсыз әрекет мемлекетке 140 миллион теңге шығын келтірген.
Жалпы, өткен жылы Қазақстанда құрылыс, білім беру және жер қатынастары салаларында 100-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды. Қылмыстар саны бойынша алдыңғы орында құрылыс саласы тұр. Бұнда 157 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген. Одан кейін білім беру саласында – 110 қылмыс, ал жер қатынастары саласында 101 құқық бұзушылық орын алған.
Ал жемқорлық құқық бұзушылық көп орын алған қалалар қатарында Астана көш бастап тұр. Елордада жемқорлықтың 112 жағдайы анықталған. Екінші және үшінші орындарға Қостанай (109) және Түркістан (108) облыстары ие. Ең төменгі деңгей СҚО-да, онда жемқорлық сипаты бар 52 қылмыс әшкереленген.
Өткен жылдың алғашқы сегіз айының өзінде республикалық деңгейде –19, облыстық деңгейде – 62, ал аудандық деңгейде – 115 жемқорлық заң бұзушылық іс-әрекеттер анықталды. Байқасаңыз, республикалық деңгейдегі басшылықтан алыстаған сайын жемқорлықтың көрсеткіші екі-үш есеге дейін өсіп отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жемқорлықпен басты күрес адамның ойы мен санасын өзгертуден басталады. Оны өзгерту үшін адамдарды дамыту аса қажет. Ал адамның дамуы үшін ең бірінші кезекте қандай істер атқарылуы тиіс? Оқу, білім алу, жұмыспен қамту – барлығының қолжетімді болуы, сонымен қатар мемлекет тарапынан адалдық, ашықтық және еркіндік керек.