Қара алтын арындап аққанмен

Қара алтын арындап аққанмен

Қара алтын арындап аққанмен
ашық дереккөзі
636
Қазақстан мұнайға бай мемлекет болғанымен,  еліміз үшін жанармай тапшылығы қашанда өзекті. Сондықтан болар, талай жылдан бері төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы қызу талқыға түсіп келеді. Құрылысы жырға айналған зауыттың қашан және қайда бой көтеретіні өткен күзде белгілі болуы тиіс еді. Бірақ 2018 жылдың соңында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев басқаша мәлімдеме жасады. Яғни, елімізде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынбайтынын хабарлады. Сонда Елбасы тапсырған төртінші мұнай өңдеу зауыты не себептен салынбай қалды?

Төртінші зауыттан неге бас тарттық?

Энергетика министрінің түсіндіруінше, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудан өткелі өндіріс артқан. «Ішкі нарықты 2030 жылға дейін жанармаймен толық қамтамасыз ете аламыз. Оның үстіне, елімізде газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан, меніңше, әзірге тағы бір зауыт салудың керегі жоқ. Яғни, қазір бензин артығымен өндіріліп, тіпті, қоймаларда толып тұр. Сондықтан төртінші өндіріс орнын салуды шегере тұрып, экспортты арттыру қажет», – деп атап өтті Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Ал 2018 жылдың басында Бозымбаев мырза 2022 жылы мұнай өнімдерінің импортын өсіру қажет болатынын ескерте келе, сол уақытқа дейін төртінші зауытты салып үлгеру қажеттігін айтқан еді. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға қолданыстағы үш зауыттың қуаты жетпейтінін де тілге тиек еткен. Алайда талай уақыттан бері сөз болып келген төртінші зауыттың құрылысы басталмай жатып тоқтатылды. Қазақстанда Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарынан өзге тағы бір мұнай өңдеу зауытын са­лу­ды биліктің сөз еткеніне он жылға таяды. 2009 жылы сол кездегі Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов елге жаңа мұнай зауы­ты қажеттігін айтып, оның құрылысы ша­мамен 3,5 миллиард долларға түседі деп мәлімдеген. Кейін мұнай және газ минис­тр­лігі жаңа зауыттың құнын 6 миллиард дол­ларға жеткізген. Жаңа зауыт салу қа­жет­тігі жайлы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та 2013-2014 жылдары бірнеше рет мәлімдеп, құрылысын бас­тауды тапсырған. Бірақ зауыт құрылысы сол күйі басталған жоқ. Осы уақытқа дейін зауыт құрылысын жүргізуге түрлі орындар да ұсынылған болатын. Бұдан бірнеше жыл бұрын төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтау қаласында салу туралы бастама көтерілді. Ақтау қаласының шикізат қорына жақын орналасқаны, дайын өнімді Маңғыстау мен Түркіменстан арасындағы теміржол арқылы Парсы шығанағы елдеріне, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресейге, одан әрі Еуропаға, сондай-ақ, теміржол арқылы көршілес жатқан Орта Азия елдеріне шығаруға болатыны бұлтартпас дәлел ретінде алға тартылды. Дәл осы уақытта төртінші мұнай өңдеу зауытын Жезқазған қаласында салу туралы ұсыныс та жасалды. Идея авторлары Жезқазған өңірінің географиялық орналасуы, кли­мат­тық жағдайы жаңа зауыт үшін басымдық болып табылатынын алға тартты. Алайда мұның бәрі құр сөз болып қалды. Тіпті, енді зауыт құрылысы мүлдем қолға алынбайтын болды. Министрдің жыл соңындағы мәлімде­ме­сіне сүйенсек, төртінші зауытқа де­ген қажеттілік ел экономикасының өсу қарқынына байланысты болмақ. «ҚазМұ­най­Газ» қазір жұмыс істеп тұрған үш зауыттың күр­делі жөндеу жұмыстарына екі әлемдік деңгейдегі компанияны тартып, соның арқасында жанар-жағармай қоры 2026-2027 жылдарға дейін жетеді деп есеп берген. Дегенмен ішкі нарықта негізгі мұнай өнімдерін тұтыну 10,5 миллион тоннаға жете қалған жағдайда мәселе қайта қаралуы мүмкін. «Сондықтан біз тұтыну деңгейін мұқият қадағалайтын боламыз. Егер ішкі нарық мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін 10,5 млн тоннаға дейін тұтынатын болса, онда жаңа зауыттың құрылысы туралы шешім қабылдау қажеттігі туындайды. Өйткені жағдай дәл осылай жалғасса, бұл мәселемен кем дегенде бес жылдан кейін бетпе-бет келеміз. Ал әзірше үкімет төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы туралы шешім қабылдамақ емес», – деп толықтырды Энергетика министрі. Егер қоғамдық көліктер мен басқа да көліктерді газға көшіру жоспары орындалса, онда 400 мыңнан 500 мың тоннаға дейін дизель үнемдеуге болады, соның нәтижесінде 2030 жылға дейін зауыт салуға қажеттілік туындамайды. Бұған дейін ел ішінде жеке инвесторлар Шымкент пен Қарағандыда мұнай өңдеу зауыттарын ашады деген сөз тараған-ды. Бірақ Қанат Бозымбаев мұның бәрі әзірге қағаз күйіндегі жобалар ғана екенін айтып өтті. «Естуімше, Қарағанды облысында кішігірім мұнай өңдеу зауыты салынады деп жоспарлануда. Түркістан облысында да жеке инвестор химиялық кластерді дамытпақ екен. Маған олардың зауытты қандай шикізатпен қамтамасыз ететіні белгісіз. Ал Қызылорда облысындағы мұнай өн­дірісі бірнеше жылдан соң сарқылып, Шымкенттегі зауытты ғана қамтамасыз етуге жететін болады. Меніңше, олар жұртшылықтың назарын аудару үшін осылай жасап отыр. Әйтпесе, мұның бәрі қағаз күйіндегі жобалар ғана. Сондықтан бұл туралы айтуға әлі ертерек», – дейді Қанат Бозымбаев. Егер төртінші зауыт салынса, отандық өндіріс көлемі артып қана қоймай, кәсіп­орын­дар арасындағы бәсекелестік те кү­шейе түсер еді. Өйткені қазір нарықтағы мо­но­полия, ашықтықтың болмауы, қолдан ту­ғызылып отырған тапшылық, өндірісті те­жеу тетігі болуда.

Қара алтын Қырғызстанға ағылар...

Бозымбаев биыл елімізде 90 миллион тонна мұнай өндірілгенін атап өтті. Бұл көрсеткіш алдағы жылы әлдеқайда азаймақ. Өйткені, қара алтынның құнын көтеру үшін ОПЕК-ке мүше елдер өндірісті азайтуға келіскені белгілі. Оның үстіне, 2019 жылы Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз секілді ірі кен орындары жөндеу жұмыстарына жабылуы тиіс. Осы аралықта ішкі нарық қоймада жиналған өнімдермен қамтылмақшы. Ал ақпан айында қазақстандық бензиннің алғашқы партиясы Қырғызстанға жеткізіледі. Кейін, Армения мен Беларуське жөнелту жоспарда бар. Тіпті, Еуразиялық одаққа кірмейтін елдер де жанармайымызға көз тігіп отырғанға ұқсайды. Бірақ ол үшін бірнеше құжатты мақұлдау керек. «Келісімшартты ратификациялау жұмыстарын қаңтар, ақпан айларында бітірсек, онда наурыз айынан Өзбекстанға, Тәжікстанға және Ауғанстанға бензинді экспорттауға мүмкіндік береді», – дейді министр. Мұнай-газ өндіру дегенде билік не­гі­зі­нен үш үлкен жобаға үміт артады. Олар – Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ. Мұнайдың өндіріс қорының 91 пайызы негізінен 13 ірі кенішке тиесілі. 69 пайызы Теңіз бен Қашағанның еншісінде. Барлық ірі мұнай кеніштері еліміздің батыс өңірінде орналасқан. Оңтүстікте орта және шағын кеніштер бар. Шығыс, солтүстік және орталық аймақта көмірсутек қоры жоқ деуге болады. Ел экономикасының экспорт әлеуетіне назар салсақ, елімізде өндірілген мұнайдың 80-90 пайызы экспортқа жөнелтіледі екен. Мұнайға деген сұраныс тек ішкі нарықта ғана емес, шет мемлекеттерде де арта түскен. Ақшалай есептер болсақ, мұнай экспорты көлемі бір жылдың ішінде 37,8 пайызға өсіп, 26,6 миллиард долларды құрады. ТМД елдері ішінде қазақстандық мұнай өнімдеріне Өзбекстаннан сұраныс артып тұр. Әлемнің басқа елдерінің қатарында Италия, Нидерландтар, Швейцария мен Франция бар. Қазір жұмыс істеп тұрған үш – Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыты. Сондай-ақ, Ақсай мен Ақтөбеде шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Қазақстанға тағы бір ірі мұнай өңдеу зауыты керек екендігі айтылғалы көп болды. 90-жылдардан бері қозғалып келе жатқан мәселеге әзірге нүкте қойылған жоқ. Бірақ Энергетика министрінің өзі бұл мәселенің алдағы уақытта қайта көтерілуі бек мүмкін екендігін мойындап отыр. Өткен жылдың екінші жартысында еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарындағы күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, зауыттар толық қуатта жұмыс істеуге көшті. 2017 жылы Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттары жаңғырудан өтсе, биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сертификациядан кейін бензин, дизель отыны және әуе керосині бойынша импортқа тәуелділіктен біршама арылып, отандық нарық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Мұнайды өндіру деңгейі 63 пайыздан 83 пайызға көтеріледі. Экологиялық талапқа жауап беретін К4, К5 сапасындағы өнімдер шығарылады. Жанар-жағармай өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндігі артады. Айта кетейік, 1992 жылы Қазақстан 25 млн тонна мұнай экспорттаған, ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша – рекордтық 86 млн тонна болған. 27 жыл бұрын республиканың қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытында шамамен 18 млн шикізат қайта өңделген. Алайда Қазақстан бұл көрсеткішке қайтып жете алған жоқ. Іс жүзінде барлық өндірушіге, оның ішінде, шетелдік компанияларға шикізатты шетелге тасыған тиімдірек болып отыр. Олар үшін экспорт әлдеқайда пайдалы әрі оңайырақ жұмыс.

34 млн доллар неге сұралмайды?

Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты бүгінде ішкі нарықтағы жоғарыоктанды бензинге сұраныстың шамамен 70 пайызын, дизель отынының 85-90 пайызын және авиаотынға сұраныстың 45 пайызын өтейді. Ал еліміз тұтынатын жанармайдың шамамен 30 пайызын Ресейден сатып алады. Жасыратыны жоқ, еліміздегі үш зауыт Қазақстанды мұнаймен толық қамтамасыз ете алмай отырғандықтан, тапшылықты Ресейдің өнімімен толтырып жүрміз. Біздің елде авиаотынды Шымкент мұнай өңдеу зауыты ғана шығарады. Бір зауыттың өнімі тұтас Қазақстанды қамти алмайды. Жетпеген авиаотынды тағы да солтүстіктегі көршімізден қымбат бағаға сатып аламыз. Жалпы, елімізде мұнай өңдеу зауытын салу 90-жылдардан бері көтеріліп келеді. Сол жылдары Ақтауда республика бойынша төртінші болуы тиіс Маңғышлақ мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланған болатын. Экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан, сол кездері инфрақұрылымның бір бөлігі, оның ішінде, теміржол да салына бастаған еді. Жоба бойынша зауыттың қайта өңдеу қуаты болжаммен жылына 6 миллион тонна болатын болды. Барлық жұмысқа 34 миллион доллар жұмсалды, бірақ қаржы жетіспеуінен жұмыс тоқтап қалды. Ал кейін сала басшылары елімізге төртінші зауыттың қажеті жоқтығын алға тартты. 2010-2012 жылдары зауыт құрылысы 6 миллиард, ал қолданыстағы зауыттарды жаңғырту – 3,5 млрд долларға бағаланды. Екі нұсқаның ішінен шығыны аз болатын жоба таңдалды. Сөйтіп, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 млн тоннаға дейін арттыру қолға алынды. Төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қанша рет көтерілсе де, соңы аяқсыз қалатынына үйрене бастағандаймыз. Ал бұл жолы Энергетика министрі төртінші зауыт құрылысы туралы сөз қозғаудың қажеттілігі жоқ екенін мәлімдеді. Сарапшылар болса, Қазақстанда төртінші мұнай зауытының салынбай қалуының себебін шикізаттың тап­шылығымен байланыстырады. Маман­дар­дың түсіндіруінше, тағы бір мұнай өңдеу зауыты салынса да, оған қажетті шикі мұнай жетіспейді. Өйткені мұнай кеніштерінде қара алтын жыл сайын азайып келеді. Оның үстіне, еліміздегі жанармай бағасы да әлемдік деңгейге жетпейді. Ал баға әлемдік деңгейге жетпей тұрып мұнай өңдеу зауытында шикізат өңдеу – оның иесіне экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бір айта кететін жайт, Қанат Бозым­баев нүкте қойған төртінші мұнай өңдеу зауы­тының құрылысы 2019 жылы аяқталуы тиіс еді. Бұл уәде 2011 жылы берілген болатын. Сөйтіп жүргенде, созбаққа салынған зауыт құрылысы мүлдем тоқтатылды. Бірақ жылдар бойы сөз болған төртінші мұнай өңдеу зауытының жыры бірнеше жылдан кейін қайта көтерілетін тәрізді.

Серіктес жаңалықтары