2018 жылы алматылық жұмыс берушілер 21 млрд теңге жарна аударды

2018 жылы алматылық жұмыс берушілер 21 млрд теңге жарна аударды

2018 жылы алматылық жұмыс берушілер 21 млрд теңге жарна аударды
ашық дереккөзі
238
Өткен жылы Медициналық сақтандыру қорына Алматы қаласынан 21 млрд теңгеге жуық жарна түсті. Ал, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен бері оңтүстік астаналықтар қорға 28 млрд теңгеден астам қаржы аударған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады. Айтуынша, бұл республика бойынша түскен жарнаның 21 пайызы. Жалпы, Алматы қаласы төленген жарна көлемі жағынан еліміз бойынша көш бастап тұр, деді Тілеухан Әбілдаев. Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы жарнаны жұмыс берушілер ғана төлейді. Биыл олар жұмыскер табысының 1,5 пайызы көлемінде жарна аударады. Аударым жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жасалады. Ал, жеке кәсіпкерлер 2019 жылы өзі үшін жарна аудару міндетінен босатылған. Соңғы өзгерістерге сәйкес, елімізде биылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем жүйесі енгізілді. Бірыңғай төлемге өзге әлеуметтік төлемдерден басқа МӘМС жарнасы да енгізілген. Ол жиынтық төлемді төлеушілерге сақтандыру жүйесіне қатысып, МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік бермек. Төлемді жеке тұлғаларға қызмет көрсететін, жалдамалы жұмысшылар еңбегін пайдаланбай табыс табатын жеке тұлғалар аударады. Жиынтық төлем сомасы республикалық маңызы бар қала тұрғындары үшін – 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), ауыл-аудан тұрғындары үшін – 0,5 АЕК құрамақ (2019 жылы 1 АЕК – 2525 теңгеге тең). Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.

Серіктес жаңалықтары