441
«Қайырымдылық керуені» басталды
«Қайырымдылық керуені» басталды
Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық қайырымдылық шарасын қолға алды. Елордадағы Достық үйінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға арналған «Қайырымдылық керуені» шарасы аясында «Сарқыт» республикалық акциясы басталды.
Шарада елордалық этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен «Аналар үйінің» балалары үшін «Тұсаукесер» және «Бесіктой» рәсімдері өткізілді. «Өткен жылы аталған акция аясында түрлі бағыттағы 8700 іс-шара өтті. Соның нәтижесінде 400 мыңнан астам адамға 2,5 млрд теңгенің қайырымдылық көмегі берілді. Сондай-ақ, жыл бойы аталған шараларға белсенді қатысып, өз үлестерін қосып жүрген меценаттарға «Жомарт жан» атағын табыс еттік», ‒ деді ҚХА төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко. Шараның алғашқы күнінде көмекке мұқтаж 55 отбасыға тегін азық-түлік үлестірілді. Одан бөлек, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен флешмоб ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасына ҚР Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен қорлар және этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты.