Ганус  алаңдаулы,  ал  Песков  ше?..

Ганус  алаңдаулы,  ал  Песков  ше?..

Ганус  алаңдаулы,  ал  Песков  ше?..
ашық дереккөзі
288
Ресейдегі допинг дауы таяу уақытта аяқталмайтын түрі бар. Бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан даулы мәселенің нүктесі қалай қойылары да көпке беймәлім. Тіпті, әр жылдың басында ВАДА мен РУСАДА арасындағы текетірестің жаңа бір кезеңі басталатындай көрінеді. 2019 жыл басталысымен Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігінің (ВАДА) сайтында Ресейдің РУСАДА статусын қайта қалпына келтіру бойынша мойнына алған міндеттерін орындамағаны туралы хабарлама жарияланды. ВАДА сарапшылары Мәскеудің антидопингтік зертханасынан қажетті деректерді ала алмаған. 2018 жылдың соңында ВАДА вице-президенті Линда Хеллеланд РУСАДА-ның статусын қалпына келтіруден тез арада бас тарту қажеттігін айтқан еді. Халықаралық олимпиада комитеті де ВАДА-ның шешімін құп көріп отыр. Мұндай мәлімдеменің ресейлік спортшылардың болашағын бұрынғыдан да бұлыңғыр ете түскені анық. Бұған дейін Ресей Федерациясының спортшылары халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндіктері болған. Енді Ресей допингке қарсы күрес агенттігі мәртебесінен айырылар болса, спортшылар үшін де жағдай күрделене түспек. Өткен жылдың 1 сәуірінде ВАДА кодексіне сай келмейтін кез келген ұйым қатаң санкцияға ілінетіні жөнінде келісім жасалған. Егер қандай да бір елдің допингке қарсы күрес агенттігі ВАДА кодексіне сай келмесе, сол мемлекеттің спортшылары олимпиададан бастап өзге де халықаралық додаларға қатысу құқығынан айырылады. Бұл келісімге Халықаралық олимпиада комитеті және олимпиада ойындарына енетін спорт түрлерінің халықаралық федерациялары (оның ішінде хоккей де, футбол да бар) қол қойды. Сондықтан Ресей спортшылары халықаралық жарыстардан толықтай шеттетілуі әбден мүмкін. Ресей спортшыларының басына қара бұлт үйірілуі мүмкін екенін бұған дейін РУСАДА-ның бас директоры Юрий Ганус та айтқан болатын. Ганус тіпті Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдаған. РУСАДА басшысы елдегі спорт саласы күйреудің аз-ақ алдында тұрғанын және 2019 жылдан бастап спортшылардың жарыстардан шет қалатынын атап көрсеткен еді. Ганустың мұндай мәлімдеме жасауына Мәскеу зертханасының Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігіне сынамаларды бермеуі себеп болған. 2014 жылғы Сочи олимпиадасынан бері бастау алған допинг дауынан кейін РУСАДА ВАДА-ның бірқатар талаптарын орындауы тиіс еді. Сол шарттардың бірі – Мәскеу зертханасының деректер базасын ВАДА-ға беру. Келісімге сай бұл деректер ВАДА сарапшыларына 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін берілуі қажет болған. Алайда Ресей тарапы бұл талапты орындамады. Ал РУСАДА-ның бас директоры Юрий Ганус бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Ресей президентіне ашық хат жолдады. «Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігінің кодексіндегі талаптарды орындамағаны үшін РУСАДА өз мәртебесін қайтарып ала алмауы мүмкін. Оның үстіне, бұл жағдай спортшыларымыздың маңызды жарыстардың бәрінен шеттетілуіне әкеліп соғады. Біз үш ай ішінде Мәскеу зертханасында сақталған деректерді жібере алмадық. Ресей өзінің өткен күндеріндегі мәселелерді шешуге тырысуы керек. Кешегі күннің көлеңкелі жағдайлары спортты дамытуға кедергі болып отыр» делінген Ганустың хатында. Ганустың Ресей басшысына жолдаған хаты жауапсыз қалған жоқ. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл хатқа: «Әрине, біз бұл өтінішпен мұқият таныстық. Өкінішке қарай, директор мырза ВАДА мен РУСАДА арасында болып жатқан процестерден толықтай хабардар емес. Ол тек мәселенің детальдарын білмейді», – деп жауап берді. Одан бөлек Песков ВАДА мен Мәскеу зертханасы арасындағы жұмыстардың әдеттегідей режимде жүргізіліп жатқанын алға тартты. Сонда ВАДА мен РУСАДА арасында тұрақты келіссөздердің жүріп жатқанын Мәскеудегі допингке қарсы күрес агенттігінің басшысы білмейтін болғаны ма? Сонда бұл келіссөздерді кім жүргізіп жатыр? Әлде Дмитрий Песков Юрий Ганустың көп «былықтан» хабарсыз екенін ұқтырып отыр ма? Бұған Ганустың айтар өз жауабы бар. «Жұмыс процесі» жүріп жатыр дейді. Бірден айтайын, ВАДА-ны бұл «жұмыс процестері» еш қызықтырып отырған жоқ. Оларға тек нәтиже қажет. «Жұмыс процесінің» жүріп жатқанына 3 жыл болды. Ал ВАДА-ны зертханадағы деректер базасы мен допинг-сынамалардың электронды деректер қоры ғана қызықтырады. Бүкіл әлем, Халықаралық олимпиада комитеті, Спортшылар комиссиясы, барлық халықаралық антидопингтік ұйымдар Ресейдің дәл осы талапты орындауын талап етіп отыр», – деді РУСАДА басшысы. ВАДА-ның соңғы мәлімдемесі Юрий Ганустың тектен-текке шырылдамағанын дәлелдеді. Сонымен, ВАДА сарапшылары Мәскеу зертханасындағы деректерге неге қол жеткізе алмады? Бұл Ресейдің допингке қарсы күрес агенттігінің бір шикілікті жасырып отырғанын өздігінен дәлелдеп тұрған жоқ па? Қалай болғанда да, Ресей зертханадағы деректерді ВАДА-ға бермесе, кодекс талаптарын орындамағаны үшін айыпталады. Ал егер құпия деректерді жариялайтын болса, сол арқылы Мәскеуге жаңа айыптар тағылатыны анық. Ресейдің бұл деректерді ВАДА сарапшыларынан жасырып отыруында бір сыр бары айтпаса да түсінікті. Қазір ВАДА мен РУСАДА арасындағы жағдай бүкіл әлем назарында. Ресей спортының бас сыншысы, АҚШ антидопингтік агенттігінің басшысы Трэвис Тайгарт ВАДА-ның Ресей допингке қарсы күрес агенттігін ресми статусынан айырып, ресейлік спортшыларды барлық жарыстардан шеттете бастайтынына үміттеніп отырғанын жеткізді. ВАДА-ның 14-15 қаңтарда өтетін конгресіне дейін бұл жағдайдың қалай өзгеретіні баршаны алаңдатып отырғаны рас. Қазірдің өзінде РУСАДА тағдырына қатысты бірнеше болжам бар. Біріншісі, ВАДА Мәскеу зертханасындағы деректерге қол жеткізе алмайды. Соның нәтижесінде 2010-2015 жылдар аралығындағы ресейлік спорт жұлдыздары бар айыптан босайды. Бірақ ВАДА Ресейге қатысты қатаң шара қолданады. Сөйтіп, Ресей спорты құрдымға кетіп, үздік спортшылар азаматтығын ауыстыра бастайды. Ал әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында ресейліктер бейтарап атлеттер ретінде ғана бақ сынай алатын болады. Екінші нұсқа бойынша, ВАДА Мәскеу зертханасындағы барлық деректерді алады. Сөйтіп, 2012 жылғы Лондон, 2014 жылғы Сочи олимпиадасындағы, Әлем және Еуропа чемпионатындағы үздіктер өз медальдарын кері қайтарады. Егер Кремль Ресей спортын алға жылжытуға ниетті болса, осы нұсқаны таңдауы тиіс. Әрине, өткен күндердегі талай былықтың беті ашылады. Бірақ жаңа есімдер спорттағы жолдарын таза жолмен бастайды. Ең қызығы, сарапшылар бұл мәселенің шешімі болатын тағы бір нұсқа ұсынып отыр. Яғни, ВАДА мен РУСАДА екі тарапты да қанағаттандыра алатын өзара келісімге келеді. Келісім бойынша, ВАДА бар дерекке қол жеткізгенімен, бәрін бірдей су бетіне шығармайды. Осылайша, Ресей өзінің біршама үздік спортшыларын ақтап ала алады. Оқиға соңы дәл осылай аяқталуы да бек мүмкін. Өйткені бір кездері Мәскеудің антидопингтік агенттігін басқарған Григорий Родченков қазір ВАДА-ның басты дерек көзі болып отырған жоқ па? Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігінің мамандары 31 желтоқсан күні Мәскеуге баруы тиіс болған. Алайда бұл сапар 9 қаңтарға ауыстырылды. Осы тексеруден кейін ресейлік спортшыларға қатысты жаңа талқылаулар басталатын сыңайлы. Өйткені ВАДА сарапшылары сайттарында осындай мәлімдемелер жасауда. Бұған қарағанда, РУСАДА мен ВАДА арасындағы текетірес әлі біразға дейін жалғасатын түрі бар.

Серіктес жаңалықтары