302
Алғыс арқалаған Варфоломей
Алғыс арқалаған Варфоломей
Украина шіркеуі тарихи тәуелсіздік алды. Православтық христиандардың рухани басшысы – Бүкіләлемдік патриарх Варфоломей Украина шіркеуіне ресми түрде азаттық берді. Бұл – Украинаның Ресейден тарихи бөлінуінің бастауы, ел қауіпсіздігі үшін маңызды фактор.
2018 жылдың сәуір айында Украина президенті Петр Порошенко дүниежүзілік патриарх Варфоломейге Украина шіркеуіне автокефальді беруді сұраған. Одан кейін іле-шала патриарх Филарет пен митрополит Макарий Константинопольдің шешімі Украинада бірыңғай шіркеу құруға мүмкіндік береді деп мәлімдеме жасады. Ал 2019 жылы 6 қаңтар күні Бүкіләлемдік патриарх Украина православ шіркеуінің митрополиті Епифанияға Томосты табыстады. Тарихи оқиға Фанардағы қасиетті Георгия патриархтық ғибадатханасында өтті.
Құдайға құлшылық ету рәсімін Варфоломей патриархы мен Епифания митрополиті бірге өткізді. Діни рәсім грек және украин тілдерінде жүргізілді. Құлшылық рәсіміне Украина президенті Петр Порошенко, Жоғарғы рада басшысы Андрей Парубий мен өзге де билік өкілдері және екі шіркеудің де дін қызметкерлері қатысты.
Патриарх Варфоломей әуелі Томос мәтінін оқып, кейін Украина православ шіркеуінің өкіліне архиерей таяғын тапсырды. Митрополит Епифаний әділдік пен бірлікті қайта орнатқаны үшін Константинополь шіркеуінің басшысына алғыс білдірді. Сондай-ақ, ол 5 жыл бойы жалғасқан Украинадағы соғысқа тоқталып, тұтқындағылардың бостандыққа шығуы және бейбітшілік үшін тілек тілеуге шақырды.
Сонымен, Бүкіләлемдік патриарх Варфоломей Украина біріккен православ шіркеуінің автокефалиясы туралы Томосқа қол қойды. Патриархтың қолы қойылғаннан кейін автокефалия туралы бұл құжат бірден күшіне енді. Қол қою рәсімінен кейін Константинополь шіркеуінің басшысы бұл оқиғаны тарихи сәт деп бағалап, әрдайым Украина шіркеуіне қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қасиетті Георгия шіркеуіндегі Томосты тапсыру рәсіміне қатысқан Украина президенті Петр Порошенко бұл оқиғаның маңызды екенін атап өтті. «Баршаңызды осы бір мерекемен құттықтаймын. Сіздерді біздің мемлекеттің рухани тәуелсіздігімен және армандарыңыздың орындалуымен құттықтағым келеді», – деді Украина прензиденті.
Айта кетейік, бұған дейін Украина президенті Петр Порошенко шіркеулерді біріктіру мәселесі заман талабынан туып отырғанын атап өткен еді. «Томос өзін діни қоғамда көрсете алған шіркеуге беріледі. Біздің таңдауымыз түскен шіркеуде Украина православ шіркеуінің жоғары атаққа ие болған дінбасылары жиналып, ортақ шешім қабылдап отырады», – деді президент. Оның пікірінше, Киев үшін Константинополь патриархаты шіркеу-ана ретінде қалады. «Бізге діни сенім де сол жақтан келді. Ол жақта біздің шіркеу-ана бар. Біз оған автокефалияны беру жөнінде ұсыныс білдірдік. Автокефалияны украин шіркеуіне алдырту елдің тәуелсіздігі мен әлемдік геосаясаттағы орнын нықтай түседі. Білуімше, автокефалия мәселесі шіркеу өмірінен алыстап, шекара асып кетті. Алайда бұл – Украина тәуелсіздігінің мәселесі», – деген болатын Петр Порошенко. Сонымен, біраз уақыт созбалаңға салынған автокефалияны беру мәселесі шешімін тауып, 2019 жылдың басында Украина рухани азаттық алып, шіркеу автокефалияға қол жеткізді.