476
Электронды қызмет – уақыт үнемдеу кепілі
Электронды қызмет – уақыт үнемдеу кепілі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2020 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын электронды форматқа көшіруді тапсырған болатын. Осы ретте Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында «Электронды үкімет» және мемлекеттік қызметтер көрсетуді дамыту жайы талқыланды.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың баяндамасына сүйенсек, 741 мемлекеттік қызмет түрінің 454-і (61 пайызы) электронды форматта жұмыс істейді. Тағы 165 мемлекеттік қызмет тек қана электронды түрде көрсетіледі. Ал өткен жылы 64 жаңа мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілді.
Электронды мемлекеттік қызметтер e-GOV порталы арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде электронды үкімет порталына 8,5 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Былтыр аталмыш порталда 30 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, 588 мемлекеттік қызметті оңтайландыру қажеттігі анықталды. Оларды электронды форматқа ауыстыру тұстары жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ, рәсімдеу уақытын, құжаттар тізбегін қысқартуды, композиттік немесе проактивті формада анықтама беру тəсілдерін, артық рәсімдер мен келісімдерді қысқарту жайы да толық пысықталды. Алдағы уақытта 141 мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр. Одан бөлек 447 мемлекеттік қызмет түрінің кейбір құжаттары мен мерзімі қысқартылмақ. Мəселен, еңбекке жарамсыздығы туралы берілетін парақты электронды форматқа көшіру көзделген. Ыңғайлы болуымен қатар, бұл ұлт денсаулығы жөніндегі деректерді бір электронды базаға топтастыруға жол ашады. «Big Data» технологиясының көмегімен жиналған деректерді денсаулық сақтау мен фармакология саласында тиімді пайдалану жоспарланып отыр.
Дегенмен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді түгелдей автоматтандырудың мүмкін еместігін айтуда. Себебі тиісті мамандарсыз жүзеге асыруға болмайтын да қызмет түрлері бар. Қазіргі уақытта осындай қызметтерді оңтайландыру үшін қажетті шаралар қолға алынды. Өткен жылы 76 мемлекеттік қызмет оңтайландырылған болатын. Сонымен бірге, былтыр бірнеше рәсім жеңілдетілді. Мәселен, жүргізуші куәлігін алу мен көлік құралын тіркеу электронды өтінім арқылы қабылданатын болды. Бұрын бір көлікті тіркеуге 6 сағат уақыт кетсе, қазір 2 сағат жеткілікті. Бүгінде электронды үкіметтің m-Gov мобильді қосымшасын 1,3 млн азамат пайдаланады. 2018 жылы m-Gov арқылы 3,6 млн қызмет көрсетілген.
Сондай-ақ, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша 43 заң мен 10 Кодексте 500 түзетуді қарастыратын заң жобасы дайындалды. Аталмыш заң жобасы 121 мемлекеттік қызметті оңтайландыруға бағытталған бірқатар түзетуден тұрады. Атап айтар болсақ, некені тіркеу қызметін оңтайландыру, салық төлеушілердің артық төленген сомасын автоматты түрде қайтару, мемлекеттік қызметтер ұсыну тәртібін реттеу бойынша 3,5 мыңнан астам стандарт пен регламент өзгереді. Енді 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы 90 пайызы автоматтандырылады. Бір жыл ішінде қағаз түрінде ұсынылатын 110 млн құжат қысқармақ.
Үкімет отырысында баяндама жасаған «Азматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі 741 қызметтің 598-і мемлекеттік корпорация арқылы қолжетімді екенін тілге тиек етті. Оған 325 фронт-офис, Қазақстан бойынша 6 секторы бар 16 мамандандырылған ХҚКО, соның ішінде Алматыда 4 сектор жəне Түркістан облысында 2 сектор, 70 мобильді ХҚКО жəне «Қазпошта» АҚ-ның 1656 бөлімшесі қатысады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа тетігі іске қосылды. Енді азаматтар қызметті бет-бейнесі немесе саусақ іздерінің көмегімен ала алады, соның нəтижесінде электронды цифрлық қолтаңба қолдану немесе жеке куəлікті ұсыну қажеттілігі жойылады.
Жиында талқыланған мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапасын арттыру туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірұлы мемлекеттік қызмет көрсету секторын цифрландыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің, халықты қажетті цифрлық дағдыларға жүйелі негізді оқытудың қажеттігін атап өтті. Одан бөлек мемлекеттік қызметтерді электронды форматта беру жұмысын жетілдіруді міндеттеді. Үкімет басшысы мемлекеттік қызметтер саласын дамыту мəселелері Елбасының бақылауында екенін атап айтты.
Сонымен қатар, Үкімет отырысының соңында техникалық реттеу мәселелері де талқыланды. Аталмыш тақырып бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Министрдің айтуынша, ішкі нарықта өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспортқа жағдай жасау мақсатында қабылданған «Стандарттау туралы» заң Еуропа елдерінің тəжірибесіне негізделген жəне стандарттаудың халықаралық үлгісіне өтуге мүмкіндік береді. Бұл стандарттау бойынша жұмыстардың бірыңғай операторы ретінде Ұлттық стандарттау органын белгілеп, ұлттық стандарттау жүйесін құру, «мемлекет-бизнес-тұтынушы» арасында стандарттарды консенсустық талқылау орталығы ретінде стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер мəртебесін арттыру мəселелерін қамтиды.