3053
Адамзатты алаңдатқан ауыз су
Адамзатты алаңдатқан ауыз су
Біздің ғаламшарды басқа планеталардан ерекшелейтін, өліні тірі қып ұстап тұрған ең басты ресурс – су. Бірақ жер-жерде су тапшылығы күннен-күнге артып келеді. Дүниежүзілік су жөніндегі комиссия әлемдік су қорының шексіз емес екендігін, оның да жыл өткен сайын азайып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Мұхиттар мен өзен-көлдер лайланып, қаншама таза су ішуге жарамсыз болып, қаншама су асты тіршілік иелері уланып өліп жатыр. Осылай жалғаса беретін болса, өмір көзінен айырылып қалар қауіп деңгейі де жоғарылай бермек. Сондай-ақ, жер бетіндегі халық саны 7,6 миллиардтан асып бара жатқаны мәлім. Онымен қоса жер асты пайдалы қазбаларын бей-берекет, шектен тыс игеру, қомақты ақша төлесе, соңғы ағашын шауып беруге даяр тұратын адамдардың пайда болуы да алаңдатпай қоймайды. Адамзат қайда барады?
Мұхиттардағы қоқыс көлемі Гренландия аралынан асып түскен
2018 жылдың өзекті мәселелерінің бірі мұхиттардың ластануы болды. Осыған орай желтоқсан айында Еуропалық Одақ 2021 жылға қарай бір реттік қолданылатын пластмасса өнімдеріне тыйым салу туралы заң қабылдады. Бұл идея Еуропа Парламентінің мүшесі Фредерик Риске тиесілі. Жыл сайын мұхиттарға шамамен 8 тонна пластик қоқыс тасталады. ЕО елдерінде пластмасса бұйымдарын қолдануға тыйым салынған. Бұл барлық мемлекеттер үшін керемет үлгі боларлық іс, бірақ тұтастай алғанда ол жағдайға толығымен әсер ете алмайды. Себебі мұхитқа түсетін пластиктің 90 пайызы 10 өзеннен ағып келеді екен. Оның 2-еуі Африкадан, қалған 8-і Азиядан келіп жатыр. 1950 жылдан 2018 жылға дейін әлем бойынша 6,3 миллиард тонна пластик өндірілген. Сондай-ақ, бір ғана 2018 жылы зауыттардан 380 миллион тонна пластик өнімі әзірленіп, жер-жерге, ел-елге таратылған. Оның 9 пайызы қайта өңделіп, 12 пайызы өртеліпті. Сонда қалғаны қайда кетті деген сұрақ туады. Сұраққа жауап табу да оңай, қалғаны мұхиттарда қалқып, қоқыс алаңдарында жатыр, я болмаса жерге көмілген. Тіпті, Тынық мұхитындағы қоқыс пластиктер көлемі ең үлкен арал болып саналатын Гренландиядан да асып түсетін біртұтас материк болып қалыптасқан. Халық жаппай пайдаланатын пластик қорапшалардың жер бетінен жойылуы тығыздығына қарай 100 жылдан 1000 жылға дейін уақыт алатыны белгілі. Ал пластик бөтелкелер, стақандар, шанышқылар мен қасықтар кем дегенде 450 жылға дейін жойылмайды. Кейбіреулері тіптен ерімей, жер бетінде жата береді. 2018 жылы «Ocean Cleanup» үкіметтік емес экологиялық ұйымы Тынық мұхиттағы пластиктерді жинайтын алғашқы қондырғыны іске қосты. Жиналған пластик қоқыстары екінші мәрте өндіріске жіберілетін болады. Ал енді мұхиттардағы барлық қоқыс жер бетіне қайта шығарылса, не болатынын елестету де қорқынышты.Әлем елдеріндегі ауыз су тапшылығы
2025 жылға қарай су тапшылығын көретін адамдардың саны 5,5 миллиардқа дейін өседі деп болжануда. Бұл – әлем халқының үштен екі бөлігі ауыз суға зәру болады деген сөз. Соңғы жылдары жер бетіндегі халық санының көбеюімен әлемде су тұтыну көлемі де ұлғайған. Дүниежүзілік су жөніндегі комиссияның мәліметіне сүйенсек, бүгінде әр адам күніне 20-50 литр су құртады екен. Сондай-ақ, әлемнің 28 елінде миллиардқа жуық адам осы өмірлік маңызды ресурсқа қол жеткізе алмай отыр. Ал 2,5 миллиардқа жуық адам орташа немесе ауыр су тапшылығын сезуде. Осы орайда салыстырмалы түрде су қорына бай елдер мен су тапшылығын қатты сезіп отырған елдердің тізімін ұсынамыз. Десек те, зерттей келе су қорына бай елдердің барлығында дерлік ауыз су мәселесі жоқ деп қарауға болмайды. Себебі табиғат байлықтарын аса көп мөлшерде игеріп, я өндіріске негізделген елдер «қолда бар алтынның қадірін білмей» таза суды лайлауда. Ауыз су қоры жеткілікті елдер тізімі: Бразилия – 6950 текше шақырым Ресей – 4500 текше шақырым Канада – 2900 текше шақырым Қытай – 2800 текше шақырым Индонезия – 2530 текше шақырым АҚШ – 2480 текше шақырым Бангладеш – 2360 текше шақырым Үндістан – 2085 текше шақырым Венесуэла – 1320 текше шақырым Мьянма – 1080 текше шақырым Ал Қазақстандағы жалпы су ресурстары 101 текше шақырымды құрайды және оның тек 57 текше шақырымы ғана Қазақстанның өзінен бастау алады. Қалғаны көрші елдерден келеді: Ресейден – 8 текше шақырым, Қытайдан – 19 текше шақырым, Өзбекстаннан – 15 текше шақырым, Қырғызстаннан – 3 текше шақырым. Бұған анық мысал – 80 пайызы Қытайда қалыптасқан Іле өзені. Бұл тұщы су артериясы Қапшағай су қоймасы мен Балқаш көліне құяды. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген келіссөздер мен бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылатындығына қарамастан, Қазақстанға жіберілетін судың шамасын қытайлар өздері шешіп отыр. Сондай-ақ, Пекиндегі миллиондаған этникалық қытайлықтарды ішкі провинциялардан Шыңжаңға көшіру саясатының арқасында Іле өзенінің Қытай бөлігіндегі адамдар саны бүгінде миллионнан асқан. Бұл жағдай суармалы жерлердің күрт өсуіне, жаңа бөгеттер мен су қоймаларының көптеп салынуына әкелетіні сөзсіз. Сонымен қатар Қытай экономикасы мен өнеркәсібінің дамуы жағынан АҚШ-ты әлдеқашан басып озғаны белгілі. Демек, Қытайда миллиондаған кәсіпорындар дамылсыз жұмыс істеуде. Осылайша өндіріс орындарынан шығатын улы қалдықтың барлығы суға тасталып, оны ластап жатқаны айдан анық. 1,4 миллиард халқы тағы бар. Мұнша халықты сумен қамтамасыз ету де оңайға соқпайды. Қытай ауыз су қорының көлемі жеткілікті елдер қатарында алғашқы төрттікке кіргенімен, ондағы өндірістен шыққан қалдық көлемі соншалықты таза суды былғап, оны ішуге жарамсыз етіп жатыр. Сондықтан болашақта өзінің халқын сумен қамтамасыз ете алмайтындай жағдай туса, Қытай Іле өзенін, тіпті бөгеп тастауы да мүмкін. Қазақстандағы өзендердің жағдайы да көңіл көншітерлік емес. Аралды айтпағанда, Балқаш пен Жайық та жыл сайын тартылып келеді. Өзен-көлдерді сақтап қалу бойынша бағдарламалар көп болғанымен, өзен сулары азайып барады.Ауыз суға зәру елдер:
Үндістан – 163 млн халық ауыз суға зәру, ауру-сырқаудың 21 пайызы судан. Су қоры мол болғанымен, оны жүйеге келтіріп, дұрыс пайдалану жолға қойылмаған; Эфиопия – 60 млн адам таза ауыз сумен қамтамасыз етілмеген, әр адам күнделікті жұмсайтын ақшасының 15 пайызын суға құртады; Нигерия – 60 млн адам ауыз су тапшылығын сезінуде; Қытай – кәсіпорындар тым көп, қалдықтар суға лақтырылып, таза су қолмен уланып жатыр; Конго Демократиялы Республикасы – дамуы артта қалған мемлекет; Индонезия – көмірсутек өндірісінің дамуы таза суды пайдаға жарамсыз қылуда; Танзания – халқының жартысы ауыз сусыз отыр; Уганда – шай мен кофенің отаны, мұнда халықтың жарты бөлігі ауыз суға зәру; Пәкістан – Үнді өзені үшін Пәкістан мен Үндістан арасындағы жағдай талас-тартысқа алып келуде, Үндістан Үнді өзенін бөгеп тастаса, Пәкістанның сусыз қалу қаупі бар; Кения – климатына байланысты құрғақ, шөл мен шөлейт жайлаған ел. P.S. Егер суға талас болатын күн туса, әлемді хаос жайлары сөзсіз. Қазақстанда таза ауыз судың аздығы аса білінбегенімен, елде су дефициті бар. Су қорына бай алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда өзімізге тиесілі 57 текше шақырым су қорының жеткіліксіз екені анық. Қазақ «судың да сұрауы бар» дегенмен, суды үнемдеуге келгенде селсоқ екенін мойындауымыз керек. Алтынның да қолда барда қадірі жоқ. Әйтсе де, су тапшылығынан таршылық көрген елдерден сабақ алып, қалайда ысырап жасамай, үнемдеуге көшкен абзал. Айтпағымыз осы еді...