447
«Кедергісіз келешек» кедергі қалдырмауы тиіс
«Кедергісіз келешек» кедергі қалдырмауы тиіс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мүгедектердің кедергісіз жүруі үшін түрлі бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасында да «қазақстандықтар үшін жоғары деңгейлі өмірге лайық әлеуметтік қызметтер қолжетімді болуы керек» делінген. Осыған орай партия «Кедергісіз келешек» жобасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
Партия «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жарымжан жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шараны іске асыруда. «Нұротандықтар» еліміздің барлық өңірлеріндегі қоғамдық көліктердің мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлылығын тексеруді қолға алды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы «Арба» қоғамдық бірлестігі мүшелерімен өткізілген шара аясында кембағал жандар әлі де қиындықтарға тап болатынына көз жеткізді.
Орал қаласындағы №35 маршруттың арбамен қатынайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімділігі тексерілді. Атап айтсақ, арбамен қатынайтын жандарға арналған №35 автобустың саны – 10 дана. Алайда қазіргі таңда олардың үшеуі ғана жұмыс істеп, қалғандары жөндеуде тұр. Жалпы, Орал қаласы бойынша №5, 2 және 35 автобустар ғана мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген, дегенмен сирек қолданылатын автобус пандусына мұз қатып, бірден ашыла қойған жоқ, көлік жүргізушісі құрылғыны бұрағышпен іске қосты, тек содан кейін ғана арбаға таңылған жан автобустың ішіне кірді.
«Қоғамдық көліктер қолжетімді емес, сондықтан амалсыз такси қызметін пайдаланамын. Зачаганскқа қатынайтын №6 және 7-маршруттарға кіріп-шығу мүлдем мүмкін емес», – деді І топ мүгедегі Мөлдір Нұрымова.
Ал «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің консультанты Архат Исламғали: «Орал шаһарында 400-ге жуық автобус және 100-ге жуық микроавтобус жұмыс істейді. Әрине, қазіргі таңда қаламыздағы үлкен маршруттарда мүмкіндігі шектеулі жандарға адаптация жасалғанмен, қала сыртымен қатынайтын автобустарда мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай жағдай жасалмаған. Бұл алдағы уақытта партия назарына алынатын болады», – дейді.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы қаладағы қоғамдық көліктердің жарымжан жандарға, көру, есту қабілеті нашар, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар мен психикалық ауытқуы бар адамдар үшін қолжетімділігін тексерді. Мониторинг барысында автобустардың денінде мүгедектерге арналған арнайы бекітпе, қосымша тұтқалар, жүргізушімен байланыстыратын арнайы тетіктердің бар екендігі анықталды. Ал автобустардың көпшілігінде механикалық пандус, көзі нашар көретіндер үшін түрлі түсті жарық сигналының болмауы сияқты кемшіліктер анықталды. Ақмола облысында бүгінгі таңда адамдарды тасымалдаумен айналысатын 212 маршрут бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін облыстағы автовокзал, автостанциялар тексерістен өтіп, мүгедектерге арналған орындарды жасақтау жоспары тұр. Биыл Көкшетау қаласындағы жеке тасымалдаушылардың бастамасымен мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлік аясында қосымша 36 автобус сатып алу жоспарланып отыр.