345
«7-20-25»: Түсіндіру жұмыстары алға басты
«7-20-25»: Түсіндіру жұмыстары алға басты
Шымкент қаласындағы №59 мектепте Елбасының «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шараны «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласындағы филиалы ұйымдастырды.
Түсіндіру жұмыстарына «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері, екінші деңгейлі банк өкілдері, Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері, №59 мектептің мұғалімдері, Қайтпас мөлтек ауданының тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Гүлнар Әшірбаева: «Басқарма тарапынан «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде алғашқы жарнаға көмек көрсету жолдары қарастырылып, жоба Инвестициялар және даму министрлігіне жіберілген. Осы мәселе барлық өңірлермен талқыланып, қазіргі таңда республикалық деңгейде бірыңғай ереже дайындалуда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында білікті педагогтар, дәрігерлер, полиция және басқа да сұранысқа ие мамандар үшін «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде өңірлерде жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарнаны ішінара субсидиялау бойынша тапсырма берілген», – деп атап өтті.
Ал «Қазақстан халық банкі» АҚ менеджері Дәулет Қосан әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қалай пайдалану қажеттігін түсіндірді. «Қазіргі таңда Шымкент қаласында «7-20-25 Ақпараттандыру орталығы» ашылып, онда екінші деңгейлі банк өкілдері және құрылыс компанияларының, «Баспана» ИҰ» АҚ-ның өкілдері азаматтарға бағдарламаға қатысты сауалдар бойынша түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргізуде. Сонымен қатар, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында бейнероликтер көрсетіліп, нұсқаулықтар таратылуда. Басқарма және банк қызметкерлері арасында пікір алмасу үшін арнайы «чат» ашылған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында 206 өтінім 2096,3 млрд теңгеге қабылданып, 97 өтінім 1026,3 млрд теңгеге қанағаттандырылған», – деді ол. Жиын барысында банк қызметкерлері тұрғындардың барлық сауалдарына жауап берді.