Құдіретті сөздің қаһаны – Сүйінбай
Құдіретті сөздің қаһаны – Сүйінбай
Айтыстың ақтангері, сөздің пірі Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл! Отты сөздің, өткір тілдің пірі болған ақынның мерейтойы халықарлық деңгейде тойланып жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келген ақынның мерейтойы әуелі «Менің пірім – Сүйінбай!» халықаралық ақындар айтысымен басталып, «Текті сөздің төресі – терме» республикалық термешілер байқауымен жалғасып, «Сөздің пірі – Сүйінбай» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясымен Алматыда түйінделді.
Айтыста ақын озар орақ тілді...
Сөз сүлейі Сүйінбайдың тойында Жетісудің төріне кіл жүйріктер жиналып, жыр додасына қатысты. Халықаралық айтысты Алматы облысының әкімшілігі ұйымдастырыпты. Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен халықаралық айтыстың сөз тартысы, ақындардың ұтқыр да ұшқыр ойлары, қайым айтыстағы қағытпа қарымтасы – қазақ сөз өнеріндегі айтыскерліктің сүрелеуін салған Сүйінбайдың бүгінгі ұрпағын, сөз қадірін білетін барша қазақтың рухын бір көтеріп тастады.
Жер жәннаты Жетісуда өткен Сүйінбай Аронұлының Алты Алашқа сауын айтқан айтысына – арқадан айтыскер ақын Айбек Қалиев, Жамбыл өңірінен Айнұр Тұрсынбаева бастаған, Жетісудың Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов қостаған кіл жүйріктері, алыстағы байөлкеден Моңғолия қазақтарының ыстық сәлемін, арғы беттегі Алтайда жатқан жегжаттың жетелі сөзін жетектеп қандастарымыз, Алатаудың күнгейін жайлап, Сүйінбаймен сөз таласқан айтыскер Қатағанның жолын қуған бауырлас қырғыздарда халықаралық айтысқа баталы сөзін әкеліп, мерейтойдың мәртебесін биікке көтерді.
Сүйінбайды пір тұтқан өңшең дүлдүл дүркіреген доданың көрігін қыздырды. Айтыс құмар ағайын айыскерлердің мәнерлі мақамына, зерделі сөзіне, қарсыласын қайымықтырған әзіліне қарық болды. Кіл жүйріктен кім жүйрікті анықтайтын айтыстың ережесіне орай, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы бастаған қазылар алқасы айтыс аламанында тартысқан ақындарға жүлдерлерді үлестірді. Айтыста қарсыласының бұғауына түспеген, әріптестерімен әзілін жарастырған, айтыстағы таза жеңісі де көрерменге айқын көрінген Жандарбек Бұлғақов халықаралық айтыстың бас жүлдесіне тігілген темір тұлпарды тізгіндеп мінді. Ал жыр додасына жан-жақты дайындалған, тиянақты сөз, терең ой айта білген, Астананың намысын қорғаған айтыскер Сырым Әуезхан бірінші орынды иеленіп, 1 млн. теңге ақышалай жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орын Жамбыл облысының атынан сайысқа түскен, қағытпа жырдың кестесін өрнектеп, көрерменнің жансарайын жарқыратқан қазақтың үлікілі айтыскері Айнұр Тұрсынбаеваға (700 мың теңге) бұйырды. Үшінші орынның жүлдесін екі ақын алды. Жүлденің бірін айтыста өрелі сөзімен көпшілікке ұнаған Аягөз Серікқызы, бірін Қытай қазақтары атынан арнайы келген Арзыгүл Қайымбекқызына (әрқайсы 500 мың теңгеден) берілді. Бұдан бөлек, жүлдегерлер мен басқа да арнайы сыйлық иелеріне қаржылай сый-сияпат жасалды.
Жетісуда өткен айтыстан Сүйінбай сүрлеу салған сөз өнерінің өміршеңдігіне тәнті боласың. Халық ақынының Тезек төремен, қырғыз ақыны Қатағанмен айтыстарының дәстүрі бүгінгі қазақ айтыс өнерінің сара жолы іспетті. Бұл жолғы халықаралық айтысқа келген ақындар ел бірлігін, Жетісудың әсем табиғатын, Сүйінбай ақынның шығармашылығын өлең-жырға қосты.
«Текті сөздің төресі – терме»
Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына арналған «Текті сөздің төресі – терме» республикалық термешілер байқауы Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында өтті. Сөз жауһары, ой тұнығы, ұлт ғибратын жырмен кестелеп, жүрекке қонымды әуенмен, далалық сарынға суғарған терме – Текті сөздің төресін термелеп айтатын, қарашықтай аялап, қазақтың жанынан, санасынан өшпесе екен деп жанталау болған аз ғана өнерпаздың еншісіне айналыпты. Жоғалып кетуі де ықтимал асыл өнерді әруақты ақын, сөздің пікірі Сүйінбайдың мерейтойына арнап байқау ретінде өткізу – жаттанды жоралғылардан бөлек жолды таңдап, мерейтойдың мерейін асырған ұйымдастырушылардың бастамасы баршаны сүйіндірді. «Ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған бұл байқаудың басты мақсаты – жыршылық-термешілік өнерге жаңаша серпін беру арқылы әдеби тілді дамытуға үлес қосу», – дейді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қызметкері Бижомарт Қапалбек.
Термешілер байқауына әзірлік біраз уақыт бұрын басталыпты. Ұзынағаштың аспанында әуелеп, құлақ құрышымызды қандырған термешілер республикамыздың 14 облысы, Астана мен Алматы қаларында өткен алғашқы арнайы іріктеулерден сүрінбеген саңлақтардың қорытынды сайысы екен. Текті сөзді термелеген термешілердің байқауына Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы, жыршы-термеші, профессор Алмас Алматов, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, дәстүрлі әнші Ақан Әбдуәлі сынды мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Байқауға қатысқан үміткерге (50 мың теңгеден) ынталандыру сыйлығы табысталды. Ал жүйріктер арасынан оза шапқан Байбақты Ідірбай үшінші орынды, термешілер байқауында Абылай хан дастанынан үзінді орындап, жұрт алқауына бөленген Майра Сәрсенбаева екінші орынды иеленді. Жас орындаушылар арасынан Жетісу әншілік мектебінің мәнерімен терме орындаған Нұрсұлтан Елемесов бірінші орынды (300 мың теңге) қанжығалады. Ал термешілер байқауында орындаушылық шеберлігімен, көзге түскен Дина Нұрабаева «Текті сөздің төресі – терме» респбуликалық термешілер байқауының бас жүлдесін (500 м ың теңге) жеңіп алды. «Бұл термені орындап, осы байқау үшін екі ай дайындалдым. Жыршы термеші Алмас Алматовтың «Еділ мен Жайық» термесі елдікті, бірлікті насихаттайды», – дейді жүлдегер термеші Дина Нұрабаева.
«Бізге бабаларымыздан аманатқа ұлан-ғайыр Ұлы дала қалды. Жер бетінде 200-ге тарта мемлекет бар, екі мыңдай тіл бар. Яғни, жер бетінде екі мың ұлт бар деген сөз. Олардың мемлекет құрғысы келмей ме? Келеді, әрине. Бірақ, көбінде ата-қоныс, жер жоқ. Сондықтан, біз қазақтың баласы бақыттымыз. Хандар тойы, бабалар тойы құтты болсын!», – дейді жүлдегерлерге арналған құттықтау сөзінде Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы.
Терменің толғамды тағлымын, орамды ойын бір-бірінен қалыспай шырқаған жас орындаушылардың өнерге деген ізеті, құрметі көрерменді шын сүйіндірді. Даналық пен тектіліктің бекзат өнерін дәріптеуге бағытталған байқау алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген үміттеміз.
«Сөздің пірі – Сүйінбай»
Алматыда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Сөздің пірі – Сүйінбай» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Сүйінбайдай саңлақ жырдың сүлейін ақындар айтыста көсіле жырлады, термешілер жыраудың толғамды сөздерін термелеп шырқады, ал халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның тағылымы, ғылыми сарабы, шетелдік әдебиет зерттеушілердің қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жырау Сүйінбай Аронұлының шығармашылығын зерттеп, ғылыми тұжырымдама жасауы келер ұрпаққа ақын тұлғасын тереңдей тану үшін жол ашқандығын аңғартады.
Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрғасы, сенатор Нұрлан Оразалин, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұлов, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы ұлттар әдебиеті институтының профессоры Хуаң Жоңшяң бастаған отандық және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Елбасының хатында: «…Уақыт араға жылдар салып, заман алға ұмтылған са-йын есімі ел есіне, туған халқына жақындай түсетін ұлы тұлғалар болады. Кезінде жыр дүлдүлі Жамбылдың өзі пірге балаған, елдің тәуелсіз болуын армандап, қиын заманда жырмен халқына жігер берген Сүйінбай сондай сүлейлердің санатынан еді. Әдетте үлкен ақынды да заманның өзі тудырады. Сүйінбай халқымыздың Қоқан хандығының, Ресей империясының тізесі батқан күрделі заманда өмір сүрді. Сондай кезде өзінің ақындық қуатын туған халқына бағыштады. Бүгінде оның тәуелсіз елі есімін ардақтап, ескерткіш тұрғызып, шығармаларын жарыққа шығарып, ауыл, көше, мектептерге атын беріп, лайықты құрметтеп, қошемет көрсетуде. Ақынның есімі әрдайым халықпен бірге», делінген.
[caption id="attachment_7564" align="alignnone" width="800"] ????????????????????????????????????[/caption]Академик Өмірзақ Айтбайұлы – «Сүйінбай және түркі әлемі жайлы», Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин – «Сүйінбайдың ақындық әлемі», Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұлов – «Сүйінбай ақын және қырғыз әдебиеті», қытайлық ғалым Хуаң Жоңшяң «Қазақ эпостарының баяндау дәстүрі» тақырыбында қазақша баяндама жасады. Ал Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы «Сүйінбай толғауын» оқыды. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында басталған ғылыми-конференцияның соңы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен Жетісу әндерінің мерекелік концертімен жалғасын тапты.
Жәнібек ҒАЛЫМ