Сынай отырып, міндет жүктеді

Сынай отырып, міндет жүктеді

Сынай отырып, міндет жүктеді
ашық дереккөзі
223
Астанада Елбасының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысты. Жиын барысында 2018 жылдың әлеуметтік –экономикалық даму қорытындысы жария етілді. «Былтыр істелген жұмыстар осы жердегі  бәріміздің атқарған шаруамыздың нәтижесі. Барлық әкімдіктердің, министрліктердің, жалпы мемлекет қызметкерлерінің істеген жұмысы, оның ішінде мен де бармын. Жалпы, 2018 жылдың көрсеткіштері экономиканың барлық саласында жақсы деп айтуға болады. Соның арқасында халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін мүмкіндік болды. Атап айтсақ, экономиканың өсімі 4 пайыздан асты. Бұл жалпы дүниежүзілік орташа өсімнен жоғары деуге әбден болады. Негізінен саудада 7,6; көлікте 4,5; өнеркәсіпте 4 пайыздан астам өсім бар», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан соң, Мемлекет басшысы ел экономикасының басқа да салаларына тоқталып өтті. «Инфляцияның өткен жылғы көрсеткіші 5,3 пайызды құрады. Солай деп жоспарланған еді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17 пайыздан асты. Бұл да жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Мұның барлығы халық тұрмысын жақсартып, нақты табысының артуына өзінің үлесін тигізеді», – деді Елбасы. Алайда Елбасы Н.Назарбаев қоғамда орын алған кемшін тұстарды да ұмытқан жоқ. Әсіресе, Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтан бірқатар мәселеге қатысты сұрақ қойды. «Экономиканың басым бағыттарын қолдау үшін 600 млрд теңге несие беру механизмі іске қосылды» деген Ақышевтан   «Нақты осы қаражатты қандай нысандарға жұмсайтынымызды айқындадыңыздар ма?», – деп сұрады Президент. «Егер кезінде несие алған әлсіз компанияларға беретін болсаңыздар, ақша жоқ болып кетеді де, банктер қолайсыз жағдайда қалады. Тек өз жұмысын көрсете білген компанияларға ғана беру керек. Құрдымға кетіп бара жатқан компанияларға несие беру керек пе еді? Олар алған ақша құмға сіңіп кетті. Барлық екінші деңгейлі банктер мен Үкімет бұл мәселені тиісті деңгейде бақыламаған. Кімге болса, соған берген. Ол компания қайтадан несие алып, төлей алмаса, тағы сұраған. Әлемде кім олай жұмыс істейді?», – деді іле-шала. Ал Елбасының 60 мың тонна ет экспорттау жоспары туралы «Кезінде асыл тұқымды ірі қара малды алып келіп, фермаларды құрдық. Сол кезде 60 мың тонна ет экспортталатыны айтылды. Бұл міндет қашан орындалады?», – деген сауалына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков былтыр 20 мың тонна экспортталғанын, 2020 жылы 30 мың тоннаға жететінін айтты. Сондай-ақ, ол алдағы 2-3 жылда 60 мың тонна етті экспортқа шығару межесін бағындыратынына сендірді. Мұнымен қоса, Президент еліміздің тұрғын үй бағдарламаларына қайта талдау жасау керек екенін атап өтті. «Мен «кімде баспана жоқ, соған бер» десем, әкімдер «баспана жағдайын жақсартқысы келгендерге берейік» дейді. Әрине, оларға беруге болады. Алайда олардың саны артып кетеді. Одан да баспанасы жоқтарға берейік. Үйі барлар оны арзан бағамен алады да, жалға беріп қойып ақша табады. Ал біз бүгінде баспанасы жоқтарды қамтамасыз етуіміз қажет. Ал олар, ең алдымен, жас отбасылар», – деді. «Әрқайсыңды білемін. Қандай әлеуеттерің, білімдерің, тәжірибелерің  бар екенінен хабардармын. Бүгінгі Үкімет алдында қандай мақсат тұрса да, оны істей алады. Бірақ өзін-өзі қамшылап, жұмыс істеуі тиіс. Күндіз-түні жұмысты ойлау керек», – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент бүгін отырыс барысында айтылған сыннан министрлер мен әкімдер сабақ алуы қажеттігін қадап айтты. «Мен сіздерді ренжіту үшін сынаған жоқпын. Сіздерге сенгеннен кейін осының барлығын айтып отырмын. Жұмыс істеу қолдарыңнан келеді. Сондықтан бүгінгі айтылған мәселелер маңызды. Үкімет пен әкімдер бірігіп, халықтың мақсаты үшін жұмыс істеп, табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсартуы тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Серіктес жаңалықтары