Баянсыз аяқталған бал күндер

Баянсыз аяқталған бал күндер

Баянсыз аяқталған бал күндер
ашық дереккөзі
617
Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған қазақ үшін отбасы – қасиетті ұғым. Кез келген ата-ана ұрпағының өз уақытында шаңырақ көтеріп, керегесін кеңейткенін тілейді. Отбасы құрудың ойыншық еместігін әу бастан ұл-қызының құлағына сіңіреді. Бірақ бүгінгі күні жанұялық бақыттың, отбасылық құндылықтың маңызы қалмай бара жатқандай. Бұлай деуімізге елімізде ажырасу көрсеткішінің көбеюі себеп.

Ойран болған отбасылар көп

Статистикалық деректерге жүгінсек, өткен жылы шаңырақ көтерген 102 мың отбасының 41 мыңы ажырасып кетіпті. Ажырасқан жұптардың 86 пайызының ортада балалары бар. Негізінен, ажырасу фактілері қалалық жерде көп тіркеледі. Республикада Қарағанды мен Павлодар облысы ажырасу бойынша көш бастап тұр. Керісінше, оңтүстік пен батыс өңірлерінде бірлігі бекем жанұялар көп. Бұл нені аңғартады? Қазақы қалыптан алыстай қоймаған оңтүстік пен батыс жұртының шаңырақтың киесін сезінетінін білдірмей ме? Британдық «The Economist» басылымының әлемдік рейтингіне сүйенсек, Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша 10-орында екен. ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі орынға жайғасқан. Бұл – көңіл қуантатын көрсеткіш емес. Ал әлемде шаңырағы шайқалғандардың саны бойынша Португалия алда тұр. Бұл елдегі ажырасу деңгейі 67 пайызды құрайды. Одан кейінгі орындарда – Чехия, Венгрия және Испания мемлекеттері (62-65 пайыз).  Бүгінгі таңда әлем бойынша отбасы тұрақсыз институтқа айналып келеді. Еуропа мен АҚШ-та да осы мәселе алаңдатарлық ахуалға айналғалы біршама уақыт болды. «Мир 24» ақпараттық агенттігінің дерегі бойынша, Еуропа елдерінде мемлекеттік жәрдемақы жүйесінің жетілгендігі, материалдық жағдайдың биік деңгейіне байланысты азаматтар бір-бірінен тәуелсіз өмір сүре алады. Сондықтан да неке экономикалық тірек болудан қалады, ал отбасы болу үшін азаматтық некенің өзі жетіп жатыр. Осы себептен де ажырасу артып отырған сыңайлы.

Шаңырақтың шайқалуына не себеп?

Қазақ қоғамында ата-ана қызын дұрыс келін, ұлды шаңырақ иесі болуға баулыған. Соған қарамастан, бұл күнде шаңырақтарын шайқалтып алып жатқандардың қатары көбейіп барады. Бұл тәрбиенің ақсағанының белгісі ме? Әлде отбасылардың ойран болуына экономикалық һәм әлеуметтік жағдайлар әсер етіп жатыр ма? Дегенмен мамандар бақытты басталған отбасылық өмірдің баянсыз аяқталуының сан түрлі себебін айтады. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Демек, шаңырағы шайқалған отбасылардың ажырасу себептері де әрқилы деген сөз. Зерттеулерге сүйенсек, әлем бойынша маскүнемдіктен 41 пайыз, баспананың жоқтығынан 26 пайыз, бала көтере алмаудан 8 пайыз, ата-аналардың араласуынан 14 пайыз, ұзақ уақыт бөлек тұру себептерінен отбасылардың 6 пайызы некесін бұзып тынады. Және әрбір 15 секунд сайын әлемде бір отбасының шаңырағы шайқалады екен. Ажырасудың 80 пайызының басты себебі – жұмыссыздық пен маскүнемдік деп топшылайтындар да бар. Өйткені отағасының тұрақты жұмысы жоқтығынан, үйге ешқандай кіріс әкелмейтіндігінен шаңырағының шырқы бұзылғандығын айтып, шағымданатын нәзік жандылардың қарасы қалың екен. Ер азаматтардың спиртті ішімдіктерге әуес болып, отбасын асырай алмауының соңы некенің екіге айырылуына алып келетінін де жоққа шығара алмаймыз. Шыны керек, бүгінгі күні әлеуметтік жағдайдың төмендігі көптеген жұбайлардың екі жаққа кетуіне басты себеп болып отырған жайттардың бірі. Әсіресе, Астана, Алматы секілді үлкен қалалардағы жас отбасыларға қиын, баспанаға бірден қол жеткізу мүмкін емес, сосын пәтерден пәтерге көшіп жүргені. Балалардың тамағы да, киімі де арзан емес, қыл аяғы жаялығына дейін тым қымбат. Міне, осы сәтте әйелдердің еріне көңілі толмаушылықтары басталады. Үйде ұрыс-керіс орнап, сәбиін құшақтаған әйел төркініне қайтып келіп отырады. Баланы күйеуіне тастап, өзі жұмысқа шығып, ақыры соңында «күйеусіз де отбасымды асырай алады екенмін ғой» деп ажырасып тынатын жағдайлар да жоқ емес. Жастарға тәрбие беру барысында отбасы институтының мәнісін, отбасының маңыздылығын, оның құндылықтарын жеткізу өте маңызды. Өкініштісі, бүгінгі күні балаларды өзімшіл қылып тәрбиелеу сәнге айналды. Әрбір ата-ана «Сен өзің үшін оқуың керек, өзің үшін жұмыс жасауың керек, өзіңді-өзің қамтамасыз ете алуың керек» деп баланың құлағына құйып отырады. Дегенмен болашақта отбасы болғаннан кейін ол өзінің жанұясы үшін өмір сүре алатындай тәрбие беруді естен шығарып ала береміз. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің астарында ғасырлар сарабынан өткен шындық жатыр. Кез келген ата-ана баласы үшін отыз күн ойын, қырық күн тойын дүбірлетіп жасап береді. Бірақ… Бірнеше ай немесе жыл өткеннен кейін сол отбасының шырқы бұзылады. Неге? Өйткені ол жастар «отбасы» деген  ұғымның аса құнды, қасиетті екенін түсінбейді де, әр қадам басқан сайын жаңылыса береді. Ал кеше ғана іргесі қаланған шаңырақ шайқала берсе, елдің келешегі қалай болмақ? Ең өкініштісі де осы. ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Статистика комитетінің деректері бойынша: Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады. 2008-2018 жылдары 1,5 млн қазақстандық некесін қиған. 2008-2018 жылдар аралығында 500 мыңы ажырасқан. 2018 жылы Қазақстанда 40 мыңнан астам ажырасу фактісі тіркелді. Ажырасқандардың басым бөлігі – 5-9 жыл некеде тұрған 30-34 жас аралығындағы азаматтар. 2018 жылы некеге тұрушы ер адамдардың орташа жасы – 29, әйелдердікі – 26. Елімізде 400 мың жалғызбасты ана, 60 мың жалғызбасты әке бар. Әлем бойынша ажырасуға басты себеп болатын жағдайлар
Себептері Көрсеткіші
1 Маскүнемдік 41 пайыз
2 Баспананың жоқтығы 26 пайыз
3 Ата-аналардың араласуы 14 пайыз
4 Бала көтере алмау 8 пайыз
5 Ұзақ уақыт бөлек тұру 2 пайыз
 

Серіктес жаңалықтары