Made in kazakhstan отандық костюмге сұраныс қандай?

Made in kazakhstan отандық костюмге сұраныс қандай?

Made in kazakhstan отандық костюмге сұраныс қандай?
ашық дереккөзі
1110
Жеңіл өнеркәсіп саласы, оның ішінде отандық киім өндірісі тұралап қалғаны жасырын емес. Қазір сонау жылдары халықты азды-көпті киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұрған АХБК-ның өнімдері де аңызға айналды. Тіпті, «сол фабриканы сақтап қалуға болар еді...» деп өкініш білдіретіндер де аз емес. Тек соңғы жылдары отандық киім тігетін цехтар ашылып, олқылықтың орны біршама толғандай көрінді. Десек те, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана... Елбасы Н.Назарбаев та отандық киімді қолдап, жарнама жасап жүреді. Ол өзінің Жолдауларында да, БАҚ өкілдерімен өткен кездесулерінде де отандық өнім жайында айналып өткен емес. Мәселен, Президент «Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіріп, ерлер мен әйелдерге арналған отандық киім өндірісін жолға қою керек. Елімізде шикізаттық және қайта өңдеу индустриясы болуы қажет. Бұл – мемлекет тұрақтылығының кепілі, өзімізді қамтамасыз ету үшін керек. Мәселен, біз экономиканың маңызды саласы болып саналатын жеңіл өнеркәсіпті ұмыттық», – деген-ді. Тіпті, былтырғы жолдауында отандық кәсіпорындарға халық көп тұтынатын тауарларды шығаруға көмектесуді жүктеді. Осы орайда, Президент өңдеу өнеркәсібі мен шикізатты емес экспортты қолдауға қосымша 500 млрд теңге бөлуді тапсырды. Тағы бірде Үкімет мүшелеріне қарата: «Егер үстеріңіздегі шетелдік киімді шешіп алсақ, тыр жалаңаш қаласыңдар! Біздің елімізде де сапалы киім шығара алады. Мен өзім тек отандық өнімді қолданамын. Сапалы әрі он есе арзан. Өзімізді қолдау керек! Мен Қазақстанда тігілген костюмді киемін, аяқ киімім де өз елімізде тігілген. Өзіміздің жеңіл өнеркәсібімізге осылай жарнама жасаймын!» – деген ол. Сол кезде тілшілер қауымы қай министрдің отандық киім киетінін зерттеп көрген. Сөйтсе, шенеуніктердің ішінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешев қана отандық костюм киетіні белгілі болған. Ал өткен аптада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Н.Назарбаев бұл мәселеге қайта оралды. «Барлығын шетелден алып келеді. Жарайды, сәнқойлар «шанел-манель» кигісі келеді. Бірақ қарапайым халық ше... Өз киімдерімізді танытуымыз керек. Осы жерде отырғандардың бәрі сол киімдерді киюі қажет. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Мемлекеттік қызметкерлерге қарапайым киімдер бар. Осылайша біз отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытамыз», – деген Президент министрлерді отандық киім киюге шақырды. Алайда шенеуніктер неге отандық киім кигісі келмейді? Олардың таңдауына не әсер етеді – сапаға деген сенімсіздік пе, әлде отандық тауарлар туралы бейхабар ма? Шын мәнінде, бізде бұл салада істің көзін тауып жүргендер жоқ емес. Соның бірі Нұрсұлтан Мағзомов бизнес саласы бойынша шетелде білімін шыңдаған маман. Жат жерде жүріп өзге жұрттың киім үлгісіндегі талғамын байқаған ол елге келген соң дәл сондай отандық бренд тауарын шығаруға бел буған. Қазір Қазақстан бойынша 10 бутигі бар. Тіпті Ресейден де ашыпты. «Мәскеуден келген кезде импорттық костюмдердің қымбат екенін байқадық. Ал арзан бағадағы киім ұнамады. Содан соң осыны неге өзіміз тігіп алмаймыз деген ой келді. Басында он шақтысын тігіп киіп алған кезде қызыққандар, сұрай бастағандар көбейді», – дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Мағзомов. Сондай-ақ, ең жарқын және табысты мысалдардың бірі – «Glasman» ЖШС тігін фабрикасы. Компания импорттық өнімдерден кем түспейтін классикалық ерлер киімін және мектеп киімдерін халыққа ұсынады. «Жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 30 млн теңге бөлініп, зауыт технологиялық желісін жаңғыртуға мүмкіндік алды. Осылайша, компания өндірістік қуаттылықты арттырып, көрші елдерге, соның ішінде Ресей нарығына шығуға құлшынып отыр. Уақытында Шымкентте «Восход» деп аталатын тігін фабрикасы болған. Тіккен костюмдері денеге қонымды, сәнді. Бағасы да қолжетімді. Бірде облыс көлеміндегі бір шенеунік сәті түсіп шетелге барады. Уақытын тауып супермаркетке кіреді. Көз жауын алған костюмдердің ішінен таңдап жүріп біреуін сатып алады. Елге келген соң шетелдік костюм киіп жүрмін деп мақтанбай ма. Бір досы «әй, мынау біздің «Восходтың» киім пішісіне ұқсайды» екен деп, астарындағы тігілген белгісіне қараса, шетел тілінде «Восход» фабрикасы көрсетілген екен. Шенеуніктің шетел бардым, қымбат костюм сатып алдым деп жүргені экспортқа шыққан шымкенттік костюм болып шығады. Қазір шымкенттіктер баяғыдай қымбат маркеттердің есігінен сығалай бермейді. Сайрам ауданында орын тепкен «Golden Nomad» – «Алтын Адам» сауда белгісімен костюм тігетін фабриканың өнімін қолай көреді. Шымкентте халықаралық стандарттарға сай, таза былғарыдан тігілген аяқ киім де шығады. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған аяқ киім фабрикасында жұмыс қызып тұр. Дайын өнімдер Тараз, Алматы, Астана қаласына жөнелтілуде. Өндірістің инвестиция көлемі – 403 млн теңге. Аяқ киімдер заман талабына сай итальяндық технология бойынша түркиялық «Fantes» және «Comelz» маркалы құрылғыларда қалыпқа салынып, сапалы тігіледі. Барлық топтамалар сәнді және талғамға сай үлгіде жасалады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 120 мыңнан астам жұп аяқ киім шығаруды көздеп отыр. Жалпы, мұнда 50-ге жуық аяқ киім түрлері бар. Шын мәнінде, отандық киім-кешек, аяқ киім өндіруге қажетті мақта, жүн, терінің барлығы өзімізден табылады. Бір кездері ауылды аймақтарда киіз болып басылатын, алаша болып тоқылатын жүн де әр жерде қобдырап жатыр. Ешкімге керексіз. Ал тері аяқасты тулаққа айналғаны қай заман. Бар дүниені ұқсата алмаған соң, кімге мұң шаққандаймыз? Алайда жоқтан бар жасап, отандық бренд қалыптастыруға күш салып жүргендердің қатары көбейе бастады. Соның бірі – «AIZHANI» брендін қалыптастырып жүрген Айжани Нұрланова. Біз соңғы кезде бірқатар шенеуніктерді отандық костюммен қамтамасыз етіп, ықыласына бөленіп жүрген жас дизайнерді аз-кем әңгімеге тарттық. Айжани Нұрланова,  дизайнер: Сапасыз костюм тігіп, сөзге қалғым  келмейді  width= – Айжани, қазақстандық өнімді брендке айналдыру ісімен айналысып келе жатқаныңа көп болған жоқ. Дегенмен осы уақыт ішінде Елбасының да аузына ілігіп, зор ықыласқа бөленгеніңді білеміз. Бұл шабыт үстіне шабыт сыйлаған шығар... – Аллаға шүкір, ең бірінші маған жігер берген, ол – Елбасы. Ол кісі ең алғаш «Қазақстанда жасалған» деген акцияны ұйымдастырғаннан кейін, осы акцияның әрі қарай да жалғасын табуына өз үлесімді қосқым келді. Мені «Неге бізге отандық өнім өндірмеске? Сауда дүкендері неге отандық өнімге толып тұрмайды?» деген сауал жиі мазалайды. Әуелгіде сұлулық салондарым болды. 2014 жылы жастар арасында жылдың үздік кәсіпкері атандым. Содан кейін отандық костюм тігуді қолға алдым. Осы іске қызығушылығым ерекше. Дизайнерлік курс оқып алдым. Кәсіп жүргізу үшін мемлекеттен қаржы алған емеспін. Бірақ Елбасыдан бастап, басқа да ел ағалары көмегін аяп жатқан жоқ. Өзім үнемі Елбасының сырт киіміне көңіл бөліп, қандай костюмдер ұнататынын зерттедім.  – Қазақстанда алғаш рет Еуропалық сападағы отандық костюм деген ұғымды, брендті қалыптастырдым депсіз. – Әрине. – Сонда сіздің өніммен бәсекелесе алатын ешкім жоқ па? – Жоқ. – Мысалы, сіздің бутиктен тұрақты киінетін шенеуніктер кімдер? – Сұраныс өте жоғары. Бір қуантарлығы, қазір елімізде басқа да отандық брендтер пайда болды. Бірақ өзімнің клиенттік базам бар. Олар қымбат шетелдік брендтерді менің отандық брендіме алмастырды. Біріншіден, олардың көбі айта бергенді ұнатпайды. Тек рұқсат еткендерін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин костюмдерімді жарнама үшін емес, нағыз тұтынушы ретінде жақсы көреді. Сондай-ақ, ҚР Сыртқы істер экс-министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сенат төрағасы Қ.Тоқаев және тағы басқа вице-министрлер, әкімдер киіп жүр. Елбасы жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық киімге қолдау білдіру жөнінде тағы да ескерту жасап еді, бізге келушілердің қатары көбейіп жатыр. Сол жерде отырған шенеуніктердің 60 пайызы отандық костюм киген. Және олар үнемі киіп жүруге тырысады. Елбасы «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген жоқ па? Жаңа ғана сізбен сөйлескеннің арасында бір вице-министр келіп, костюм таңдауға кірісіп кетті. – Костюмдеріңіздің бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере ме? – Біз сапасыз өнім тікпейміз. Ешкімде қайталанбауын қадағалап, эксклюзив жасауға тырысамыз. Әрине, сапасы төмен, бағасы қолжетімді етіп тігетіндер бар. Олардың бағасы 30-40 мың теңгеден аспайды. Ал AIZHANI брендінің ең төменгі костюмі 80 мың теңге шамасында. Егер костюмді қытайдың арзан матасымен тігіп, оны басқалар сияқты 25 мың теңгеге саттым делік. Жарты жылдан кейін жыртылады, бір рет химиялық тазалаудан өтсе, өңі кетеді. Ал қазір жақсы матаның бір метрі 25 мың теңге тұрады. Жалпы, адамдар үш сегментке бөлінеді. Бірінші, шетелден сатып алатындар. Екінші, өзін-өзі құрмет тұтып, дұрыс киім алуға тырысатындар, үшінші, әлеуметтік жағдайына қарай арзан бағаға киінетіндер. Бүгінде осы үш санатқа лайықты отандық костюм тігетіндер бар. Қалағаныңды аласың. Тұтынушыға таңдау бар деген сөз. – Сауда нүктелері қай өңірлерде ашылды? – Астанада, Ақтауда бар. Бұйырса, Талдықорған қаласында ашылады. – Ал қажетті материалды қайдан аласыз? – Көбінесе итальяндық мата алдырамын. Сосын Түркиядан жеткізіп тұрады. Ал костюмді өзіміздің тігіншілер тігеді. Дәл қазір екі жұмысты қатар атқарып жүрмін. Біріншісі, отандық бренд ретінде костюмді Стамбұлда тіктіртемін. Ал қалғанын Қазақстандағы фабрикаларға тапсырыс беремін. Себебі жеке фабрикам жоқ. Құдай қаласа, оған жететін күн де алыс емес. Айта кету керек, отандық өнім деген бар, отандық бренд деген бар. Екеуі екі түрлі нәрсе. Бес іс тігетін машина сатып алып, костюм тігемін деу дұрыс емес. Оған дизайнерлік жұмыс, ақша, техника қажет. Бізде костюм тіге алатын санаулы ғана фабрика бар. Қалғандары кішігірім цех ашып, арнайы киім тігеді. Алайда Елбасы айтқан соң, олар да костюм тігуге кірісіп кетті. Олай болмауы керек. Әркім өз саласын, міндетін атқаруы тиіс. Ал біздегі ательелер өнімінің бәрін отандық өнім деуге болады. Себебі бір адам тіксе де, Қазақстанда ғой. Ал басқа жақтан тігіп әкелген киім – отандық бренд. – Сіздікі қайсысына жатады? – Менікі екеуіне де жатады. Басында отандық өнім болған, қазір шетелде де тіктіремін. – Осыдан төрт жылдай бұрын кәсіпкер Инна Апенко «он жылдан кейін қазақстандықтар басынан аяғына дейін отандық киім киеді» депті. Бұл мүмкін бе? – Әрине, мүмкін. Қазір мүмкін емес дүние жоқ. Егер отандық өнім өндіруге жан-жақты қолдау көрсетілсе, бұл мақсатқа 10 жыл емес, 5 жылда да жетуге болады. Ал егер, керісінше «Ой, отандық киім анандай-мынандай» деп мұрын шүйіре қарасақ, тіпті, қай сала болсын, ешқандай өсу болмайды. – Жеңіл өнеркәсіп саласы, соның ішінде киім тігу ісі бойынша көрші Өзбекстан мен Қырғызстаннан әлдеқайда қалып қойдық. Неге? – Бірден-бір себеп, біз – жалқаумыз. Оны мойындау керек. Бізде жұмыс істейтін, оны кәсіп ретінде алып кететін мамандар аз. Өнім өндіру үшін әуелі кімдерге сататыныңды шешіп алуың керек. Базарларға барып келісу керек. Қысқасы, жинақы жұмыс жоқ. Қырғызстанға барғанда кішкентай ғана цехтың ішінде күндіз-түні еңбектеніп жатқан жандарды көрдім. Тыным таппайды. Тіккен киімінің бәрін сырт елдерге арзан бағамен шығарып жатыр. Әсіресе, қырғыз халқының қолынан шыққан киім Қазақстанды қамтамасыз етіп отыр. Бірақ та оны өздері киіп жүрген жоқ. – Бір пікіріңізде Форбс тізіміне енген 50 миллионерді отандық өніммен киіндіру арманым деген екенсіз... – Иә, ол рас. Қазірдің өзінде сол байлардың 10 пайызын киіндірдім десем болады. – Әңгімеңізге рахмет!

Серіктес жаңалықтары