894
Елдар Бейсебаев: Обырды ерте анықтау науқасқа ғана емес, мемлекетке де тиімді
Елдар Бейсебаев: Обырды ерте анықтау науқасқа ғана емес, мемлекетке де тиімді
4 ақпан – Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын ғаламдық проблемаға аудару. «Мен. Мен бармын» (I Am. And I Will) деген ұранмен өтетін биылғы іс-шаралар жұртшылықты денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, обырға қарсы күреске үлес қосуға үндеуге, скринингтік бағдарламалардың маңызын атап өтуге бағытталады. Өйткені бүгінде дүниежүзі бойынша обыр – өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінің ауруларынан кейін екінші орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша 2020 жылға дейін әлемде обырға шалдыққандар саны 2 миллионға жетіп жығылуы әбден мүмкін. Қазақ «жаман ауру» деп атын атаудан сескенетін обырдың бізде де көбейіп бара жатқаны рас. Қазақстандағы статистика қандай? Жалпы, обырды емдеп жазуға бола ма? Оның пайда болу себебі неде? Медициналық сақтандыру қорының мұрындық болуымен қалың жұртшылықты алаңдатып отырған сұрақтардың жауабын онколог, Алматы онкология орталығы скринингтік зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Елдар Бейсебаевтан сұрап көрдік.
– Әңгіменің басын статистикалық деректерден бастасақ. Қазақстанда қанша адам қатерлі ісіктің тырнағына ілінген? Бұл дерт жыл сайын қанша адамның өмірін жалмайды?
– Бүгінде әлем елдерінде сүт безі мен өкпе обырына шалдыққан науқастар көбейген. Яғни, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің негізгі себепкері обырдың осы екі түрі деуге болады. Соңғы кезде Қазақстанда да обырдың қарқыны күшейіп тұр. Қазір еліміз бойынша 181 мың адам тіркеуге алынған. Жыл сайын олардың қатары 35 мың науқаспен толығып отырады. Өкініштісі, әр жыл сайын 15 мың сырқат осы дерт салдарынан көз жұмады. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан (1757) және Қарағанды (1284) облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы (1611) көш бастап тұр. Құрылымдық тұрғыдан алсақ, сүт безі рагы бірінші орында (12,6%), өкпе рагы екінші орында (9,9%), асқазан обыры үшінші (7,4%), жатыр мойны ісігі төртінші орында тұр. 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.
– Аурудың белең алуына не себеп? Жалпы, онкология неден туындайды?
– Оған бір емес, бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін. Елімізде аурудың таралу көрсеткіші әр аймақта әртүрлі. Мысалы, онкологиялық аурулар Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары сынды солтүстік өңірлерде көбірек кездеседі. Шығыс Қазақстан мен Қарағандыда өнеркәсіп орындары көп шоғырланған. Бұған экологияның ластануы, радиациялық сәулелер, күйзеліс, гормоналдық өзгерістер түрткі болып отыр. Ауруды тудыратын жанама себептердің бірі – дәрумендердің жетіспеуі. Адам ағзасына өте қажетті А, В, С деген витаминдер бар. Олар жеміс-жидекте, көкөністе болады. Жалпы, көп нәрсе тамақтануға, салауатты өмір салтын ұстануға байланысты.
Обырдың тағы бір себебі – генетикалық бейімділік. Тұқым қуалаушылық – обырды зерттеудегі маңызды факторлардың бірі. Сондықтан әр адам тұқымында бұрын-соңды қандай аурулар болғанын біліп жүргені дұрыс.
– Обырды толыққанды емдеп жазуға бола ма?
– Көпшіліктің обырды үкім ретінде қабылдайтыны жасырын емес. Бірақ күн сайын дамып жатқан медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік ашты. Мамандардың айтуынша, скринингтік зерттеулер жүргізу арқылы қатерлі ісіктің көптеген түрлерін ерте анықтауға болады. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Ал емге кететін шығынды 200 есеге қысқартуға мүмкіндік туады.
Өкінішке қарай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Технология мен медицинаның даму қарқынына қарағанда ол күндердің де ауылы алыс емес деп үміттенеміз. Әзірге біздің қолымыздан келетіні – аурудың алдын алу және дер кезінде емделу. Мұның бәрі түптеп келгенде профилактика мен салауатты өмір салтына келіп тірелетін дүниелер. Былайша айтқанда, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуіміз» керек.
Әрине, елімізде онкологиялық ауруларды азайтуға бағытталған арнайы бағдарлама бар. Оның негізгі мақсаты – ауруды мейлінше ерте анықтау. Бірінші, екінші сатысында анықталған обырды толық емдеп жазуға мүмкіндік бар. Мұның мемлекет үшін де пайдасы мол. Мысалы, сүт безі рагын бастапқы сатыларда анықтаса оны емдеу мемлекетке 60-70 мың теңгеге түседі. Ал төртінші сатыға өтіп кеткен жағдайда оған 2-3 млн теңге жұмсалады. Химиялық дәрілер және сәулемен емдеу тәсілдері қолданылады, ота жасалады. Себебі онкологиялық сырқаттарды емдеуге арналған дәрілердің құны өте қымбат.
– Әңгімемізді скринингтік бағдарламаларға қарай бұрсақ. Бізде қандай тегін скрининг түрлері бар?
– Жыл сайын бюджеттен скринингтік бағдарламаларға қыруар қаражат беріледі. Мысалы, биыл аталған скринингтік бағдарламаларға мемлекет 4,3 млрд теңге бөлді. Қазір бізде осындай 3 бағдарлама бар. Оның профилактикалық тексеруден айырмашылығы неде? Адамдар белгілі бір жасқа келгенде туындауы мүмкін деген ауру түрлері болады. Скринингтік бағдарлама сол адамдарды жасына қарай шақырып, тексеруден өткізуге бағытталған. Күніне кем дегенде екі қорап темекі тартатындар міндетті түрде жылына бір рет өкпесін рентген арқылы тексертіп тұруы тиіс. Шылымды серік еткеніне он жылдан асқан азаматтар компьютерлік томографиядан өтуі керек. Екінші мәселе, әбден асқынып кеткен ауруларды азайту. Ол үшін халықтың санасын өзгерту қажет. Еуропа халқы ешкімді үгіттемей-ақ жаппай скринингтен өтіп тұрады. Оларда тіпті скринингтік бағдарламалар қымбат тұрады. Бізде мемлекет төлеп отыр ғой, соған қарамастан медицина қызметкерлерінің мәжбүрлеуін күтіп отырамыз. Бұрын аурудың алдын алуға диагностика құралдары мен заманауи қондырғылардың жоқтығы қолбайлау болған болса, бүгінде оның бірден-бір себебі адамдардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтыны. Әсіресе, біздің азаматтар бір жері ауырмаса дәрігерге бармайды. Былайша айтқанда, емханада жүргізілетін тұрақты тексерулердің көмегімен-ақ онкологиялық аурулардың алдын алуға болады.
Жалпы, біз скрининг деп аталатын кешенді тексерулерге үйренбегенбіз. Жаман хабар естігісі келмейтіндіктен көптеген адамдар профилактикалық тексерулерден, дәрігерге қаралудан қашқақтайды. Бірақ біз дәрігерге баруды кейінге ысыра бергеннен жақсы жаңалықтың көбеймейтінін ұмытып кетеміз. «Ауруын жасырған өледі» демекші, кез-келген сырқатты ерте анықтаса, оны емдеудің де жеңіл болатынын ұмытпағанымыз жөн.
– Маңызды мағлұматтарыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК