Аудандардың ахуалымен танысты

Аудандардың ахуалымен танысты

Аудандардың ахуалымен танысты
ашық дереккөзі
358
«Нұр Отан» партиясы фракция мүшелерінің өңірлерге жұмыс сапары басталды. Сапар барысында депутаттар еліміздің бірқатар аймақтарында болып, өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысуда. ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері, «Нұр Отан» партиясының фракция жетекшісі Гүлмира Исимбаева, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Иксанова және Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Бекболат Тілеухан Алматыға жұмыс сапары барысында Жастардың Лофт орталығында болды. 2017 жылы ашылған Лофт орталығы – жас таланттардың өз армандарын іске асыруға мүмкіндік беретін ашық алаң. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін бірнеше сала біріктірілген. Осындай жастар орталықтары Алатау мен Наурызбай аудандарында да ашылды. Өткен жылдың өзінде 8 мыңнан астам жастар тұрақты жұмысқа орналасты. Кездесу барысында Гүлмира Исимбаева Елбасы жариялаған «Жастар жылы» аясында әрбір салада қолға алынған ауқымды бастамаларды іске асыруда жастардың ерекше маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сол күні халық қалаулары Алматы қаласының Урбанистика орталығына барып, жас IT мамандармен кездесті. Сонымен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары Арман Қожахметов, Снежанна Имашева, Ольга Шишигина, Құралай Қарекен Қарабалық ауданына жұмыс сапарымен барды Халық қалаулылары еліміз бойынша ең ірі мал бордақылау алаңы бар «Астық индустриясы» агрохолдингінің тыныс-тіршілігімен танысты. «Астық индустриясы» холдингінің басшылығы мәжіліс депутаттарына жүзеге асқан жобалар мен бағындырған жетістіктер жайлы баян етті. Әсіресе, соңғы жылдары сәтті бастамалардың бірі асыл тұқымды мал басын көбейту ісі өрге домалап келеді. «Ет кластерінің негізгі мақсаты – сиыр етінің көлемін одан әрі арттыру. Мысалы, 2018 жылы 101 мың мал басына шақталған мал бордақылау алаңын тұрғыздық. Бұл дегеніміз 2,5 мың тонна сиыр еті болса, оның жартысынан көбі Ресей және Өзбекстанға экспортталды», – дейді «Астық индустриясы» агрохолдингінің бас директоры Дәулет Ахметқалиев. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Снежанна Имашева мен Арман Қожахметов жұмыс сапарымен Жітіқара ауданында болды. Халық қалаулылары шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлік саладағы кедергілер, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы, іскер азаматтар үшін ұтымды жобалар сөз болды. Мәжіліс депутаттары одан кейін «Бөбек» балабақшасының жұмысымен танысты. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің ұжымымен тілдесіп, балабақшаның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне оң бағаларын берді. Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылыс жұмыстарын да бағамдап қайтты. Жаңа спорттық орталық ағымдағы жылы өз есігін айқара ашады деп жоспарланған. Сондай-ақ, депутаттар Жітіқараның №3 орта мектебінің материалдық-техникалық мүмкіндігімен танысты. Білім ошағының ұжымымен дайындалып жатқан «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы аясындағы сауалдарға жауап берді. Өңірлердегі жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Г.Қарағұсова, В.Олейник, А.Суслов, Т.Яковлева және С.Симонов Павлодар облысы, Тереңкөл ауданында болды. Депутаттар, ең алдымен, су тазарту құрылғыларының жаңартылуы мен қайта жөндеу жұмыстары аяқталған «Бастау» кәсіпорнына барды. Кәсіп­орын жұмысшыларымен кездесу барысында мәжілісмендер барлық хат-хабарладың қаралатынын айтты. Сонымен қатар, жұмыс бағдарламасы шеңберінде депутаттар Тереңкөл ауданының партиялық конференциясы жұмысына қатысып, «Мастер» сауда орталығының жұмысымен танысты. Депутаттардың тағы бір тобы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, С.Шапағатов ауылының маңындағы «Kazakhstan Caspian Offshore Industries» ЖШС мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Фракция мүшелері мекеменің жұмыс барысымен танысып, цехтарды аралап көрді. Кәсіп-орын құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталған. Мұнда жылына 6000 тонна металл шығарылады. Халық қалаулары жұмысшылармен де тілдесті. «Кәсіпорында мыңнан астам адам қызмет етеді. Қуанарлығы, мамандардың көбі жастардан құралған. Олар ағылшын тілін жетік меңгерген. Мұнда жұмысшылар үшін алғашқы жәрдем көрсету пункті тәулік бойы қызмет етеді. Кәсіпорын қаладан алшақ орналасқаннан кейін, қызметкерлер автокөлікпен тасымалданады. Еңбекақы уақытында төленіп отыр. Қауіпсіздік ережесі де қатаң сақталуда. Мұнда қызметкерлерге барлық жағдай жасалғанын көрдік», – деді депутат З.Аманжолова. Мәжіліс депутаттары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ-стан халқына Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндірді. Ал жас мамандарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша тиімді тұстарын айтып берді. Бүгінгі таңда тек Маңғыстау облысында ғана «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Бұл бағдарламаның аясында жас мамандар өңір экономикасына қажет кез келген саланың мамандығын игеріп, даярлық және қайта даярлықтан өтіп, қызметтерін атқарып жатыр. Ал Рудный қаласына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары «Желқуар» ЖШС диагностикалық орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл емдеу мекемесі тұрғындарға медициналық және стоматологиялық қызмет түрлерін көрсетеді. Әзірге бұл – қаладағы жалғыз цифрлық емхана. Халықты тіркеу бойынша жұмыс оңтайландырылып, уақыт үнемдеп, диагностика шаралары цифрлы форматта ұсынылады. Бір кезекте емхана 200-ге жуық тұрғынды қабылдай алады. Бұдан кейін депутаттар Рудный цемент зауытына бас сұқты. Аталмыш зауыттың қуаттылығы – жылына 500 мың тонна өнім. Халық қалаулылары еңбек ұжымымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Жұмыс сапары соңында зауыт цехтарын аралап, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң баға берді.

Серіктес жаңалықтары