Партия үшін жауапты кезең

Партия үшін жауапты кезең

Партия үшін жауапты кезең
ашық дереккөзі
358
«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалында Абай аудандық партия филиалының кезектен тыс ХХХVI конференциясы өткізілді. Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Е.Козлов және Б.Жылқышиев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Конференция барысында Абай ауданы әкімі, филиал төрағасы Бұхарбай Парманов ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру барысы туралы баяндама жасады. Бұхарбай Парманов алдымен жыл бойы ауданның экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру барысында атқарған жұмыстарына тоқталды. Әсіресе, тұрғындардың басты қажеттілігі – жол, жарық, ауыз су, қаланың тазалығы, көгалдандыру мен абаттандыруындағы нақты қолға алған шараларды баяндады. «Өткен жылы қаланың кейбір мөлтек аудандарында халық санының өсуіне байланысты газ жеткізілімінің жетіспеушілігі байқалды. Автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Қазір ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Оң нәтиже алғаннан кейін құрылысты қаржыландыруға ұсыныс жасалады», – деді Бұхарбай Парманов. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, қалалық филиалдың саяси кеңес мүшесі Нұрғазы Бұхарбаев «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқыға салды. Абай аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, партия ардагері, «Тәуелсіздік» БПҰ төрайымы Гүлзат Искакова партия бағдарламасы барлық қазақстандықтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталатынын атап өтті. «Біздің бастауыш партия ұйымында мүшелердің басым көпшілігі – мұғалімдер. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына да бірқатар ұсыныстар жолдадық. Бастауыш ұйым жиналысында бағдарлама жобасын талқыладық. Партия білім беру жүйесіне үздік мамандарды тарту бойынша жұмыс істейтін болады. Ол үшін педагогтарға жалақысын көтеру бастамасы қолға алынып, оқу процесіне сандық технологияларды ауқымды енгізу жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз, артық есептілік азайып, білім беру сапасы артады», – деді партия ардагері. Конференция барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Башенов, «Бадам» бастауыш партия ұйымының төрайымы Жайна Құдайберген, «Жас Отан» жастар қанаты белсендісі Нұрлыбек Әбілкәрім партия бағдарламасы жобасы бойынша өз ойларын ортаға салды. «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов конференция жұмысын қорытындылап, партия активіне алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша бірқатар тапсырмалар берді. «Таяу онжылдық біздің партия үшін Отан игілігіне бұдан да белсенді жұмыс істеу кезеңі болмақ. Біз халық сенімін бағалаймыз және халықтың үміттеріне сай болу үшін барымызды салып жұмыс істейтін боламыз», – деп атап өтті Бахадыр. Сондай-ақ, 12 ақпан күні өтетін «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының конференциясына делегаттар сайланып, конференция қорытындысы бойынша қауылы қабылданды.  

Серіктес жаңалықтары