526
"Қыз бен теңіз" атты көркем фильм жарыққа шықты
"Қыз бен теңіз" атты көркем фильм жарыққа шықты
Астанада «Қыз бен теңіз» атты әлеуметтік көркем фильмнің тұсаукесері өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмнің режиссерлері әрі сценарий авторлары – Мұхамед Мамырбеков және Әзизжан Заиров.
Фильмде БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің өмірі баяндалады. Оның бар арманы – махаббатын кездестіріп, отбасын құру.
«Мүмкіндігі шектеулі жандар туралы баяндайтын бұл фильм көрерменге ой салатын, өте күрделі туынды. Мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау, оларға қолжетімді орта құру, қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлу, қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне көңіл аударту – біздің басты мақсатымыз! Фильмнің режиссерлері Азиз Заиров пен Мұхамед Мамырбеков қиындықтардан қорықпай, осы маңызды тақырыпты қозғап, тамаша кинотуынды түсірді. Фильмнің түсіру тобын бүгінгі алғашқы көрсетіліммен құттықтаймын», – деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы салтанатты тұсаукесер рәсімінің ашылуында.
«Қыз бен теңіз» фильмі мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірін баяндайтын «Безграничные возможности» дилогиясының екінші бөлімі. «Быть или не быть» атты бірінші бөлім арқылы біз БЦП-мен ауыратын жас жігіттің өмірін көрсетуге тырыстық. Ал осы фильмде бойжеткеннің өмірін көрсетеміз. Фильм негізіне «Арди» оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шарипованың өмірі алынған. Картинада ол басты рөлді сомдайды. Динара өзінің өмірге деген көзқарасымен, өмірсүйгіштігі және мінезінің жұмсақтығымен ерекшеленеді. Өзінің ауруына қарамастан ол толыққанды өмір сүреді. «Тұран» колледжін тәмамдап, Мәскеудегі «Синергия» университетінде жоғарғы білім алған. Шығармашылыққа да өте жақын, аяғымен суреттер салып, дені сау адамдарға өз-өзіне сенуге көмектеседі. Динараның суреттері Жапония, Англия, Америка елдерінің жеке көрмелерінде ұсынылған. Фильмде біз оның шексіз ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге тырыстық», – деді фильмнің режиссері әрі продюсері Әзизжан Заиров.
Айта кетсек, фильмге түскендердің барлығы дерлік кәсіби актерлер емес, мүмкіндігі шектеулі адамдар (БЦП диагнозы бар). Басты рөлдерді «АРДИ» оңалту орталығының оқушылары сомдайды. Мысалы, «Быть или не быть» фильмінде басты рөлді сомдаған актер, БЦП-мен ауыратын Тахир Омаров ойнайды. Сондай-ақ, фильмге Эмир Байғазиннің «Төрт оқиға» фильмінде эпизодтық рөлді сомдаған Қанағат Тасқараев та түскен. Ал бас кейіпкердің әпкесі рөліне театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова шақырылған.
«Әлеуметтік фильмдерді түсіруден ұққаным, мүмкіндігі шектеулі жандарға кинематограф арқылы келген арт-терапияның әсері инклюзивті (барлығы қамтылған)болатынын түсіндім. Әлеуметтік бағытта түсірілген «Быть или не быть?» және «Қыз бен теңіз» жобаларынан кейін біздің «актерлеріміздің» қалай өзгеріп, өздеріне деген сенім пайда болғанын байқадым. Соның арқасында қоғам өміріне именбей араласуға дайын екендері көрініп тұр. Бұл картина арқылы біз көрермендерге тек мүгедек жастардың ғана емес, мүмкіндігі шектеулі барлық жандардың күнделікті проблемалары туралы ашып көрсетуге тырыстық. Қоғамда өз орнын тауып, тең мүшесі болу үшін осындай адамдардың өмірімен, тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін, көрермен оларға түсіністікпен қарап, тіпті өздерінің күшіне де сене алатынына сеніміміз мол», – деді фильмнің тең режиссері Мұхамед Мамырбеков.
Фильмнің соңында астаналық көрермендер қол соғып, ыстық қошемет көрсетті. Сондай-ақ фильмнің режиссерлері зағип жандар үшін арнайы тифлоаудармасы бар нұсқасын дайындауды жоспарлап отырғандарын айтады.
Естеріңізге сала кетсек, «Қыз бен теңіз» фильмі 2017 жылы көктемде өндіріске жіберілген болатын. Фильмнің негізгі түсірілімдері екі ай көлемінде Алматы қаласында, сондай-ақ Қапшағай жағалауында өткен.
Фильм туралы: Әсел есімді бойжеткен өзінің жазылмайтын ауруына қарамастан, отбасын құрып, ана атану үшін өмірдің бар қиыншылығына көнуге дайын. «Арман алға жетелейді» демекші, Әсел барлық қиындықтарға төтеп беріп, жақсылықтан үміт үзбейді.