1145
Болмысы бөлек – Бейнеу ауданы
Болмысы бөлек – Бейнеу ауданы
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бейнеу ауданына іссапармен барып, аудан әкімінің есебіне қатысты.
Аудан басшысы Бейнеубек Әбіловтың мәліметіне сәйкес, бүгінде аудан халқы 69 мың 500 адамға жеткен. Жаңадан 3 мың 270 жұмыс орны ашылып, оның 83,9 пайызы немесе 2 мың 743 тұрақты жұмыс орны болды. Өткен жылмен салыстырғанда 933 орынға көп. Жұмыспен қамту ұйымдары арқылы 2 мың 058 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 70 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліп, 228 жас жастар практикасымен уақытша жұмысқа қабылданып, одан 92 жас тұрақты жұмысқа орналасты. 582 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.
«Денсаулық саласы бойынша ауданда 32 мамандық бойынша 120 дәрігер мен 493 арнаулы орта білімді маман жұмыс жасайды. Орталық ауруханада гемодиализ қондырғысы арқылы 9 науқасқа емдеу шаралары жүрзіліп, өткен жылы 2 хронодиализ аппараты мен рентген аппараты, жедел жәрдем бөлімшесіне 1 санитарлық автокөлік алынған. Білім беру саласы бойынша 2018 жылы 5,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Ауданда 2 арнаулы оқу орнында 1 мың 189 студент және 24 білім беру ұйымында 17 мың 707 бала оқиды. 21 балабақшада 2 мың 441 сәби тәрбиеленіп отыр. 150 орындық екі жекеменшік балабақша ашылды. Биылғы жылы тағы да 125 орындық екі балабақша ашатын боламыз», – деді Әбілов.
Бейнеу гимназиясы мен Бейнеу лицейінде ІТ кабинеті және Ы.Алтынсарин орта мектебінде робототехника кабинеті іске қосылды. Мектеп бітірген 762 оқушының 493 немесе 64,7 пайызы ұлттық бірыңғай тест сынағын тапсырып, орташа балы 67,8 болды. 22 оқушы «Алтын белгі», 11 оқушы «Үздік аттестат» ие болып, 191 бала грантқа оқуға түскен.
Мәдениет пен спорт бойынша демеушілер қаржысына Бейнеу ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және жабық бассейннің құрылыс жұмыстары, Есет ауылында жаттығу залы мен Боранқұл ауылында екі спорт алаңының құрылысы іске асуда. Орталық стадионға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ашық мұз айдыны іске қосылды. Сарға ауылында ашық спорт алаңы пайдалануға берілді. Облыс бойынша Бейнеу ауданы «Спорт саласындағы үздік аудан» атанды.
Өндіріс және кәсіпкерлік саласы бойынша жыл басынан бері 466,7 мың тонна мұнай мен 1321,1 млн текше метр газ өндірілді.Астық терминалы Ауғанстанға 136 тонна, Өзбекстанға 1 мың 786 тонна ұн экспорттап, 11 мың 775 тонна ұн, 4 мың 384 тонна жем өндірді. Өткен жылмен салыстырғанда ұн өндірісі 85 тоннаға көп. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 мың 418-ге жетті. Аудандағы 10 мың 598 адам осы салада жұмыс жасайды. Олар 1,1 млрд салық төлеп, аудандық бюджеттің меншікті кірісінің 35,3 пайызын құрады.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша өткен жылы 51,7 млн теңгеге 6 жобаға кепілдендіру жүргізілді. «Нұр капитал» жобасы бойынша 362,0 млн теңгеге 29 жоба қолдау тапты. Одан 6 кәсіпкер 77,1 млн теңге несие алды. Микрокредиттік ұйымдар арқылы 98 тұрғын 392,1 млн теңгенің несиесін алды. Ауыл шараушылығының көлемі өткен жылы 3 мың 128,0 млн теңгеге жетті. Мал сою пункті 312 тонна ет өндірді. Жылыжай кешені 20 тонна өнім, «Ғибрат» шаруа қожалығы 30 тонна қауын, қарбыз шығарды. 800 адамнан астам еңбек ететін 242 шаруа қожалығы тіркелген.
Жиын соңында Ералы Тоғжанов аудан басшысына оң бағасын беріп, бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, Бейнеу ауданына қарасты бірнеше елді-мекенді аралап, тұрғындармен кездесті.