Заманына сай түлеген «Ромео мен Джульетта»

Заманына сай түлеген «Ромео мен Джульетта»

Заманына сай түлеген «Ромео мен Джульетта»
ашық дереккөзі
695
Ағылшынның ұлы драмаургы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» атты пьесасындағы махаббат трагедиясы ортағасырлық Италия жерінде өткен оқиға екендігіне қарамастан мәңгілік құндылықтарды әспеттеуімен әлдеқашан жалпыадамзаттық рухани мұраға айналғаны рас. Лиро-эпостық жырларымыз: «Ләйлі – Мәжнүн», «Жүсіп – Зылиқа», ұлттық драматургиямыздағы: «Еңлік – Кебек», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»,  «Ақан сері – Ақтоқты», т.б. туындыларда жырланған мөлдір махаббат, асыл сезім, жастық жалын «Ромео мен Джульеттаға» да тән. Сондықтан аталмыш Шекспир шығармасы қаншама ғасырлар өтсе де өз өзектілігін жоймай ұрпақтан ұрпаққа тарап келеді. Әлемдік театрларды былай қойғанда қазақ сахна өнерінде сандаған нұсқасы жарыққа шыққан «Ромео мен Джульетта» пьесасы көркемдік деңгейі сан алуан спектакльдерге арқау болып, айрықша режиссерлік қолтаңбалармен және жанрлық ерекшеліктерімен қойылып жүр. Жуықта Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры көрермен назарына «Ромео мен Джульетта» оқиғасын қуыршақтар ойыны арқылы көрсетті. Режиссері – Д.Жұмабай, суретшісі – Ю.Чернова. Театрға бас сұққаннан-ақ бойымызды бір таңғажайып сезім билей бастады. Театр фойесіндегі ерекше атмосфера – қуыршақтар көрмесі, әр түрлі қағаздан жасалған символикалық бейнелердің сұлбалары (періштелер, жүрекшелер, т.б.), қатар-қатар тізілген майшамдар, спектакльдің көз тартар жарнамасы, жайлы жиһаз, қабырғаға ілінген тілек жазбасы, т.б. уақ-түйек детальдар, барлығы-барлығы көрерменнің спектакльді қабылдауына айрықша көңіл-күй сыйлап тұрды. Бұл ретте, театр басшылығының заманауи нарық талаптарынан шеттеп қалмай менеджерлік, маркетингтік әдіс-тәсілдерді меңгергендігін, ұйымдастырушылық қабілеттерінің молдығын айрықша айта кеткеннің айыбы жоқ. Театрдың Кіші залында шымылдық жоқ, кірген кезде қойылым декорациясына көз үйрете бастадық. Алып бара жатқан сахналық безендіруді байқамаймыз. Қабырғалар аппақ қағазбен қапталған, ортада төртбақ, мығым үстел орналасқан. Сахнаның артқы екі қапталында артисттердің кіріп-шығуына қолайлы есіктің қызметін атқаратын қуыс қана бар. Авансценаның қақ ортасында төрт қатысушы отыр. Костюмдерінің жүннен тоқылған ауыр фактурасы, үлгісі, сұрғылт түсі ортағасырлық киімдерді еске салады. Беттеріне киген маскалары олардың кезбе актерлер екенін хабарлағандай. Сонымен пролог оқылды, қойылым басталды. Бір жарым сағатқа созылған туынды әп-сәтте-ақ көрерменнің көңілін баурап алды. Режиссер мен артистер ұсынған бұл театрлық дискурстың негізгі мақсаты – бүгінгі жастардың махаббат туралы түсінігін көрсету. Режиссер идеясы драматург ойын жалғастырғанымен бұл қойылым құрылымында махббатты түйсінудің жаңа көрінісі бар. Спектакль қалай сүюді, ненің жақсы, ненің жаман екенін үйретпейді, керісінше, нағыз шындықты, өмірде қалай, соны ғана баяндайды. Таңдау құқығы, әрине, көрерменнің құзыретінде. Енді спектакльдің «жасалу құпияларын» тарқата баяндасақ. Түннің бір уағы, желіккен жастар қызылды-жасылды бояумен аппақ қабырғаға жазу жаза бастайды. Бұл жазулар кәдімгі өзімізге үйреншікті қала үйлерінің қабырғаларындағы граффитилерді еске салады. Одан әр ұрпақ өмірде өз ізін өзінше қалдырады деген семантикалық ойды ұқтық. Саналары жеткенше көңіл көтерген қыз-жігіттердің өзара жиын барысы төбелеске ұласты. Бұл көріністі актерлер бейвербалды әрекетпен жеткізеді. Айқастың ең қызған шағында қала басшысы Эскал келіп, бассыздықты тоқтатуды талап етеді. Ал, Эскал қуыршақ бейнесінде көрсетіледі. Осылайша, спектакльде актерлердің жанды планда және қуыршақ бейнесінде қатар ойнауы сюжеттің қарқынды дамуына негіз болған.  width= Келесі сахналарда Ромео мен Джульеттаның отбасы мен қоршаған ортасынан ақпараттар аламыз. Айта кететін жайт, спектакльде Ромео мен Джульетта жанды планда, ал қалған кейіпкерлер қуыршақтар арқылы шешілген. Бір актер бірнеше рольді орындайды. Мәселен, Леди Капульетти, Розалина, Леди Монтеккиді – актриса Сақтағанова Арай; Лоренцо пірәдар, Тибальт, Синьор Монтекки, Бенволио, Синьор Капульеттиді – актер Құлназаров Шоқан, ал, Меркуцио, Эскал, Парис, Балтазар, Бенволионы – артист Камалов Мақсат бір-біріне еш ұқсатпай ойнайды. Актерлер қуыршақтарды кереметтей жүргізе білетін қабілеттерін көрсетті. Бұл спектакльдің негізгі жетістігі де сол, мұндағы қуыршақтардың жасалу механизмі қолдануға және басқаруға сондай қолайлы. Кейіпкер-қуыршақ психологиясының қандай бір сезімдерін дәл жеткізуге мол мүмкіндік береді. Атап айтқанда, артистердің өз қуыршақтарын жүргізуде ақсүйектерге тән ым-ишара мен қимылдарға, қарапайым қызметшіге сай іс-әрекеттерге баса көңіл аударуы, спектакльдің көркемдігін арттырған. Қуыршақшылардың шебер ойыны сахналық бейнелердің дараланып мүсінделуіне әкелген. Өзінен басқаны көзге ілмейтін – Парис, қызуқанды – Тибальт, қуақы – Бенволио, қызба мінез – Меркуцио, салмақты отағасы – Монтекки, өмірсүйгіш – күтуші (Джульеттаның сүт анасы), данагөй – пірәдар, т.б. бейнелері толыққанды, әрі нанымды шыққан. Қарап отырсаңыздар, бейнелерде тың шешімдер жоқ, дегенмен, қуыршақтар арқылы кейіпкерлердің осылайша көрінуі елімізде алғаш рет. Ал Ромео мен Джульеттаның ойын мәнері әдеттегідей, құштарлық сезім, ыстық жалын, үзік-үзік сөздер, көп қимыл, өздеріне ғана түсінікті жүрек қағысы, дем-тыныс, ажырамас құшақ. Қос ғашық бейнесінің бұлай шешілуі спектакльге романтикалық реңк бергенімен, екінші жағынан, қай кезде болмасын адамзат «жануарлық түйсіктен» ада кете алмайды деген ұғымда қатар бой көрсетеді. Спектакльді көре отырып, махаббат сезімінің екі ұдай күй кештіретінін сезесің. Қос ғашық үшін бұл сезім таза, әрі пәк болғанымен қоршаған орта үшін күнә, инициация нәтижесінде кейіпкерлер дүниенің былығына батып кетеді. Бұл ретте, некелесуден кейінгі Ромео мен Джульеттаның аппақ кіршіксіз киімдерінің қызылды-жасылды түске боялып, жер бауырлап, кір мен ласқа орануы осындай ойға жетелейді. Жаратылғанда пәк болған адам, қоршаған ортаның жазылмаған заңдары, қажетсіз шектеулері (бұл ретте, Монтекки мен Капульети әулеттері арасындағы мағынасыз жауластықты айтып отырмыз) кесірінен қарабайыр пендеге айналады деген режиссер идеясы оқылып тұр. Яғни, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ата-ананың, қоғамның ролі, стереотипті сананың қыспағы қат-қабат оқиғалар арасынан екінші план арқылы жетіп жатты. Жалпы, спектакльдің жанрын режиссер «трагедия емес» деп анықтаған. Осыған сай кейіпкерлерде «кейіпкержандылыққа» берілмей, «оқшаулану» әдісін қолданады. Оқушалудың басты құралы мұнда – микрофон. Дегенмен, кей сәттерде, әсіресе, Джульетта (актриса С.Төлебай) роль шеңберінен шығып, жылап сықтауға орын беріп алады. Бұл жерде режиссер ұсынған оқшаулану жұмыс істемей жатты. Алайда, қуыршақ кейіпкерлер фонындағы жанды адамдардың шынайы сезімі келесі бір семантикалық ойға жетеледі. Шынайы сезімді бастан кешпеген адам қуыршаққа айналады деген сөз астары сезіледі. Қуыршақ кейіпкерлердің ойын мәнері мен жанды пландағы ғашықтардың ойын мәнері бір-бірімен қарама-қайшы жұмыс істеп, олардың айшықтала түсуіне әсер еткен. Сондай-ақ, қойылым финалында Ромео мен Джульеттаның натуралды фотоларының бейнепроекция арқылы көрсетілуі өткен өмір мен бүгінгі күн арасындағы байланыстың үзілмегенін жеткізеді. Қойылымның күрделі режиссерлік құрылымы көзге бажырайып көрінбей, ішкі ағыс, екінші план арқылы жетіп жатқандығы Дина Жұмабайдың қойылымға ізденіспен келгенін дәлелдейді. Режиссер түсінігіндегі махаббат, өмір көріністері, тіршілік шындығы осындай. Махаббат оқиғасына деген Динаның ирониялық, скептикалық қарым-қатынасы анық сезіледі. Режиссер идеясын дамыта алған актерлердің психо-физикалық дайындығын жеке дара атап өткен дұрыс. Режиссердің қос ғашықтың ішкі толғаныстарын үнемі параллельді түрде шешуі, кейіпкерлердің жан-дүниесіндегі құбылмалы өзгерістерді түсінуге мол мүмкіндік беріп қана қоймай, қойылымның динамикасын түсірмеуге ат салысады. Қойылымдағы музыкалық сүйемелдеу (әншілер Billie Eilish, Inessa Galante) жастарға аса түсінікті, спектакльдің айтар ойын толықтырып тұр. Мұнда музыкалық қатар оқшаулануға емес, жинақтаушы ролін атқарып, қойылым мазмұны мен формасының тұтастығына қызмет етеді. Бал көрінісіндегі, Меркуционың, артынша Тибальттың өлім құшатын сахналары күрделі пластикалық іс-әрекетпен көмкерілген. Бұл жай ғана әдемі қимылдар емес, би қозғалыстары ғана емес, бейвербалды этюдтер. Қойылымды қабылдауда көп функцияналды мәнге ие болған осындай сөзсіз оқиғалар пьесадағы нарративті қысқартып, көріністің қарқынына дем қосады. Дегенмен, әлі де қысқартуға болатын тұстар бар. Кемшіліксіз дүние болмайтынындай, спектакльдің әлі де жетілдіретін тұстары жоқ емес. Алайда, бұл пікірлер қойылымның көркемдігін кемітпейді. Қорыта айтқанда, заманына сай сөйлеген қуыршақ театрындағы «Ромео мен Джульетта» трагедиялық емес оқиғасы өскелең жастарға бағытталған көркем туынды деп толықтай айтуға болады. Ең бастысы, спектакль жастарға өздерінің өміріне сырттарынан көз тастап, таңдау жасауға мүмкіндік сыйлаған.   Театр сыншысы М.Жақсылықова               

Серіктес жаңалықтары