Ұрпаққа аманатталған мұра

Ұрпаққа аманатталған мұра

Ұрпаққа аманатталған мұра
ашық дереккөзі
396
«Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі істерді жалғастыра отырып,  «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалін өткізуді қолға алды. Бұл фестиваль партияның 20 жылдығы аясында өтуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақ мәдениетінің шекарасы жоқ екенін, керісінше шығармашылық халықтарды біріктіретінін айтқан еді. Музыка кешегі мен бүгінгіні, болашақты байланыстыра алады. Ал қазақтың ұлттық музыкасын насихаттау арқылы ұлы дала мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндік туады. «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек», – деп жазған болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Семей шаһарынан бастау алған «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі кеше Павлодар қаласында жалғасын тапты. Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында өткен фестивальге «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ф.Қуанғанов қатысты. Партия мән-мағынасы терең, өскелең ұрпаққа рухани-тәрбиелік маңызы жоғары, қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын дәстүрлі музыка өнерін (жыр, терме, ән, күй) бірінші кезекте еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен насихаттағанды жөн санап отыр. Фестивальге ең танымал өнер майталмандары қатысты. Атап айтқанда, жыр-терме жанры бойынша Алмас Алматов, Жәкен Омаров, дәстүрлі ән өнері бойынша Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, Гүлмира Сарина, күйшілер Батыржан Мықтыбаев, Арман Жүдебаев сынды ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаздар фестивальдің шырайын келтірді. Ұмыт болып бара жатқан көне музыкалық шығармалар орындалып, қалың көрерменді думанға бөледі. Павлодардағы фестивальде де қазақтың ұлттық өнерін тамашалап, ән-күйімен сусындауға ниетті көрермендердің қарасы қалың болды. Ж.Аймауытов атындағы театрда ине шаншыр орынның болмауы Кереку жұртының ұлттық өнерге шөліркеп жүргенін айғақтағандай болды. Ал «Нұр Отан» партиясының тікелей бастамасымен өткен «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі қазақтың ән-күйіне құмар көрерменнің көңіліне қуаныш сыйлады. Дәстүрлі халық әуендері мен ұмыт болған ән-күйдің фестивалін тамашалаған павлодарлық көрермендер ұзақ уақыт бойы өнерпаздарға тік тұрып қошемет көрсетті. Бұл – қазақтың ұлттық өнеріне көрсетілген құрмет. «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған дәстүрлі өнер мерекесі енді Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылады. Айта кетейік, партияның бұл жобасы еліміздің 15 шаһарында өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары