Халық сенімі маңызды

Халық сенімі маңызды

Халық сенімі маңызды
ашық дереккөзі
779
Қазір еліміздің барлық өңірлерінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдарының кезектен тыс конференциялары өтуде. Конференцияларда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» туралы, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыру барысы, партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелері талқыланды. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХХIХ конференциясында да дәл осы мәселелер күн тәртібіне қойылды. Жиынды ашқан Маңғыстау облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжанов ең алдымен Елбасы Жолдауының аймақтағы іске асуына жан-жақты тоқталды. Конференция барысында жетекші партияның құрылған кезден бастап қоғамдағы көшбасшылық тізгінін нық ұстап келе жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу, «Мәңгілік ел» болу сынды маңызды бағыттарды жүзеге асыруға жұртшылықты жұмылдыруды партия міндетіне алғанын айтты. Бұл конференцияға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, депутаттық фракция мүшелері, жергілікті атқарушы орган басшылары, бастауыш партия ұйымының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері қатысты. Қостанайда өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының конференциясында 20 жылда атқарылған жұмыстар жіпке тізіліп, алдағы онжылдықта атқарылуы тиіс шаралар сөз болды. «Нұр Отан» партиясы алдағы 10 жылға жаңа міндеттерді белгіледі. Оларды жүзеге асыру үшін күш біріктіру керек. Межелеген мақсаттарды орындауда бастауыш партияның орны ерек. Қостанайда өткен облыстық конференция қарсаңындағы мәжілісте «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының бірінші төрағасы Манарбек Сұлтанғазин осылай деді. Оның айтуынша, алдағы онжылдықта партияның жұмысы одан әрі жанданып,  ел әлеуетінің артуына өз септігін тигізетін жетекші саяси күшке айналуы тиіс. Ол үшін партияның негізі саналатын бастауыш партия  ұйымдары қызметін жаңғырту көзделуде. «Таяу онжылдық біздің партия үшін Отан игілігіне бұдан да белсенді жұмыс істеу кезеңі болмақ.  Біз халық сенімін бағалаймыз және халықтың үмітіне сай болу үшін барымызды салып жұмыс істейтін боламыз»,  – деді Манарбек Сұлтанғазин. Сондай-ақ Манарбек Сұлтанғазин бастауыш партия ұйымдарының жұмысын  жандандыру бағытында қолға алынған нақты жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті. Белсенді партия мүшелері мен  бастауыш партия  ұйымдарының басшылары да көтерілген мәселеге қатысты өзекті пікірлері мен ұтымды ойларын жеткізді. Конференция барысында «Нұр  Отан» партиясының 2030 жылдарға арналған Бағдарламасы да  айтылып, жобаның негізгі  басымдықтары түсіндірілді.  Бұл құжат партияның таяу жылдардағы мақсаттарын белгілейді. Кезектен тыс жиында алдағы облыстық конференцияға қатысатын делегаттардың есімдері де белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары